Ұлттық спорт • 20 Наурыз, 2025

Ұлттық спортты дамыту – елдік іс

48 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгін – Ұлттық спорт күні. Мем­­лекет басшысының қолдауымен «Наурыз­нама» тұжырымдамасы бекітіліп, ұлық мейрам 10 күн бойы танымдық-тағылымдық іс-шара аясында өтеді. Жылдан-жылға бұл мереке жалпыхалықтық парасатпен астасып келеді. 20 наурызды Ұлттық спорт күні деп бекітудің де мәні зор. Ұлттық ойындардың қарқынды дамуына ұлық мерекеде ұйымдастырылатын түрлі сайыстар зор серпін береді. Күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулының түлеп, жаңаруымен тұспа-тұс келетін ұлттық спорт мерекесі ел ішін дүбірге бөлейді. Атаулы мереке қарсаңында Ұлттық спорт қауымдастығының прези­денті лауазымына жақында тағайындалған Еркебұлан ІЛИЯСОВПЕН сұхбаттасудың орайы келген еді.

Ұлттық спортты дамыту – елдік іс

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

– Лауазымды қызметке келгеніңізге бір айдан астам уақыт өтті. Келешекте атқарылуға тиіс жұмыстардың жалпы жоспары түзілді ме?

– Биылғы 1 ақпаннан бастап құрамына 10 федерация қарайтын Ұлттық спорт қауымдастығының президенті лауазымын атқару маған жүктелді. Рас, орасан зор жауапкершілік, аманат арқалаға­ны­мызды сезініп отырмын. Біз алдымен қауымдастықтың алдағы жылдарда атқа­ратын жұмыстарының нақты жоспарын түзіп, яғни тұжырымдамасын жазып, Туризм және спорт министрлігіне ұсынбақпыз.

Осы тұжырым арқылы қауым­­дас­­тық­тың бағдарламасы бекітіледі. Кон­цеп­­цияны жазу барысында өңірлерді ара­лап ұлттық спорттың қазанында қай­нап келе жатқан бапкерлер, спортшылар, ма­мандармен тілдесіп, олардың да ұсыныс-пі­кірі ескерілді. Әр фе­дерацияның басшы­лығымен кеңесе отырып, көп істің түйінін тар­­қатып, маңыздысы тұжырымға енгі­зілді. Осылайша, алдағы бес жыл ішінде атқарылатын жұмыс кон­цеп­цияда айқындалып, жазылды.

ыв

– Қауымдастыққа қарай­тын феде­рациялардың стра­те­гия­лық жос­пар­лары түзілді ме?

– Ұлттық спорт қауым­дастығына бұ­ған дейін 10 федерация қараса, былтыр құ­­рылған арқан тартыс федерациясы да құрамы­на енді. Бұдан бөлек, қазақ күресін де қауым­дастық қанатына алу мәселесі көте­ріліп отыр. Былтыр жаппай көкпар өз алды­на федерация болып отау тікті. Осы ұйым да қауымдастықтың қамқорлығын көруге тиіс.

Бабадан қалған төл мұрамызды зерттеп, зерделеп кітаптар жазып, ғылыми айна­лымға енгізу ісі күн тәртібінде тұр. Ұлт­тық ойындардың ішінде бәйге, көкпар, қазақ күресі кең етек жайып, өркен­де­генімен, теңге ілу, жамбы ату сынды жауынгерлік өнерді шыңдаған ұлттық спортымыз кенжелеп қалғаны анық. Ұлттық спорт түрлерінің тарихын, өркен­деу кезеңін толыққанды зерттеп жазған ғалымдардың, зерттеушілердің еңбек­тері мектеп, колледж, жоғары оқу орын­да­рының кітапханаларына таратылады.

Былтыр Дүниежүзілік көшпе­лілер ойын­дарында ат спорты сайыстарын өткізу мақсатында күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи үлгіде жабдықталған «Қазанат» ипподромының жанына жылқы музейін ашуды жоспарлап отырмыз. Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай қонысы –  жылқы түлігін алғаш қолға үйреткен мекен. Мұндай жылқы жануарына қатысты тарихи орындар, құнды жәдігерлер еліміздің әр өңірінде бар. Бірақ соның бәрін көзбен көріп, тамашалауға көпшіліктің қолы жете бермейді. Сондықтан «Қазанат» ипподромының іргесінен жылқы музейі ашылар болса, оның ішіне осы құнды мәдени мұрамыздан хабардар ететін жәдігерлер қойылуы керек. Одан бөлек, 3D үлгісінде роликтер көрсететін, тарихи мәліметтермен бөлісетін кинотеатр ашылып, келген туристерге танымдық ақпарат ұсынылады. Одан кейін этнодүкен ашылып, қонақтардың қажетін өтейтін кәдесыйлар сатылады. Мұның барлығы да ең алдымен туризмді дамытуға зор септігін тигізеді. Қала берді, ипподромда туристерге арналған мініс аттары бағылады. Келген әрбір турист жылқы түлігімен жаны егіз жергілікті халықтың көшпелі тұр­мысынан құлағдар болады. Мектеп оқу­шылары, студенттер жиі-жиі сапарлап келіп музейдің тыныс-тіршілігімен танысу арқылы да ұлттық спорт түрлерінің бұқаралық сипат алуына әсер етеді. Бизнес өкілдері де ұлттық спорт түрлерін дамытуға қызығушылық танытып, осы игі бастаманың баянды болуына үлес қосады деп сенім артамыз.

– Бірер күн бұрын жамбы атудан әлем кубогінің кезеңі Пәкістанда өтті. Басқа ұлттық спорт түрлерін өзге елдерде дамыту ісі қалай өрбімек?

– Қауымдастыққа қарайтын ұлт­тық спорт түрлерінің барлығын да халық­аралық деңгейде насихаттап, өрісін кеңейту әзір мүмкін емес. Оған біздің қаржылық әлеуетіміз жетпейді. Себебі қараңыз, сіз көкпарды Еуропа елдерінде де дамы­т­қыңыз келеді, оған аттарды қайдан жинап, қамтамасыз етесіз? Командалық көкпар ойынын үйрету үшін қайсыбір елге жаттықтырушылар, нұсқаушы маман, тіпті ойыншыға дейін апарып, жергілікті тұрғындарды баулу қыруар қаражатты, қуатты ұжымды қажет етеді. Сондай-ақ әлемнің көптеген елінде жануарларды қорғайтын қоғамдық ұйымдар бар. Олар­дың басты талабы – жан-жануар­ларды қорғау болғандықтан, атты сабалап көкпар тартуды құптамайтыны белгілі.

Бір мысал айтайын, мен бұған дейін екі жыл Жамбы ату федерациясының прези­денті лауазымын атқардым. Шетелде турнир ұйымдастырып, соған барғанда әлгі ұйымның ең басты талабы атты қамшылауға болмайды деді. Айылды да қатты тартып мінуге рұқсат жоқ. Тек тебініп қана жылдам­дықты арттырасың. Мұндай көлденең кедергі тұрғанда ұлттық ойын түрлерін, оның ішінде ат спортын әлемдік аренада өрістету жеңіл соқпайды. Сол себепті де ұлттық спорт түрлерін екі бағытта дамыту керек: халықаралық аренада һәм ел ішінде. Асық атуды әлемдік аренада дамытуға болады. Өйткені асықты бүгінде пластиктен құйып шығарып отырған шағын цехтар бар. Сүйекпен ойнауға мүмкіндік болмаса, осы баламасымен де ұлттық ойынды өркендетуге болады. Арқан тартыстың да өрісі ұлғая түсті. Бүгінде 60-қа жуық елде арқан тарту спорт ретінде қарқын алып келеді. Дәстүрлі садақ ату спортын да дамытуға мүмкіндік мол. Тоғызқұмалақ зияткерлік ойынын, қазақ күресін, жамбы ату спортын да халықаралық дәрежеде насихаттауға әлеуетіміз жетеді. Осы спорт түрлерін әлемдік аренада насихаттап, дамытуға қомақты қаражат керек. Жамбы атудан бір ғана халықаралық турнирге қатысу үшін командадағы спортшылардың тек барып-келу билетінің өзіне 5 миллионға жуық қаражат шығындайсың. Жылына 4-5 жарысқа қатысты дегенде бір ғана федерацияның спортшыларын шетелге апаруға қаншама қаржы қажет болады.

л

Ұлттық спорт түрлерін ел ішінде өрістету ісінде де әлеуметтік сауалнама жүргізіп, әр аймақтағы тұрғындардың пікірін ескерген жөн. Содан кейін жер жағдайына, климаттық ахуалына қарай да ойын түрлерін дамыту жүйеленуге тиіс. Мәселен, алты ай қардың астында қысты өткеретін өңірлерде көкпарды дамыта аламыз ба? Одан да неге теріскейде, шығыс сынды қары қалың түсетін өңірлерде асық атуды, арқан тартысты көбірек насихат­тап, бір ізге түсіріп, көкпарды жыл он екі ай тартуға ыңғайлы оңтүстік облыс­тарда дамытпаймыз? Барлық облыста бір­дей өрістету керек деген жалаң ұранды доғару қажет. Мұны Мемлекет басшысы Бура­байда өткен Ұлттық құрылтайда да айтты. Біз соған баса назар аударуымыз керек.

– Ұлттық спорт түрлері кең қанат жаюы үшін қайтпек керек?

– Былтырғы Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарының даңқы ұлттық спортымыз халықтың санасында қайта оянып жаң­ғыруына зор серпін берді. Баласының төл спортымызбен шұғылданғанын қалайтын ата-аналардың да қатары қалыңдап келеді. Сөз басында айттым, дүбірлі доданы өткі­зетін спорттық инфрақұрылым барынша жаңарды. Енді осы игілікті халық көруге тиіс. Биыл қоңыр күзге қарай Астанада «Ұлы дала ойындары» атты этноспорт са­йысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл, ең алдымен, ел ішінде ұлттық спортымыздың қаншалықты қарқын алып, қай бағытта дамып жатқанын айқындайтын сынақ сайысы. Екіншіден, келесі жылы Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысатын спортшы­ларымыздың әзірлігіне безбен болмақ. Кем тұсымызды бүтіндеп алуға берілетін мүмкіндік.

Ұлттық ойын түрлері өрісін кеңейтуге спортшыларды ынталандырудың да ти­гізер әсері мол. Бізде жазғы, қысқы Олим­пиа­да, Паралимпиада, Сурдлим­пиада ойындарында медаль олжалаған саңлақ­тарға мемлекет тарапынан қомақты сыйақы беріледі. Бұл – орасан қолдау, демеу. Сол секілді ұлттық спорт түрлерінен әлем чем­пионаты сынды халықаралық сайыстарда жүлде алған спортшыларды қанаттандырып сыйақы берілсе деген мәселені де көтердік. Көрпемізге қарай көсіліп, сомасы тым қомақты болмаса да, белгілі бір мөлшерде қаражат берілгені дұрыс. Әрі жастардың да ұлттық ойын түрлерімен шұғылдануына қызығушылығын оятады. Бұдан мемлекетке масылдық психологиясы оянбауы керек. Әр федерация президенті өзі басқаратын ұлттық спорт түрін әлемдік деңгейде дамытуға қаржы көзін табуға тиіс. Алдағы уақытта олардың атқарған жұмысы KPI арқылы сараланады. Тіпті Ұлттық спорт қауымдастығының президенті шаруаны қаншалықты үйлестіре алғаны да осы өлшеммен айқындалады.

Жалпы ұлттық спорт түрлері­мен шұғыл­данатын саңлақтардың еңбегі қашанда бағалануы керек. Былтыр Дүние­­­­жүзілік көшпелілер ойындарында жамбы атудан құрама мүшелері зор табысқа жетті. Еңбекті бағалап, федерация президенті ретінде бас бапкерге автокөлік, спортшыға Астана қаласынан пәтер тарту еттік. Құсбегілік федерациясы да кәсіпкерді ұйымдастырып, қыран баптаушы азаматтарға автокөлік мінгізді. Мұ­ның барлығы да ұлттық спортты өркендету бағытында жасалған қадам. Басқа да ұлт­тық спорт түрлерімен шұғылданатын азаматтардың қомақты табысын осылай қолдап, қуаттасақ олар қанаттанады. Жас­тардың да қызығу­шылығы арта түседі.

Қауымдастыққа қарасты федера­ция­лардың жұмысын жандандыруға бір жылға қомақты қаржы қажет. Мұны шешуде демеушілерді ұйыстырып, кәсіп­керлерді жұмылдыруды күшейткен абзал. Тек қазынаның қаржысына телмір­мей, қосымша қаражат тартуға күш салуды қолға аламыз.

– Сіз екі жыл бұрын Жамбы ату, был­тыр Арқан тарту федерациясына кәсіп­­­тен келіп, басшылық еттіңіз. Әсі­ресе жам­­бы атуды өркендетуге қомақ­­ты қар­­­­жы құйғаныңызды білеміз. Кә­сіп­­­­керлерді қалай қызықтыра аламыз?

– Бойыңда ең алдымен еліңе, ұлтыңа деген құрмет болса, ұлттық спортыңды өркендетуге үлес қосасың. Рас, кез келген кәсіпкер ұлттық спорт түрлерін дамытуға қаржысын құярда ойланатыны анық. Десе де олардың кәсібі өрге домалауына, пайызы төмен несие алу секілді жеңілдіктердің шарапатын көруіне мемлекет те қолдау танытқаны абзал.

– Былтыр өзіңіздің бастама­ңызбен «Ұлт­тық спорт қоры» құрылды. Қор­дың бағыт-бағдары қандай, келешегі баянды бола ма?

– Негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлері туралы зерттеу еңбектердің жазылып, жарыққа шығуына септесу. Кәсіпкерлердің берген қаражаты осындай игіліктерге де жұмсалады. Атамұра құндылықтарымыз бұқаралық сипат алсын десек, ағарту жұмыс­тарына да баса мән беру керек. Қордың қаржысы қомақты болса, алыс-жақын ел­дер­ге зерттеушілерді жіберіп, ұлттық мәде­ние­тімізге қатысты құнды деректерді жи­нақ­­тауға үлес қосар едік. Ел ішінде өтетін спорт­тық сайыстарға да демеушілік таны­туға мүм­кіндік туады. Ұлттық спорт түрлерін стра­тегиялық дамытуды цифрландыруға өріс ашылады. Медиа маркетингті күшейтіп, төл ойын түр­лері кең таралуына ақпараттық қол­дау көр­сетіледі. Демек бұл қордың бола­шағы баян­ды болатыны анық. Қорыта айт­қанда, алды­мызда зор мақсат, ауқымды ша­руа тұр. Қашанда ұлттық спортты дамыту ел­дік­­тің белгісі екенін естен шығармаған абзал.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»