Тұлға • 27 Наурыз, 2025

Ел ағасы Әнекең

81 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біз Ақмолаға көшіп келген жылы ол 44 жастағы жігіт ағасы еді. Байыпты әрі намысты. Ұлт туралы жиған білік-білімін әрқашан толықтырғысы келіп тұрады. Өсіп-өнген жері – қазіргі Астанадан 125 шақырым жердегі Жолымбет кеніші. Бұл азамат талай жыл Целиноград аталған қаланың жас қоғам қайраткері деңгейінде-тін. Сол 90-жылдары анасын, бауырларын көріп таныстық. Шешесі кең пішілген, дәстүрге жетік, әулетті үйіріп отырған жан екен. Іні-қарындастары бәрі жақсылыққа бой түзеген еңбек адамы болып шықты. Ата-ананың тәлімінен шығар. Жары Ләтипа бастауыш сыныпта сабақ беретін. Дәрігерлер неше түрлі ауыр диагноз қойса да, Жаратқан заңын таңдап, еріне перзент сүйгізген ерлігі де бар-ды. Құлыны әу баста ресми «Эльмира» болып, ұлт сана-сезімі жанданған жылдары бұл есімді Елмейір деп өзгерткені де есімізде.

Ел ағасы Әнекең

Сонымен, бұл қоғам қай­раткеріміз – Әнуарбек Ералы. Ұмытылмайтын есім-сой. Ә дегенде азатшыл Түркістанға болысамын деп, большевиктер қолынан шәйіт кеткен түрік қаһарманы Әнуар-бей пашаны, «Абай жолы» рома­нындағы Ералының жазығын еске түсіреді. Оның азамат болып қалып­тасу соқпағы да ерекше. Осы Есіл бо­йындағы қалада 35 мың жұмысшысы бар «Целинсельмаш» атты кәсіпорын жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы машиналарын құрастырады. Қаланы құрушы өндіріс. Токарь, станок жөндеуші, ауысым бастығы, учаске басшысы – жұмысшы Әнекеңнің бел-белестері. Айтқандай, зауытқа дейін бұл кісі Ерейменнің Шиелі ауылында қой да баққан, құрылысшы да болған. Екі жыл кеңес әскері мектебінен өткен. Арасында Целиноград машинажасау техникумын тәмамдаған. Құдайдың құдіретін көрмеймісіз, елдік дәстүр мен намыс 80-жылдары Әнуарбек Ералыны зауытта да, қала ішіндегі қоғамдық ша­раларда да мінберге көтерді. Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болды. Әрине, бәрі Ақмола деңгейінде. Осы жағдай оны «Целинсельмаш»-тың «Машинажасаушы» («Машино­строитель») газеті редакторның орынбасары қызметіне алып келді. Өндіріс газетінің қазақ тіліндегі беттері көбейе түсті. Темірден түйін түйген азамат бірте-бірте қаламды да игерді. Ең бас­тысы, өлкетануға бет бұрды. 1989 жылы бұрынғы Целиноградта алғаш рет «Тіл және мәдениет» қоғамы құрылып, соның саясында 1990 жылы 16 мамыр­да әйгілі «Қараөткел» газеті шы­ға­рыл­ғанда, Әнекең Алдан Смайыл, Жұ­матай Сабыржанұлы сынды қаламгер-қайраткерлердің жанынан табыл­ды. Сол ұйымның 1992 жылы төраға орынбасары, 1996 жылдан төрағасы болды. Осы қызметте жүріп өңір­лік пединституттың (кейін Еуразия университеті) жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті ма­мандығын бітіріп алды.

Біз ана тілі қайраткері Әнуарбек Ералының тарихи Ақмола мен жаңа Астанадағы еңбегін төрт бағытқа бөлеміз:

1) 80-жылдардың соңынан күн-түн демей Целиноградтың Ақмолаға айналуы жолындағы жұмысы. Бұған зауыттың және «Қазақ тілі» қоғамының газетіне атсалысуы, «Тіл және мәдениет» қоғамы қызметін салаландыруы кіреді.

2) Ақмолада (кейін Астана) қазақ тіліндегі мектеп пен балабақша ашу бағытында тұрғындарға яки қоғамға түсіндіру жұмыстарын жүргізуі. Бір кезде бұл қалада жалғыз №4 қазақ мектебі, №29 қазақ балабақшасы («Аққайың») болса, қазір мемлекеттік тілдегі мектеп саны 40-тан, балабақша саны 100-ден асты. Осы кешенді істің бастамасында «Тіл және мәдениет» қоғамының маңдай тері бар.

3) Өлкетану және Ақмоланың өткенін танымал ету жұмысы. Ол Халық ассамблея­сы мүшесі ретінде ұзақ жыл түрлі этносқа ел тарихын, салт-дәстүрін насихаттап келеді. Қасындағы пікірлес зиялылармен, ақсақалдармен бірге қала ортасындағы ескі Қараөткел қорымын қорғауға, сақтауға күш біріктіруі – өз алдына бір әңгіме.

4) Елордадағы аға буын және ақса­қалдар бірлігін үйлестіруі. Ол осы өңірде бұрыннан тұратын және қалаға көшіп келген (балаларына, немерелеріне) зейнеттегі азаматтарды ықпалдастырып, бірлігін арттырып, әу баста Ақорда ақсақалдары кеңесін, қазір Елорда ақсақалдары кеңесін құруға, жұмысын жүргізуге себепші болды.

Ел, елорда, қоғам алдындағы қызме­тінің еленгені бар, еленбегені бар.  Әнуарбек Ералының кеудесіндегі «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет қайраткері», «Тіл жанашыры» төсбелгісі, басқа да мерейтойлық мемлекеттік марапаттар жемісті жұмысының нәтижесін көрсеткендей.

Біз Әнекеңнің Құдай дарытып, ұлт алқалаған тағы бір шеберлігін айта кеткенді жөн санаймыз. Ол – өз қолымен жинақ әзірлеп, түптеп-мұқабалап, елдік жиын-басқосудың көбін фото-дерекпен хаттап жүретіндігі. Тіл қайраткері үш бөлмелі пәтерінің бір бөлмесін отбасылық полиграфияға айналдырған. Сірә, бұл «Машинажасаушы» газетінен қалған машығы болса керек. Тілге, мәдениетке, дәстүрге, тарихқа, дінге, т.б. ұлттық өзекті мәселеге қатысты газет-журнал материалдары қиындыларын дестелеп, баяғы «самиздат»-ша бұр­қыратып жатады. Соны 10-15 дана етіп шығарып, өзі қажетті деп тапқан білім, мәдениет, әлеумет мекемелеріне сыйлайды. Осы ретте ағартушылық ынта-жігері ХІХ ғасырдағы Еуропа, ХХ ғасыр басындағы Ресей зиялыларын еске түсіреді.

Басында жазда – қазақы қалпақ, қыста – түлкі тымақ, иығында – байырғы арқақоржын пішініндегі рюкзак Әнекең бастыны идіріп, тізеліні бүктіріп, «самиздат» жинағын немесе қазақ газет-журналдарын, кітаптарын таратып, насихаттап жүреді. Ешкімінің намысына тимейді, біреудің ала жібін аттамайды.

Бұдан біраз бұрын ол 5 жылдай Астана қарттар үйінде қызмет істеді. Сірә, ресми қызметі – «көркемдеуші», шын қызметі – қарияларды өмірге жігерлендіру. Былайша айтқанда, тағдыр аямаған шал-кемпірдің тәлімгері. Бірде осы жұмысынан шаршап келе жатып Әнекең: «Басында бірер жыл істеймін де қоямын деп ойлағанмын. Аға-апалардың жағдайын білген соң, бес жыл аялдадым. Сонда ұққаным, қарттар үйін сынап-мінемей, мына қайырымсыз қоғамының бір институты ретінде дамыту, сапаландыру керек екен. Анау АҚШ, Еуропа «Қарттар қалашығы» дегенді жетіскеннен ойлап тапқан жоқ. Бүгінгі тірлігің, дүниетанымың – Еуропа, сондықтан аға буынды аялағанда өтірік «ұят болады!» деп бетті шымшымай, өркениетті амал-тәсілін де алуымыз қажет. Қазір аузын айға білеген кез келген азамат қарт күнінде не болатыны бір Аллаға ғана аян...» деген еді.

Сол Әнуарбек Қайкенұлы таяуда Жаратқан иенің қалауымен өзі әз тұтатын Мәшекеңнің – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жасына шыққалы тұр. Әнекең бүй дейді: «Мәшекеңнен қалған бір сөз бар. Ол бүгінгі ахуалымызға қойылған диагноз сияқты. «Кедейлік үш ағайынды болады: үлкені – кежірлік, ортаншысы – еріншектік, кенжесі – ұйқы». Қазір ауыл­да да, қалада да осы психология дендеп барады. Мүмкіндік бар ма – еңбек ет. Кешегідей тосын табиғи жұтқа ұрынудың алдын алып, бір ауылдың кемі 30–40 жігіті 4-5 жылқысын шағын техникаға қиып, тері, жүн өңдейтін ортақ шағын техника сатып алуына болмас па? Ол кейін үлкен өндіріске айналады. «Егеменнің» осы жылы 5 ақпандағы санында қарағандылық Гүпахат Құттыбай қарындасымыздың тері өңдеу цехын ашқанын оқып, риза болдық. Енді осындай цехты еліміздің бар ауданынан ашуға не кедергі? Тіл мәселесінде де іскерлік пен кәсібилік керек. Мемлекет жарқыратып жаңа, жайлы мектеп тұрғызғып беріп жатыр. Міндетіміз – мұғалім, ата-ана, қоғам болып соның мазмұнын сапаландыру. Мектеп ауласына оқушылар – гүл, жылыжайына қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, пияз ексін. Еңбекпен жетілген бала өскенде ұстазына, әке-шешесіне тек рахмет айтады...».

Қайраткер Әнуарбек Ералының атқарар ісі де, айтар ақыл-кеңесі де көп. Ол елге қадірлі Мәшекең жасында еңбектен шет қалмаған. Бір қауым жұрт сайлаған елорда ақсақалдар ке­ңесінің төрағасы. Жоспар-жобасы біршама. Ақсақалдар басшысына, аға буын бірлестік мүшелеріне құдай қуат берсін.

 

Айтуған ДОСБИ