Медицина • 29 Наурыз, 2025

МӘМС аясындағы алғашқы операция

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында алғаш рет міндетті әлеуметтік медици­на­лық сақтандыру шеңберінде тізе, жамбас буынын эндопротездеу операциясы жасалды. Бұл – зақымданған буынды жасандысына айырбастайтын өте күрделі операция. Эндопротездерді пай­далану мерзімі – 20 жыл. Жоғары технологиялық меди­ци­на­лық көмек буыны қатты зақымданған емделушілерге көр­се­тіледі.

МӘМС аясындағы алғашқы операция

Күні бүгінге дейін Ұлытау облысындағы науқастар күрделі операция жасатуға Қарағанды, Астана қалаларына сабылатын. Облыс қайта ашылғаннан бері дәрігерлер жергілікті халықты өздері емдеуге әрекет етіп жатыр. Бұрын-соңды мұндай операция еліміздің ірі қалаларында жаса­латын, науқастар кезегін ұзақ күтетін. Енді эндопротездеу ұлы­тау­лықтарға алысқа бармай-ақ, Жезқазған қаласындағы әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорына қарасты «Жезқазған меди­циналық орталығы» ЖШС базасында қолжетімді.

Бұрын мұндай операция коммерциялық негізде жасалатын. Жезқазған медициналық орта­лығының травматология бөлім­шесінің травматолог-орто­педі Ерғанат Шахатов МӘМС шең­берінде жасалған алғашқы операцияның қалай өткені туралы: «Бізге операция жасауда тәжірибесін бөлісуге елордадағы «Alanda» клиникасынан жоғары дәрежелі травматолог-ортопед, Астана медицина университетінің ғалымы Біржан Қайырбекұлы арнайы келді. Сонымен қатар операцияға екінші дәрежелі травматолог-ортопед Жасұлан Шалабаев қатысты. Екі күннің ішінде 3 жамбас, 3 тізе буынын ауыстырдық. Дәлірек айтқанда, алты адамға операция жасалды. Күрделі операцияны өзіміз бірден жасап кетеміз деп айта алмаймын. Әзірге тәжірибесі мол тәлімгердің көмегі қажет. Алдағы уақытта білімімізді тереңдетіп, алған тәжірибемізді жетілдіре береміз», деп мәлімдеді.

Жалпы, операциялардың құны 2 млн теңгеден асады. Операцияға дейін науқастар түгел­дей тексеріс­тен өтеді. Асқа­зан­да жара, жүректе ақау болмауы керек.

Кең әрі жарық бөлмеде жатқан емделушілердің қабағы ашық. Аяғын баса алмай, ауруы жанына батқан Раушан Мұратқызы Қарағандыға барып, емделмек болған екен. Сәтбаев қаласындағы емханадан травматологтің жолдамасын алып, операцияға дейінгі бүкіл медициналық тексеруден тегін өткен. Қаражал қаласының тұрғыны Лейла Шубаева да МӘМС қара­жаты негізінде опера­ция­­ны тегін жа­сатып, аяғын басып жүре алатын жағ­дайға жетті. Операция жасатқан жан­дар 7-8 күн емделіп болған соң өздері тұратын жергілікті емхана дәрі­ге­рінің бақылауына көшеді. Маза­ла­ған сұрақтары болса кез келген уақытта өздеріне операция жасаған дәрігерге келіп, кеңес ала алады.

 

Ұлытау облысы