Тұлға • 01 Сәуір, 2025

Нұрғиса: Біртуар өнер тұлғасы өмірінің белгісіз беттері

557 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

  1. Куә бол, айым…

Бұл әңгімені жазуға талай рет оқтал­дым. Отырып та көрдім, ақ қағаз бен қара қаламды әурелеп те көрдім. Бірақ ештеңе өнбеді. Таңғалдым. Неліктен? Нұрғиса ағамен он сегіз жыл бойы араласқан едім. Күндіз-түні десе де болғандай. Мен білмейтін сыры қалмаған сияқты еді. Менсіз дастарқан басына отырмайтын. Шақырып алатын немесе өзі келетін.

Нұрғиса: Біртуар өнер тұлғасы өмірінің белгісіз беттері

Суреттер «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

– Ал кеттік, Әкіш! – деп көлігін көл­денең тартып тұратын. Мұңайған сәттерін де, қуанған сәттерін де менен жасырмайтын. Нұрғиса туралы мақалаларды оқы­ған­­да «әттеген-ай, мен жазсам мүлде бө­лек, ерекше шығар еді-ау» деп кіжініп те оты­­ратынмын. Бірақ, бірақ... Оқталамын. Оты­­рамын. Ақ қағаз бен қара қаламды әуре­­­­лей­мін. Өнбейді. Ақ қағаз қалады жұ­­­мыр­ланып, қара қалам қалады шайналып...

Сөйтіп жүргенде Жамбыл ауылына жол түсті. Жыр алыбының 154 жылдығы еді. Ылғи ығай мен сығай. Жазушылар. Жазғыштар. Ылғи сен тұр, мен атайын. Аяғымыз тиген жердің белі қайысады. Көзіміз ежірейіп кеткен. Ақын күмбезінен аспандата қараймыз. Ту сыртымда тұрған екі мықтының бірі:

– Жәкеңнің заманында өлең жазу оңай еді ғой, – деп қалды. Екіншісі мырс-мырс күлді. Бұрылып қарауға ұятым жі­бермеді. Дауыстарынан-ақ танып тұр­мын ғой, дегенмен... Бұрылып қарау керек еді. Көкейге түйдектеліп үлгерген ащы сөзді айтып та тастауға болатын еді. Сыпайылық. Баяғы сол сыпайылық.
«Е, құрысыншы, ауыз өзінікі ғой!»

Әулие бабаға тағзым еткен соң сықыр­лаған топ, ісіп-кепкен кеуделер Нұр­ғи­саға қарай бет алды. Тағы да жер жа­рық­тықтың белін қайыстырып келеміз. Аппақ қар басқан шағын жотаның үстінен кәрі томардай әлдекім қарауытып көріне берді. Ақ отаудың түндігінен көтеріле бас­таған қошқыл түтін тәрізді. Сәл иіліп, сәл бұралып бірін-бірі тұншықтырып, ай­қасып-сіресіп қалған кәрі томардың бұ­тақтары. «Әттеген-ай» деген өксік сезім соғып өтті. Жүрегім дір етті. Жаным қабыл­дағысы келмеді. Бұл Нұрғиса емес қой. Нұр­ғиса бұндай емес еді ғой. Мен білетін Нұрғиса тау бөктерінде ұялап қалған шұғылалы шуақ еді ғой. Мен білетін Нұрғиса Алатау жотасынан есіліп соққан таңғы самал еді ғой. Мен білетін Нұрғиса қою түнді қақ жарып, сызаттанып, енді-енді көтеріліп келе жатқан таң шапағы еді ғой. «Куә бол, айым, куә бол, жұлдыз, куә бол, Алатауым!» – деп сыбыр­лаған жұмбақ үн еді ғой.

Балтық елдерінен келген бір топ кино­герді «есінен тандыра» күтіп жүргенбіз. Қазақстанның солтүстігіне де, оңтүстігіне де алып барғанбыз. Енді «соңғы соққы» ретінде Есентай өзенінің жағасына аппақ киіз үйлер тігіп, ұзатылатын қыздың жасауындай асыл бұйымдармен іші-сыртын әшекейлеп, дастарқанды таңсық тағамдарға толтырып, өз еліміздің аңызға айналған қонақжайлылығын және бір рет дәлелдемек болып, сарсылып жүргенбіз.

Әлгі айтқанның барлығы орындалды. «Артығымен орындалды». Түн ортасы ауа Нұрағаңның әндеріне, Нұрғиса­ның күй­леріне ғашық болып қалған Бал­­тық бойының қыз-жігіттерін машина­лар­ға сүйемелдеп мінгізіп, құшақтаса сүйі­сіп, сүйісе құшақтасып алып кеттік қалаға.

ап

– Нұрағаң қайда? Нұраға мінбепті ­ғой машинаға? – деп еліріп жүгіріп кел­ген ресми қызметкерге Камал (Смайы­лов) сыбырлап жеку айтты:

– Дабырлама. Нұрағаң осында. Осын­да қалады. Ол кісі отырған ақ отаудың сыртына сыралғы жігіттерден қарауыл қо­йың­дар. Сыр шықпасын. Демдерің ішің­де болсын!

Нұрағаң отырған ақ отаудың сыры Камал екеумізге ғана белгілі еді. Уф деген лепке ұшып кететін ақ шайы орамал… Таудан аққан асау өзеннің жағасында иіліп тұрған сәмбі тал… Сәмбі талдың нәзік бұтағы… Дариға жеңгеміз ол кезде сондай еді ғой!

Сәске түс кезінде Камал, Тұрар (Дүй­себаев) үшеуміз Мәжит Бегалин аға­мыздың «Алатау» (қазіргі «Жетісу») қо­нақүйінен алған нөмірінде Балтықтан кел­ген қонақтарымызды енді немен таңғал­дырамыз деп, енді немен «ұрып жы­ғамыз» деп кеңесіп отырғанбыз. Есікті лақ­тырып ашып Нұрағаң кіріп келді. Етек-жеңі далиып кеткен, көздері шапыраштанып кеткен. Бет әлпеті «өрт сөндіргендей» дейтіннің өзі.

– Ән туды, жігіттер, – деді Нұрағаң ­ай-шай жоқ. – Ән туды! Сөзі әлі толық емес! Жаздырам ғой ақындардың бірі­не. Сазы мынау! Тыңдаңдаршы! Куә бол, айым, куә бол, жұлдыз, куә бол, Алатауым!..

– Сөзі жоқ дейсіз, сөзі бар екен ғой, – деп қалжыңдаған болдым. Нұрағаң менің даусымды естімеген тәрізді. Бетіме қарады, бірақ ештеңе ұқпай қарады.

– Бұл сөз емес, Әкіш. Сөзін жаздыру керек әлі, – деді. Деді де қарлығыңқы дауыспен дарылдай жөнелді.

Нұрғиса ағамыз өз әндерін айта алмай­тын. Қожыратып, шашыратып жі­бе­ретін. Кейінірек қой, ол әннің бүкіл Қазақ­станды баурап алғаны. Ал сол күні, дәл сол сәтте Мәжікең (Мәжит Бегалин) де бір­ден ұға алмады-ау деймін, әлдебір қат­қыл­дау әзілді Нұрағаңа көлденең тартты:

– Сенің құлағың ғана үлкен емес, жүрегің де үлкен ғой. Сұлу қыз көрсең жүрегіңнің шетінен кесіп беріп жүре беретін әдетің емес пе! – деді. – Түндегі ақ боз үйде жүрегіңнің және бір жартысы қалды десеңші!

Нұрағаң қалжыңға жоқ еді, Мәжікеңе де түсінбей, тасырая қарады.

– Қайта тыңдаңдаршы, қайта айтайын!

Үшінші, төртінші рет қайталағанда Нұрағаң бізді жеңді. Дәлірек айтсам, Нұр­ағаң емес, жаңа сарын, тың сарын жеңді бізді. Ә дегенде тосырқай, сезіктене берген көңіл шіркін, елігіп, елти берді. Куә бол, айым, куә бол, жұлдыз, куә бол, Алатауым!

Медеу сайының үстінде төңкеріліп түскен қара көк аспан, баданадай сам­са­ған ірі-ірі жұлдыздар, сәмбі талдың шы­бығындай иіліп тұрған аппақ айдың жіңіш­ке тілігі, ғашықтық дертіне душар бол­ған талай-талай ұрпағының сиқырлы сы­рын кең мойнына сақтай білген Алатау жарық­тық... Көңіл төріне күмбірлеп, сыр­лы сарын жеңді бізді. Қонақүйдің біз отырған ша­ғын бөлмесін керіп кеткендей болды.

Ғажап әнді бірден қабылдай алмаған мен ғана едім. Енді мойындаймын. Нұрғи­са­ның қоладан құйған ескерткіш мүсінін де бірден қабылдай алмай дағдарып тұрмын.

 

  1. Тас мүсінді жебеп жан бітіру

Ә дегенде оғаштау көрінген ескерткіш­ке бір айдан соң қайта іздеп бардым.

– Бала кезімде Жамбыл атамның тізесіне талай-талай отырғанмын! – дей­тін Нұрағаң. Бұл сөздерді ерекше мақ­танышпен айтатын: һақ патшаның алтын тағына талай-талай отырғанмын дегендей... Жамбыл бабаға, ауыз әдебиетінің һақ патшасына тағзым еткен соң музы­каның мұзартына қарай бет алдық.

Жасыл алаңқайға тігілген ақ отаудың түндігінен жаңа ғана көтеріле берген қою қошқыл түтіндей әлдекімнің бейнесі жақындаған сайын айқындала берді. Сәл иіліп, сәл шалқайып, бірін-бірі құшақтай қабысқан, қабыса құшақтасқан тас томардың тентек бұтақтары... Бір қолында домбыра, әлгінде ғана «Аққу» күйін құтырта тартып болып, «енді сенің кезегің!» дегендей, салалы саусақтары тарбиып кеткен, сол қолымен оркестрдің асау ағысын ағытып жіберген сәті. Әне-міне дегенше, күмбірлей басталып, күй дауылы көтеріліп кететін сәті.

Мәскеуде Шота Руставелиге қойылған ес­керткіш бар. Сыптай түзу жас жігіт «мені көрдің бе?» деп аспан көз орыс қыздарына қырындап тұр. Көк мәрмәрдан жонылған «гим­наст» Руставелидің мүсінінде сымбатты тән бар да, құпия сырлы жан жоқ екен.

пр

– Қалай дейсің, қазақ досым? – деп лепіріп тұрған грузин жорамның көңілін қимай ыржиып күле бергенім есімде. Мүсіншінің мақсаты тасты шебер жону емес, тасты жебеп жан бітіру емес пе?

Серік екеуміз (Әбдірайымов) сәл иіліп, сәл бүгіліп, бұрыла құшақтасқан, құшақтаса қабысқан тас томардың тентек бұтақтарын айнала қарап, үңіле қарап ұзақ жүрдік. «Күй сандықтың кілті» болса керек еді ғой. Оны қалай табарсың?

Сөйтіп, дал болып тұрғанымызда әдейі құдай айдағандай Дариға жеңгеміз бен қызы Дінзухра келсін; қастарында Тоққожа бар, Дариға жеңгеміз ел дәстүрі бойынша әуелі Жамбыл бабасының басына тағзым етті, содан кейін Нұрғисасына қарай оза берді. Озып барды да иіле түсіп, бұрала түсіп, бір-бірімен аймаласа өрілген, біріне-бірі қабыса оралған қола томардың тентек бұтақтарына қос алақанын басты...

Сол сәтте көңіл көкжиегі алыстай қашып, қаша кеңіп сала берді. Медеу сайының үстіне түнере төнген қара көк аспан сан-сан жұлдызды лезде жинап ала қойыпты. Мүлгіп тұрған керең шатқал табанында сылдырап аққан өзен суы, тастан тасқа секіріп, күміс қоңыраудай сыңғыр-сыңғыр етті.

Күміс қоңыраудың сұлу сыңғыры жаңа сарынның күміс кілті екен. Күміс сың­ғырдан шошып оянған қоңыр домбыра менмұндалап атойлап, көмей күм­біріне басты. Сәл кешігіп барып, өз кезегін күтіп тұрған қылқобыз жарықтық алыс­тан сыңсып, асықпай жақындап келеді.

Медеу шатқалының қаракөк аспан шүпірлеп тұрған көп жұлдыз құты қашып, бозара бастады.

«Басы балды» деген алтын сары қауын болады. Сол алтын сары қауынның жұқа тілігін қазақ «қызтілік» деп атайды.

Өр кеуде Талғар шыңының күміс жотасынан сығалай көтерілген алтын сарғыш қызтілік Ай аспан төріне өзіне ғана тиесілі ұшан биікке жалғасты.

Бір қолында домбыра, тозған жүйке­нің тармақтарындай бес саусағы бес жаққа қашқан алақанын сілтеп қалып, сілтідей тынып тұрған оркестрге «енді сенің кезегің!» деген ишара білдірді.

Куә бол, айым, куә бол, жұлдыз, куә бол, Алатауым!

Дүние әуенге толды. Кеуде көкжиегін кеңейткен сол сиқырлы саз әлі құлағымда тұр.

Нұрғиса туралы тек қана музыка тілі­мен айту керек. Менікі жай, әурешілік қой...

 

  1. Жұмбақ жорық

Нұрағаңның өзі айтатын.

Қайратты кісі болған екен анасы. Атқа мініп бір ауылдан шықса керек сәске кезінде. Жол-жөнекей толғақ қысыпты. «Өй, мына неме қайтеді-ей?» – депті де, аттан түсіпті. Сол арада босаныпты. Кіндігін өзі тістеп кесіпті де, шырылдаған нәрестені етегіне орап, атқа қайта отырыпты.

Тегін кісі болмаған анасы.

...Күндердің күнінде, «Алматы орынға отыра» Нұрағаң үйге кіріп келсін.

– Жүр, Әкіш, кеттік! – деді.

Сыртта бір машина тұр екен. Ескі бол­ғанда ескі! «Москвич», қайдан тапқанын!

Жүріп келеміз. Рульде отырған қара жігітте үн жоқ. Анда-санда Нұрағаң:

– Өй, сен! – деп қояды.

– Құп болады, көке, құп болады! – деп қояды қара жігіт.

Екеуінің арасындағы одағай сөздерде не сыр барын ұқпай мен келемін. Асфальт жол таусылды. Тасжол да тәмам­дал­­ды. Даланың шоқалақ соқпа­ғы­на түс­кен тә­різдіміз. Әлі келеміз, әлі келе­міз. Адас­тық білем, қара жігіт «жүйрігін» тоқ­татып, фарын өшіріп, тысқа шығып біраз тұрды. Тұмсығын желге төсеп, аңның қайда екенін аңлаған әккі тазы сияқты.

– Әй, сен! – деді Нұрағаң.

– Түсіндім, көке, түсіндім! Енді тура та­бамын! – деді қара жігіт. Қала қайда қал­ғаны белгісіз, дала қайда апарары бей­мәлім, қай­тадан шоқырақтап келеміз. Түн ортасы ауды-ау деймін, әлде таң сыз берді ме? Қалың қорымға кіріп кеттік пе, әлде қа­лың зират па? Ұйықтап жатқан ауыл­д­ың­ тамдары сияқты, әлдебір дуалдар­ға, әл­де­бір қоршауларға тұмсық тірей тоқтадық.

– Келдік, көке! – деді қара жігіт. Деді де фарын өшірді. Қараңғыға көз үйренгенше машина ішінде отырдық. Енді ғана қалғып-мүлги бастаған екенмін, Нұрағаң «тұлпардың» қанатын сындыра лақтырып теуіп жіберді де сыртқа шықты, шықты да өкіре жылап, қарайған қара төмпешікті құшақтай құлады. Қара жігіт те басын жерге ұрды. Ештеңенің парқына бармасам да тізе бүктім.

Әбден мауқы басылған соң Нұрағаң, орнынан тұрып: «yh!» деп кеуде жара күрсінді, менің жаныма келді. Үлкен бір рәсми тірлікке куә болғанымды енді-енді түсініп, әлі жүгініп отырғанмын. Нұрағаң иығыма қолын салып:

– Солай, Әкіш! – деді. – Солай! Бұл жатқан сенің әпкең ғой!

Нұрағаң өз анасы туралы сөз қозғалса, «сенің әпкең» деп бастап, «сенің әпкең» деп аяқтайтын. Біздің руды меңзегені. Іштен ұғып, бас шұлғып отыра беретінмін.

Алматыға біз қайта оралғанда таң атып қалған.

– Сондай кісі еді! – деп Нұрағаң ма­ған айтпаған ойларын, ішіне түйген тол­ға­ныс­тарын күрсіне қорытты. – Сондай кісі еді сенің әпкең!

Әр мүшесі бөлек-салақ, шашылып қалуға Нұрағаңнан ғана ұялып келе жат­қан көне «Москвич» аһ ұрып барып, діңкелеп барып тоқтады.

Рульде отырған көнбіс қара жігіттің өңі енді қуқыл тартыпты. Үлкен бір тарихи іс тын­дырғанын түсініп, жаны жайбарақат тапқандай.

Кейін түсіндім. Нұрағаң жыл сайын дәл сол күні және дәл сол түні ана­сының ба­сына барады екен. Сол жылы сапар­лас болу менің еншіме бұйы­рып­ты. Тағ­дырдың онысына да ризамын. Біра­қ неге түн ішінде бару керек? Неге сон­шалықты көтерем «Москвичпен» бару­ керек. Нұр­ағаңда көлік деген проблема жоқ еді ғой. Шешілмей кеткен жұмбақ бұл.

Нұрағаңның жер құша құлағанын және бір мәрте көргенім бар. Оңтүстік Қазақстанды аралап жүргенбіз. Қажы­мұ­қан бабамыздың мұражайына жол түс­кен. Араладық. Көрдік. Ұлы қазақтың аруағына бас ию үшін зиратына бет алдық. Қорым басына жетіп, көліктен түсе бергенде аңғардым: Нұрағаңның көздері шатынап, өңі қуқыл тартып кеткен екен. Аяғы жерге тиер-тимес­те ышқынған бір одағай үн шығарды да, күмбезге қарай ең­кеңдей жүгірді. Қасымызда аудан басшылары бар еді. «Үкең мен Пікеңнің заманы» (Үкімет пен партияны солай дейтін едік қой), ыздиған, үстерін қылау шалмаған номенклатура, олар ыздиған қалпы маған қарады, олар маған түсінбей қарады, мен оларға түсініп қарадым, түсіндіріп қарадым: саспаңдар!

ап

Нұрағаң жүрген жерде сендерге бәле жұқпайды дегенді білдіруге тырысқан болармын.

Нұрағаң сол ентелеген қалпы топтан озып барды да, ұлы бабамыздың қабірін құшақ­тай құлады. Еңкілдеп жылап жіберді.

– Мен ғой, мен! Нұрғиса балаң!

Бас­қалардан гөрі батылдау болсам керек, мен де тізе бүктім. Партия, кеңес қыз­меткерлері «Біз ештеңе көргеміз жоқ! Кейін дау шықса, зиялылар, өздерің жауап бересіңдер!» дегендей күмбездің төбесіне қарап кегжиісіп қалыпты.

 

  1. Еркелей білсең, еркелете біл

Нұрағаң халқына қатты еркелейтін. Біз, інілері Сайын (Мұратбеков) екеуміз Нұрағаңа қатты еркелейтін едік. Мені Әкіш дейтін, Сайынды Сағи дейтін, талай мәрте «түзетіп», ол олай емес, былай ғой деп айтып жүрдім, бірақ жарық­тық, сол ­қисайтып айтқан қалпынан өз­гер­мей кетті.

Дариға жеңгемізбен жаңа ғана отау құрған кезі. Красин мен Шевченко көше­лерінің бұрышында бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатқан. Қас қарая:

– Кеш жарық! – деп екеуміз кіріп кел­дік. Нұрағаң еденде отыр екен, ұшып тұрып:

– О-о, Әкіш! О-о, Сағи! Төрлетіңдер! – деді.

Ағаның төрі еден екен. Құт-мекеннің тең жартысын темір төсек алыпты, қалған жартысы Сайын екеумізге төр де болды, дастарқан да болды.

Гу-гу әңгімемен таң атқанын да аңғар­май қалыппыз. Бір кезде Нұрағаң жұмбақ бір сырлы жымия қарады:

– Әй, екі күшік! Жүріңдер, суға түсейік!

Таңғы елең-алаңда кіші Алматы өзе­ні­не шомылдық. Су суық, тастай. Аға мен інілердің бір-біріне деген ыстық ықы­ласын тастай су бір градус та төмен түсіре алмады.

Таң бозарып атқанда Нұрағаңның жұмбақ бір сырлы жымиып қарағаны, әдетте қалжыңдамайтын ағаның: «Әй, күшіктер!», деп еркелете арқа қаққаны есімізге түскенде Сайын екеуміз кейін:

– Қандай ақымақ болғанбыз! – деп күлетінбіз. – Дариға жеңгеміздің ақ шы­мыл­дығы желбіреп тұрған кезі еді ғой! Нұр­ағаңның «әй, күшіктер!» деге­ні – үй­леріңе қайтпайсыңдар ма дегені екен-ау!

Нұрағаңның зиялылығына бас ию керек.

 

  1. Қоңыз тергізіп жіберу

Нұрағаңның төзімсіз кездері де кездесетін. Сол Оңтүстік Қазақстанда Кино күн­дерін өткізіп жүргенімізде бір аудан­ның бірінші хатшысы кісімсіп, сыз­данып, киногерлерді, өнер қайрат­керлерін менсінгісі келмей,жүре сөйлесіп, жүгенсіздік таныта берді. Нұрағаңның жарылған сәтін сонда көрдім.

– Көзіңді ашып қара! – деді. – Екі аяғыңды бір етікке тығамын! Ертең қоңыз теріп кетесің! – деді.

Нұрағаң айтқанында тұрды. Баратын жеріне барды, айтатын сөзін айтты. Әлгі жетесіз бастық ақыры «қоңыз теріп» кетті.

1994 жылы Нұрағаң егемен еліміз­дің алғашқы ордені «Парасатқа» ие болды. Маған да «Құрмет» бұйырыпты. Сол сияпатты Елбасының қолынан алуға барғанымызда «қазіргі заманғы» деп аталатын пысықай композиторлардың бірі сонда отыр екен, баспасөз бетінде жарияланған Президент Жарлығын­да әлгінің аты-жөні аталмаған еді,«бұл мұнда неғып жүр?» деп таңғалып қана қойғанмын, сол пысықай жігіт билеп басып келіп, Нұрағаңа қолын ұсынды. Нұр­ағаң оған таяғының ұшын ұстатты.

– Саған осы да жетеді, Секекбай! Аман бол, жер басып жүре бер! Бірақ қазақтың әнін көк есекке теріс мінгізуіңді қой, Секекбай! – деп жекіп тастады.

Кейін білдім, баспасөз бетінде жария­ланбай жасырын атақ алатындар да болады екен,әлгі Секекбай тәрізді...

Нұрлан (Оразалин), Темірхан (Медет­бек) үшеуіміз Нұрағаңның көңілін аулауға ауруханаға бардық. Нұрағаң маған өкпелейтін жөні бар еді (бір пен­делік себеппен), бірақ сыр бермеді, жар­қылдап қарсы алды. Менің жүзіме сынай бір қарады да, сырымды, қаймығып тұр­ғанымды сезгендей, құшақтап бауырына басты. Жүрегім елжіреп кетті. Кеңдігіне тәнті едім сол сәтте.

– Үш күн болды, сені оқып жатырмын, Әкіш! – деді. Дариға жеңгеміз де:

– Демалсаңшы десем болмайды, – деп куәгерлік білдіріп жатыр. – Сенің екі кіта­быңды Серік (Әбдірайымов) әкеліп берген…

Есіме түсті: баяғыда (Жаратқанға мың тәубе! «Баяғыда»деп сөйлеуге жарап қалдық емес пе!), «Бұлтқа салған ұясын» деген романым жарық көргенде, таңғы сағат алтылар шамасында Нұрағаң телефон шалғаны бар.

– Жұрт мені кітап оқымайды деп ойлайды. Ал мен сенің романыңды түнімен оқып, жаңа әлгінде аяқтадым. Рахмет, саған! Ал ұйықтауға кеттім!» – деп телефон құлағын тастай берген.

Жә! Менің айтайын деп отырғаным – Нұрағаңның кешірімшілдігі емес, Нұр­ағаңның тастай қатқан қаталдығы.

Біз палатаға кіріп барғанда домбыраны құшақтап бір жігіт отыр екен. Нұрағаң таныстырмады. Біз де жөн сұрай қоймадық. Нұрағаңның денсаулығы туралы үрейлі сыбыс естіп, үркіп барғанбыз ғой, жарқын жүзін, жадыраңқы қабағын көріп, қуанып қалғанбыз. Дәрігерлер «бес-ақ минут!» дегенімен, Нұрағаң бізді жарты сағаттан аса жібермей ұстады. Менің Қасым деген ағамды еске алып, ұзақ­тау бір әңгімені бастап кетті. Күліп отырып, жай­раңдап отырып сөйледі. Екі бе­тінің ұшы­на қан жүгіргенін көріп біз де мәз.

Бір кезде әлгі домбырасын құшақтап отырған жігіт сыпайы жөткірініп үн берді. Үн берді де:

– Нұраға, мен сізге арнап бір күй шы­ғарып келіп едім! Мына ағалар да сы­насын, соны орындап берейін! – деп қолқа салды.

ва

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Күй тым ұзақ екен. Тым бір сарынды екен. Тым реңсіз екен. Не болса да шы­дайын деп отырмын. Күй Нұрағаңа арналғандықтан аяқтаған сәтте (әйтеуір бір аяқталды-ау!) қол соғып, құрмет көрсете салсам нем кетер деп отырмын... Бір-біріне жақындай берген екі ала­қа­ным, сол қалпында қатсын да қалсын. Нұрағаңның қабағына көзім түсіп кеткен. Кіржиіп, қиналып отыр екен.

– Өзіңізге арналған бұл күйіме бата беріңіз, аға! – деп ұмсына түскен қара жігітті Нұрағаң жалпақ алақанымен жас­қап тоқтатты.

– Әй! Мұндай күйіңнің маған қажеті жоқ! Мұның аты плагиат дейді қалқам! Анау күйден, анау күйден, анау күйден! – деп Нұрағаң үш белгілі шығарманың атын атады. – Бұл күй сенің жаныңнан шықпаған! Ұрлағансың!

Жүрегім қан жылады: қара жігітке жаным ашыды… Бірақ осы күндері ой­лаймын: не деген қайсарлық. Не деген беріктік! Шын өнерге солай ғана қам­қоршы болу керек қой. Халтураны азай­тудың (тоқтату мүмкін емес, әрине!) бір­ден-бір жолы тас қаталдық қой! Тағ­­дыр маған сол қаталдықты қимапты, та­лай-талай дүмбілез дүниелерге жол ашып бе­ріп, жүрісім мынау...

Сол оқиғадан үш күннен кейін Нұрағаң дүниеден өтті.

 

  1. Мейірім

Қатты ауырдым. Ауруханада ұзақ жаттым... Дертім қатерлі еді. Ешкімге айт­­падым. Нұрағаң біліп алыпты, дәрі­герлер­ден қорқыта сұрапты. Палатама жиі-жиі келіп жүрді. Бір күні айтты:

– Әй, Әкіш! Сен біржола айықтың. Үйіңе қайтсаңшы...

– Қайтқым келмейді… – дедім. «Үйіме» деген сөзді бүгіп қалдым. Нұрағаң түсінді. Ертеңіне мені ауруханадан шығарып алды, көлігін даярлап келген екен, екеуміз ешқайда соқпай, Талдықорған облысына тарттық. Апта жүріп Алматыға әрең орал­дық. Нұрағаңның шаруасы басынан асатын, бірақ менің көңілімді қимағаны ғой...

Және бір «қайтқым келмеген» кезде Әулиеатаға тартып кеткем. Ешкімге айтпай, жолдас-жорадан да жасырынып, телефонның үнін өшіріп тастап, анамның қасиетті мейірімін паналап жатқам. Үш күн өтті ме, өтпеді ме, Нұрағаң індетіп жүріп тауып алды.

– Түсінем... Бәрін түсінем! Мұның бірақ жарамайды. Үлкен үйдегі бастықта­рың менен сұрады... Екі-үш күн мені­мен (менімен ғана!) жүріп, көңіліңді көтер. Содан соң қайтамыз!.. – деді ана назарынан оңаша қалған бір сәтте.

Екі-үш күн Нұрағаңмен ғана жүріп көңіл көтердік. Ел-жұртты дабыралатпай, жасырын (инкогнита!) Қасым ағамның үйіне бардық. Ол кісі дегенде Нұрағаңның ықыласы мүлде бөлек еді. Екеуі ағалы-інілі, тіпті құрдастай араласатын. Достық пейілдерінің сыры мен үшін жұмбақ еді (осы күндері ойлаймын: жетім өскен Нұр­ағаңа Қасымдай аға қажет болды ма екен?).

Ұйықтап кетіппін.

– Қой деймін, Нұрғиса! Сен ондайға араласпа! – деген көкемнің қатқылдау үнінен ояндым. Таң атып қалыпты. Аула­дағы сәкі үстінде қойылған жозыны шын­тақтап, екеуі бір-біріне тік қарап отырыпты. Мен көрпеше үстінде қылжиған екем.

– Жоқ, Қасеке, мен ондай бассыздыққа жол бермеймін! – деді Нұрағаң. Деді де маған қарай мойнын бұрды. – Әкіш, тұр. Киін! Тарттық қалаға!

Біз қалаға (казіргі Тараз ғой) жеткенше таңғы сағат тоғыздар болып қалған. Бірден облыстық партия комитетінің еңселі ғимаратының алдына көліктің басын тіредік. Ол кезде бірінші хатшы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов еді. Кідіріссіз қабылдады. Ақкөңіл, аңқылдаған жан еді, Нұрағаң екеуі құшақтасып амандасты. Менімен сыпайы ғана сәлемдесіп:

– Иә, партизан, бұл жолы да парти­зан­дық жасап келдің бе? – деп қалжыңдап қойды (Камал Смайылов екеумізді «партизан» деп атайтын. Ол бөлек әңгіме).

Отырар-отырмаста Нұрағаң Хасекеңе дүрсе қоя берді.

– Сен басқарып отырған (Нұрағаң Хасекеңмен сөйлескенде біресе сіз деп, біресе сен деп кете береді екен – сол күні байқағаным) облыста заң әділ болу керек қой!

– Е-е, не боп қалды?

– Мынау Әкіштің ағасын білесің ғой. Әшімов Қасым. Менің нағашым.

– Иә, білемін. Білемін.

– Куйбышевта упр ғой (Нұрағаңның сөйлеу мәнерін бұзбау үшін управляющий деген сөзді сол айтылған қалпында алып отырмын). Білмесең – біліп қой, упр! Ол – менін нағашым!

– Нағашың болса.

– Сен, Хасеке, өйтіп кібіртіктеме! Сіз екеумізге ол жараспайды! Хасекең қарқылдап қатты күлді.

– Жарайды. Білемін. Мойындаймын.

– Білсең сол! Алтыншы класс оқу­шысына он-он бес күн «еңбек күн» артық жазылыпты деп әкесін сотқа беруге бола ма? Баланың кінәсі қанша? Әкенің кінәсі қанша?

Хасекең тумблер арқылы әлдекімді шақырды. «Әй!» деп бастады да:

– Әлгі, анау «Еңбектің» шаруасын алып кел! – деп өктем аяқтады. – Жә, Нұрғиса! Ол келгенше әңгімеңді айта отыр! – Менде басқа әңгіме жоқ! – деп Нұрағаң көзін ежірейтті. – Мынандай безобразие тыйылмайынша мен сейлеспеймін се... сі… – «Сенімен», «Сізбен» деген екі сөздің қайсысына тоқтарын білмей, дағдарып қалды-ау деп жорыдым.

Хасекең тағы да қарқылдап, кең каби­нетті басына көтеріп күлді. Күлді де ­са­м­­­с­а­­ған телефонның бірін көтерді. Ар ­жақ­­тағы кісінің атын атаған жоқ, бірден:

– Мына тентек қайның келіп қалыпты... Кім болушы еді, Нұрғисадан басқа қандай тентек қайның бар еді! Дайындала бер! Үйге барамыз! – деді.

Сондай бір театр сахнасына тән алдарқату паузасынан кейін кабинетке еңкейе бүгіліп еңгезердей полковник кірді. Полковник әкелген қағазды Хасекең өзі оқи бастады да, оқыған парақтарын Нұрағаңа өткізіп отырды. Екеуі мен түсін­бейтін әлдебір құжаттарын ақтарып болған соң, Нұрағаң асықпай орнынан көтеріл­ді де, үлкен үстелдің дәл ортасын­да тұрған күміс табақты өзіне қарай тарт­ты. Әлгі табақтың үстіне әлгі қағаз­дарды қойды. Асықпай-саспай Хасекең­нің алдында жатқан күміс зажигалканы тұ­тандырып, асықпай-саспай әлгі құжат­тарға от қойды.

Маған сыры түсініксіз қағаздар лап етіп жанды да, тырысып-бырысып, шала бықсып, кабинет ішін жағымсыз иіске толтырып, түтеп тынды.

– Ал менің артық мүшемді кесіп алыңдар! – деп Нұрағаң, Бектұрғанов пен полковникке өжеттене қарады.

Хасекеңнің екі иығы, от ала алмай қи­налған трактордай біраз солқылдап тұр­­ды да, енді оқыс от алып кеткендей, тарқ-тарқ еткен оғаш күлкі естілді. Хасе­кең ауыр денесін ауыр көтеріп, орнынан ауыр кө­теріліп келіп, Нұрағаңды құшақтады.

– Бүйтпесең Нұрғиса боласың ба?

Облыстық партия комитетінің бірін­­ші хатшысы, шаруасы басынан асып жа­та­тын басшы, сол күні қызметін қал­ды­ра тұ­­рып, үш-төрт сағат үйінде қонақ қабыл­да­ды.

Хасекең ақкөңіл жан еді, Нұрағаң өжет еді.

Кейін анықтадым, кейін қанықтым бұл жұмбақ еркеліктің сырына. Қасым көкенің үстінен іс қоздатып, біреулер «алтыншы класта оқитын ұлына он бес-жиырма күн қызылша теруге қатысқаны үшін еңбекақы төледі» депті. Жүздеген оқушы қатысатын қызылша қазу науқаны кімге болса да ондай жала жаба салу қиын емес қой!

Нұрлан (Оразалин), Темірхан (Медет­бек) үшеуміз көңіл сұрай барғанда Нұрағаң есіне алған, өзі мәз болып, екі бетінің ұшы нұрлана отырып айтқан әңгімесі сол еді.

Ең соңғы айтқан ұзақ естелігі сол болған шығар жарықтықтың.

 

  1. Бар қазақтың Нұрғисасы

Нұрағаң мені «нағашым» дегенмен мен ол кісіні жиен деген сөздің тар аумағына қысып тастаған емеспін.

«Кесарьға (Ханға) жарасқан қалжың қараға кесірлік» болатынын білем ғой.

Күндердің бір күнінде Нұрағаң Баянауыл жаққа сапармен аттанды. Көп кешікпей Баянауыл ауданының бірінші хатшысы радиодан сөйлеп тұр:

«Біздің атақты жерлесіміз, ауданымыз­дың мақтанышы, баянауылдық композитор Нұрғиса Тілендиев туған өлкесіне келіп, еңбекші қауыммен жүздесті!» деп. Таңғалдым да қойдым.

Енді бір күндердің күнінде Атырау облысы мәдениет басқармасының бастығы радиодан көсіліп отыр:

«Осы жақын арада атақты жерлесіміз, төменгі Жайық өңірінің түлегі, композитор Нұрғиса Тілендиев еңбекші-малшы ағайындардың арасында болып, ән-күйге сусап отырған көпшілікті...» деп. Бұл жолы да дағдарып, сөз төркінін түсінбей жүрдім.

Күндердің бір күнінде, сөз орайы келгенде, ағаға сыпайы ғана қалжыңдап, сол екі хабарды өз құлағыммен тыңдағанымды айтып:

— Сонда, Нұраға, қалай болғаны?.. – деп едім, Нұрағаң әзілдің астарын түсінді де, маған (өмірінде ілкі мәрте және соңғы мәрте!) ала көзімен қарап:

«Өй, Әкіш! Сен өзің емес пе, руыңды сұраған достарыңа қитыға жауап беретін! Кейде қалмақпын дейсің, кейде сартпын дейсің. Бір қазақты жетесіздер-ақ бөлшектей берсін. Бізге жараспайды ол!» деп сөзінің сонын қабақ шыта түйді. – Қазақ – бөлуге келмейтін тұтас бір жартас, бөлуге келмейтін тұтас бір шың!

Сол сәтте есіме Баукең (Бауыржан Момышұлы) түсті. Жазушылар одағы­ның «барында» отыр екен. Жанында бір атақты ақын! Жүз грамның әсері болар:

«Бәуке, сіз қай жүзге жатасыз?» деп қадалып қоймады. Әуелде естімеген ­сы­ңай танытып отырған батыр кенет ­орын­­дыққа сүйеулі тұрған әшекейлі тая­ғын тік көтеріп, ақынның басына періп жібе­ре­тіндей сұрапыл қимыл жасады. Ондай­ды, әрине, күтпеген ақын ағамыз бұғып қал­ды. Бәукең кенет күліп жіберді де, тая­ғын тентек сұрақ қойып отырған інісінің иығына жай ғана салмақсыз жантайта қойып:

«Өй, бауырым... (Ащы бір атауды «бауырымға» лезде ауыстырып үлгерді-ау деймін!) Мен қазақтың қай жүзіне сыюшы едім!» дегені бар.

Нұрағаң да Бауыржан ағасының аузынан түскендей еді ғой. Өзі айтпақшы, тұтас қазақтың ұлы еді ғой. Ұлы. Тұтас қазақтың.

 

Әкім ТАРАЗИ,

Қазақстанның Еңбек Ері

Соңғы жаңалықтар

Тазылар тартысқа түсті

Аймақтар • Кеше