Аймақтар • 01 Сәуір, 2025

Батыстағы үш облыста «Бекіре – 2025» акциясы басталды

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 1 сәуірде Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысындағы су айдындарында «Бекіре – 2025» балық қорын қорғау акциясы басталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыстағы үш облыста «Бекіре – 2025» акциясы басталды

Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, балық қорғау акциясы 31 мамырға дейін жалғасады. Кеңауқымды акцияны өткізуге 1466 қызметкер қатысады. Оның ішінде Атырау облысында 604, Батыс Қазақстанда – 222, ал Маңғыстау өңірінде 640 қызметкер су айдындарын қадағалалайды. Сондай-ақ 298 автокөлік, 84 қайық пен шағын көлемді кеме, 6 ұшу аппаратын тарту көзделген.

«Акция кезінде табиғат және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бағалы бекіре тұқымдаст балық түрлерін браконьерлерден қорғап, уылдырық шашуын қамтамасыз етеді. Өйткені жыл сайын бекіре тұқымдас балықтардың саны азайып барады. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрығына қол қойылды. Соған сәйкес балық қорғау акциясын үйлестіру штабы құрылып, оған жетекшілік ету Балық шаруашылығы комитетіне жүктелді», деді Серік Сермағамбетов.

Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Айдос Қиқабаевтың мәліметінше, браконьерлер жиі бой көрсететін аумақтарда стационарлық және жылжымалы бекеттер, мобильді топтар ұйымдастырылады.

«Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағасында бақылау күшейтіледі. Әуежайлар, вокзалдар мен автожолдарда балық пен балық өнімдерін заңсыз тасымалдауға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік шекара маңында браконьерлік әрекеттерді дер кезінде анықтау. Бақылау бекеттерінің жұмысын күшейтіп, Жайық-Каспий су бассейнінде, өзен-көлдерде патрульдеу жұмысын жалғастырамыз», деп мәлімдеді ол.