
Сурет :x.com/MFA_KZ
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру, экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық өзара іс-қимыл және өңірлік қауіпсіздік тақырыбын қоса алғанда, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Тараптар Орталық Азияға арналған ЕО стратегиясы аясында диалогті жалғастырудың және орнықты даму, цифрландыру мен климаттық күн тәртібі саласындағы бірлескен бастамаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Жасыл трансформация және өңірдің Еуропалық одақпен көлік-логистикалық байланыстылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған жобаларды іске асырудың өзектілігі баса айтылды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Еуроодақпен серіктестікті тереңдетуге бейілділігін растай отырып, осы аптада Самарқандта өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің маңызына назар аударды.
Өз кезегінде Э.Стипрайс Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамуын жоғары бағалап, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда, маңызды инфрақұрылымдық әрі экономикалық жобаларды іске асыруда еліміздің жетекші рөлін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі барлық өзекті мәселе бойынша сындарлы диалогті жалғастыруға уағдаласты.
Еліміздің негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып отырған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Өткен жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 49,7 млрд АҚШ долларын құрады (+16,9%), оның ішінде Қазақстанның ЕО-ға экспорты – 38,6 млрд доллар, импорты – 11,1 млрд доллар.
2005 жылдан 2024 жылғы 9 айға дейінгі кезеңде ЕО елдерінен Қазақстанға тікелей тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 200,7 млрд долларды құрады. Бұл елімізге құйылған барлық тікелей шетелдік инвестициялардың (419,5 млрд доллар) 47,8%-ын құрайды. Былтырғы 9 айда ЕО-дан елімізге тікелей инвестициялар көлемі 6,4 млрд доллар немесе жалпы көлемнің 50,4%-ын құрады. Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан аса компания жұмыс істеп жатыр.