
Фото: Ашық дереккөз
Депутаттың мәлімдеуінше, Шу өзені Қырғызстаннан бастау алып, Сырдарияға құюы тиіс, алайда соңғы жылдары су Созақ даласына жетпей, жол бойында қалып қойған. Бұл жағдай аймақтағы 80 мың тұрғынның тұрмысын қиындатып, экологиялық апат қаупін күшейтіп отыр.
«Тұрғындардың айтуынша, тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ. 12 мың ірі қарасы бар дейді. Дронмен түсірілген фото-видеоларына дейін қолыма ұстатты. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген», деді Мақсат Толықбай.
Мақсат Толықбай маусым айында Жамбыл облысына барған сапарында бұл ақпараттың рас-өтірігін Премьер-министрдің өзі сұрағаннын атап өтті.
«Алайда, жергілікті шенеуніктер мен салалық министірлік бұл «жалған ақпарат» деп Бектеновті кері қайтарған. Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме? Немесе 12 мың сиыр асырайтын шаруашылық министр Нұржан Нұржігітовтің өзіне тиесілі ме?», деді депутат.
Депутаттың айтуынша, Созақ ауданындағы 8 ауылдың тұрғындары Астанаға келіп, өз мәселелерін тікелей билікке жеткізуге дайын отыр.
«Расында аңқасы кепкен аймақтың тұзы шығып, өзенді жағалай мекендеген 80 мың халық экологиялық апаттың алдында тұр. Созақтықтардың онсызда уран өндірісінен көріп жатқан экологиялық зардабы аз емес еді. Енді міне, судың жоқтығынан жері қызыл құмға, даласы айтақырға айналып, малмен күнелткен халық шабындық шөптің өзін Қызылордадан сатып алуға мәжбүрміз дейді. Әйтпесе, бір кездері Сырдарияға дейін жететін Шу өзенінің екі жағы қамыс, айналасы шабындық болған. Қазір әр жерде бір бөлініп қалған, сасып жатқан су балдырынан басқа ештеңе таппайсың», деп ашынды депутат.
Мақсат Толықбай Су ресурстары министрінен тез арада су реттегіш құралдары мен заңсыз салынған бөгеттерді бұзуға ықтал етуін талап етті.
«Сондай-ақ, гидротехникалық құрылыс-жайлардың іс жүзіндегі есебі жүргізілсін. Бұған қоса өзеннің арнасын бұрып алып, айналасын топырақ, таспен қоршаған фазенда жайында баяндалған видео-фотоға министрлік тарапынан түсініктеме берілсін. Мониторинг пен бақылауды күшейтіп, өзенге механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді сұраймын», деді М.Толықбай.