Өшпес даңқ • 03 Сәуір, 2025

Боздақтардың көзіндей болған теректер

1628 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл – Жайлаукөл ауылының шетіндегі көзге бірден түсе кететін бір топ мүлгіген теректер. Олар – уақыттың үнсіз шежірешісі, тарихтың тылсым таңбасы іспетті. Бірі ерлікке, бірі сағынышқа, бірі қасіретке куә.

Боздақтардың көзіндей болған теректер

– 1940 жылы осында әр жақтан өкіметтің жөнелтуімен 20 үй орналаса қалдық. Бәрі де жаңа үйленген жас отаулар еді, – дейді Жұманбай қария. Оның басыр екенін қолын­дағы әр нені бір түртіп танитын таяғынан-ақ танисың.

Қоршаған шарбақтың әр жері қирап, сетінеген. Әр жылдар үсті-үстіне жаққан сыры қабыр­шық­талып, қабықтары қопсып, іргесі шіріп тұр.

– Бір жылдан соң бұрқ етіп соғыс басталды. Адамзат тарихындағы ең үлкен, қасіретті қырғын, – деді сәл толғанған қарт. – Бүкіл үйдің ер­ке­гі түгел соғысқа аттанатын бол­­ды. Ер күрсініп, ел күңіренді. Жар біткен зар жылады. Сонда бір қай­­ратты жігіт тұрып: «Бұл соғыс­­тан енді тірі келу-келмеуіміз екі­та­­л­ай. Ұрпақ ұмытпай жүретін арты­мызда бір белгі қалсын» депті. Ақыры «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенге тоқтайды. Сөйтіп, әркім бір түп көшет еккен, – дейді бағбан қарт теректердің басына қарай шалқайып.

ап

Көзі көрмесе де, көкірегі терек­­тердің қаншалықты биік өске­нін сезетін тәрізді. Мен оның таяқ ұстаған қолына қарадым. Қолы әр жылдардың жылнамасы жазыл­ғандай шимай-шимай әжім.

– Бір түнде елді ұлардай шулатып, жігіттерді машинаға тиеді де алып кете барды. Олар небәрі 20-21 жастағы жігіттер еді ғой. Соғысқа соқыр жарамайды деп жалғыз жігітті тастап кетті. Оған да оңай тиген жоқ. Күллі ауылдың ауыр тау­қыметі артылды. Қара жа­мылған 20 үй қабарып қала берді, – дейді таяғының ұшын қаз-қатар тізілген ауыл үйлеріне қаратып.

Шарбақтың құлаған жерінен кірген бір топ ешкі аулада бырт-бырт жайылып жүр.

– Жылдар өтті, сұм соғыс та бітті. Қара қағаз келіп жатты. Тек үш үйге қара қағаз келмеді. Үш адам бойында жаны бар демесең, оралды ғой әйтеуір. Бірақ соғыста көп нәрсе қалдырып келді. Ал көшеттер өсіп жатты. Тек үш көшет көктей солды. Расында, сол тірі оралған үш солдаттың көшеті ғана көктемеді. Әне, қара, теректер қалай өскенін, жайқалып тұр ғой? – дейді қария масаттана.

Осы кезде бір қарт орыс әйел шарбаққа кірді. Қолында бақша ­суаратын құманы бар. «Қалың қалай? Мені күтіп қалдың ба? Ой, қақпас, немене, мен ерігіп жүр деймісің осы? Болды, қыңқылдай берме. Міне, қазір». Бұрқылдап сөйлей жүріп, бір құман суды шеттегі теректің түбіне құйды.

– Бұл – Настя ғой. Шешесі өлге­лі тапқан жұмысы – осы. Әке­сі­мен ылғи ұрысады да жүреді. Деген­мен перзент қой, қайтсін, қимай­ды әкесін. Соған қараймын деп қаладағы балаларына да бармай, ауылда қалды, – дейді ол кеңкілдеп.

– Ол қызы болғанда, сонда сіз?

– Иә, ұқтым, не сұрағың келге­нін. Мен – ол емеспін, – деді де біраз үнсіздіктен соң әңгімесін қайта сабақтады. – Мен сол басыр шалдың әңгімелерін жиі есті­ген адаммын. Мен ғана емес, бұл ауыл­да соқыр адам көп. Экология бұзылған дейді ғой.

Мен теректерге қарадым. Жапы­рақтары сыбдырлап, «Белгі­сіз солдат» күйін шертіп тұрған­дай. Анау бір теректің кісі жетер жерінде байланған ақтықтар желмен бірге тербеле билеп тұр. Тағы бір теректің бұтағында жеңіс лентасы мен медаль ілініпті.

– Соғыс өртіне шалынбаған бірде-бір үй жоқ. Соғыс зардабы, солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың қасіреті, жетім-жесірдің көз жасы, әрқайсымыздың басымыздан өтті. Өйткені сол боз­дақ­тар кеткен күйі оралмады. Олар – өз жандарын осында егіп кеткен адамдар, – дейді Жұманбай қария.

* * *

Дәл осындай оқиға қазақтың тағы бір пұшпағы – Семей қала­сында болыпты. Өте-мөте ұқсас жағдай. Қалалық Чернышевский атындағы №1 мектептің салын­ғанына биыл дәл 130 жыл толды. Мектептің дәл түбінде бір топ терек өсіп тұр. Бұл теректердің тағдыры да – осы.

– Бұл мектептің 1941 жылғы түлектері қоштасу балынан соң ертеңінде соғысқа аттанды. Олар кетерде еккен теректерге биыл 80 жыл толды, әлі мектептің ауласында жайқалып өсіп тұр. Бұлардың ішінен «Тени исчезают в полдень» и «Вечный зов» сериалдарына музыка жазған Леонид Афанасьев есімді композитор шыққан. Бәлкім соғысқа кеткен сарбаздар арасын­да Семейдің көне тарихын зерт­теген жас өлкетанушылар да болған шығар. Өйткені бұл мек­тепте 1938 жылдары Жас өлке­тану­шылар үйірмесі жұмыс істеген. Үйірмеге қатысушылар Семей қаласының маңынан 500-ден аса қыш ыдыстардың сынығын, 400-ден аса тас құралдарды тауып­ты. Үйірме жетекшісі барлық табыл­ған жәдігердің орнын қолдан сызыл­ған схематикалық картаға түсіріп отырған, – дейді семейлік археолог Айдын Жүнісхан.

Р.S. Тарих – тек сарғайған мұрағат парақтарында ғана емес, жел тербеген теректің жапырақта­рын­да да сақталады. Ол боздақтар­дың көзіндей болған теректер еді. Парасатсыз майданның бір бел­гісі – осы.

 

Абай облысы