
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи ажырасудың алдын алу үшін отбасын құрарда ерлі-зайыптылардың кейбір мәселелерді ашық талқылап алғаны дұрыс екенін айтады.
– Ата-ананың ажырасуы баланы күйзеліске түсіреді. Әке-шеше – ұл-қызға үлгі. Ажырасқандар жауласпай, баланы да бір сәт ойласа игі. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп қазақ бекер айтпайды. Меніңше, көзі ашық жастар үйленбей тұрып «отбасының конституциясын» бірге жазуы керек. Әр отбасы үйленген соң үш жыл ішінде осылай өмірлік заңдарын қалыптастыруға тиіс. Ажырасудың себеп-салдары көп. Соның бірі – балалы бола алмайтын ерлі-зайыптылардың тауқыметі. Меніңше, жас-жұбайлардың үйленбей тұрып медициналық тексеруден өтуін заңмен бекіту керек. Себебі бүгінде тұтынатын тағамымыз, экологиялық мәселелер тағы басқа да факторлар денсаулыққа әсер етеді. Ұл-қыздың бірінің денсаулығында кінәрат болса, жастар соны жеңеміз, бірге өмір сүреміз десе өздері шешеді. Басқа-басқа, дәл осы медициналық тексеруден өту мәселесіне келгенде заманауи көзқарас керек-ақ,– дейді Н.Шанаи.
Ажырасудың тағы бір себебі – бедеулік. Жүктілікті жоспарлаудың бірнеше артықшылығы бар. Бірінші, қажетсіз жүктіліктің алдын алуға болады. Екінші, жүктілік аралығын реттеуге мүмкіндік бар. Үшінші, жүктіліктің сәтті өтуіне, сау баланың тууына ықпал ете аласыз. Төртінші, ата-аналардың жасын ескере отырып, баланы дүниеге әкелу уақытын бақылауға көмегі тиеді. Елімізде қазір 845 «Отбасын жоспарлау» кабинеті жұмыс істейді. Олардың жұмысы акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартымен регламенттеледі. Жүктілікті жоспарлау – тым ерте, жиі немесе кеш босанудың алдын алуға көмектеседі. Бедеулікті, жыныстық жолмен берілетін ауруларды емдеуде таптырмайды. АИТВ инфекциясының алдын алуға жақсы. Репродуктивті денсаулық мәселесінде кедергілер болмауы үшін ерлер мен әйелдер жүктілікті жоспарлау кезінде прегравидарлы дайындықтан өту қажет.
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Прегравидарлы дайындық – ерлі-зайыптылардың ұрпақты болу функциясын жүзеге асыру кезіндегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған алдын алу шараларының кешені. Акушерлік-гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес учаскелік терапевтер, жалпы тәжірибе дәрігері, акушер-гинекологтер экстрагениталдық, гинекологиялық ауруларды анықтайды, емдейді. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа зер салсақ, әйелдерді прегравидарлы алдын ала даярлаудың артықшылықтары көп. Оның ішінде анамнезді толық жинау, эпидемиологиялық анамнезді жинау, қанның жалпы клиникалық талдауы, несептің жалпы талдауы, қандағы глюкоза, АИТВ-ға тексеру, В, С гепатиті, ИФТ/ИХЛТ немесе ПГАР, ЭКГ, көрсетілімдер болған кезде кіші жамбас ағзалары, бүйректің УДЗ, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексеру, көрсетілімдер болған кезде медициналық-генетикалық консультация беру, тағысын тағы бейінді мамандардың қосымша тексерулері мен консультацияларынан өтеді. Жүктілік басталғанға дейін үш ай бұрын сауығу немесе тұрақты ремиссия нәтижесіне қол жеткізу мақсатында экстрагениталдық, гинекологиялық ауруларды емдеп, жоспарланған жүктіліктен үш ай бұрын ерлі-зайыптылардың екеуіне де фолий қышқылы тағайындалады. Фолий қышқылы әйелге жүктіліктің алғашқы үш айында күніне 0,4 миллиграмм мөлшерінде беріледі. Ерлі-зайыптыларға күнделікті режіммен тамақтану, жақсы демалу, дұрыс ұйықтау, таза ауада серуендеу ұсынылады. Осыған қоса дәрігерлер бала сүйгісі келіп жүрген жұпқа дене шынықтырумен айналысып, зиянды әдеттерден бас тартуға кеңес береді. Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікті жоспарлау арқылы түрлі аурулардың, асқынулардың алдын алуға болатынын айтады.
– «Балалардағы тұқым қуалайтын және туабіткен ауруларды перинаталды диагностикалау және алдын алу бағдарламасы» 2007 жылдан бастап бар. Осы бағдарламаға сәйкес ұрықтың эхографиясы, жүкті әйелдердің қанын биохимиялық зерттеу босануға дейінгі скринингтің міндетті компоненті ретінде айқындалған. Әйелдің физикалық, психикалық денсаулығының сақталуы, жүктіліктің қалыпты ағымы мен қолайлы нәтижесі, дені сау баланың тууы, босанғаннан кейінгі асқынулардың болмауы босанғанға дейінгі бақылау сапасының негізгі көрсеткіштері саналады. Жүкті әйелдің босанғанға дейін бақылауда тұруы босанудың сәтті аяқталуына, ана мен баланың, сондай-ақ жалпы отбасының денсаулығына ықпал етеді. Мұның халық денсаулығын сақтауда маңызы зор. Дүниеге дені сау бала әкелу барысында ата-аналар бірнеше маңызды факторларды ескеруі қажет. Оның ішінде саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, стресс деңгейін төмендету, зиянды әдеттерден (алкоголь, темекі, есірткі) аулақ болу керек», деп жазылған министрлік ақпаратында.
Қысқасы, қыз-жігіт отау құрмай тұрып медициналық тексерулерден өтсе, тәуекелдерді анықтап алса, мұның өзі ажырасудың алдын алуға көмектеседі.
«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының заңгер-медиаторы Данагүл Мұқажанқызының айтуынша, ажырасудың себеп-салдарының ішінде әйелдерге, балаларға зәбір көрсету фактілері жиі кездеседі.
– Елде дәм-тұзы жараспай ажырасқан ерлі-зайыптылар көбейіп барады. Ажырасуға әлеуметтік жағдайдың төмендігі, әйелдердің өзін күйеуінен биік ұстауы, ішкілікке салыну, құмар ойынға әуес болу, қарыздың көптігі, несие, тағы басқа да себеп-салдарлар әсер етеді. Ерлердің әйелін ұрып-соғу фактілері де аз тіркелмейді. Ажырасқан отбасылардың ішінде баласы әкесінің қолында қалатын кездер сирек. 2024 жылы 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заңға қол қойды. Заңның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген әрекетіне жауапкершілікті күшейту. Айталық, денсаулыққа қатаң зиян келтірген ер-азаматтарды 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтірген жағдайда 200 АЕК айыппұл салынады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұдан басқа да жауапкершіліктер бар. Бір сөзбен, әйеліне күш көрсеткендердің әрекеті қылмыстық іс ретінде қарастырылады, – дейді Данагүл Мұқажанқызы.
Отбасындағы араздық, дау-жанжалдың себеп-салдары көп. Өкінішке қарай, ұрыс-керіс кейде қайғылы аяқталып жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң соны түп-тамырымен жоймаса да, ахуалды біршама реттейтіні анық. Мұндай жағдайлардың көпшілігі жастардың бір-бірімен тіл табыса алмағанынан, мақсат-мүдделері, көзқарасы, таным-түсінігі үйлеспегенінен орын алады. Сондықтан психолог, әлеуметтанушы, заңгер, медицина қызметкерлері жастар үйленбей тұрып бірін-бірі жақсы таныса, жауапкершік алса, ажырасу азаяр еді деген пікірді қуаттайды.
– Отбасын жоспарлау өте дұрыс шешім. Себебі қоғамда рухани құндылықтан материалдық құндылық жоғары болып барады. Ажырасудың бірінші себебі, жоспар құрмағандықтан, алдамшы сезімнің әсерімен жылдам үйленгендіктен, жастардың бірін-бірі жақсы танымағанынан. Ең басты, негізгі себептің бірі – ұл-қызды өскен ортасы жеке өмір сүруге дайын емес етіп тәрбиелеген. Үйде үлкендер қызға болашақ ана ретінде қарауы керек. Ұлды да болбыр қылып өсіруге болмайды. Қысқасы, отбасылық өмірге дайындық курстарын қолға алу керек, – дейді Нәзипа Шанаи.
Отбасын жоспарлау – ерлі-зайыптылар үшін маңызды қадам. Бұл – ата-ана болуға физикалық, психологиялық және қаржылық тұрғыдан дайын болуға көмектеседі. Әр отбасының саналы таңдауы – қоғамның берекесі мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді.