
Фото: Ашық дереккөз
Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында 185 елдің тізімін жариялады, олардың импорттық өнімдеріне АҚШ әкімшілігі өзара негізде кедендік баж салығын енгізеді.
Базалық тариф 10% мөлшерінде белгіленгенімен, көптеген елдер үшін бұл көрсеткіш жоғары болып шықты:
- Қытай – 34%
- Еуропалық Одақ елдері – 20%
- Швейцария – 31%
- Ұлыбритания – 10%
- Израиль – 17%
- Қазақстан – 27%
- Вьетнам – 46%
- Камбоджа – 49%
- Лаос – 48%
Ресей бұл тізімге енбеген. Сонымен қатар, Мексика, Иран, Канада және Беларусь елдеріне де баж салығы енгізілмеген. Ал Украинадан келетін тауарларға 10% сауда салығы салынатыны хабарланды.
Посткеңестік елдердің көпшілігіне 10%-дық тариф енгізілген. Алайда Қазақстан (27%) мен Молдова (31%) үшін бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Армения, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан үшін баж салығы 10% деңгейінде сақталды.
Трамп жеңіл және жүк көліктеріне, сондай-ақ автокөлік бөлшектеріне 25%-дық баж салығын енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.
АҚШ президенті бұл шараларды «экономикалық тәуелсіздік декларациясы» деп атап, 2 сәуірді «Америка азаттық күні» деп атады.
«Ондаған жылдар бойы АҚШ-тың достары мен қарсыластары біздің экономикамызды пайдаланды. Бірақ баж салығын енгізумен бұл аяқталды. Бұл – АҚШ үшін жаңа алтын ғасырдың бастауы», деді Трамп.
Сонымен қатар, ол баж салығының мөлшері өзгертілуі мүмкін екенін ескертті. 10%-дық базалық баж салығы – 5 сәуірден бастап, бірқатар елдер үшін жоғары тарифтер – 9 сәуірден бастап күшіне енеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңа тарифтер АҚШ-тағы инфляцияның өсуіне және тұтыну бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, көптеген елдер АҚШ-тың бұл әрекетіне жауап ретінде өз тарифтерін енгізуі мүмкін, бұл жаһандық сауда соғысына алып келуі ықтимал.