Қоғам • 04 Сәуір, 2025

Әлеуметтік осал топтарды қолдау қажет

336 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын ең үлкен бастамалар катализаторына айналып отыр. Президент құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әлеуметтік осал азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі – қоғамның өмір сүру деңгейінің негізгі көрсеткіші. Қазақстанда мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойын­ша ауқымды шаралар қабылдануда, олардың нәти­желері қазірдің өзінде байқалады. Өткен жылы күрделі өмір­лік жағдайға тап болған азаматтарға шамамен 21 мың пә­тер берілді», деп атап өтті.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау қажет

Сурет: pexels.com

Маңғыстау облысында да әлеу­меттік осал топ өкілдерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Өңірде «Бақытты отбасы» және «Наурыз» сияқты мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ла­малары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Дегенмен Ақтау­дағы урбанизацияның жоғары деңгейін, халық саны­ның қарқынды өсуін ескере отырып, тұрғын үйге деген сұра­ныс өзекті болып қала бере­ді. Құрылыс көлемін арттыру ғана емес, жаңа тұрғын аудан­дарда инфрақұрылымның тең­герімді дамуын қамтамасыз ету маңызды. Сонда ғана тұрғын үй шын мәнінде жайлы болады.

Сонымен қатар мемлекет әлеу­меттік инфрақұрылымды, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту, қолдау саласын дамытуға қатысты маңызды қадамдар жасалады. Президент құрылтайда Семей, Тараз, Кентау, Орал қалаларында заманауи оңалту орталықтары ашылғаны туралы айтты. 2026 жылға дейін Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Шымкент, Талдықорғанда оңалту орталықтарын салу жоспарланып отыр­ғанын ерекше атап өтті. Бұл айтарлықтай жетістік болға­ны­мен, мұндай мекемелерге деген қажеттілік әлі де жоғары. Бұл мекемелердің толыққанды жұмыс істеуі үшін білікті мамандармен, заманауи жабдықтармен, тиім­­ділігі дәлелденген әдіс­тер­­мен қамтамасыз ету қа­жет. Маң­ғыстау облысында да ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалтуға арнал­ған маман­дандырылған орталықтардың жетіс­пеушілігі байқалады. Өңірде аутизм спектрі бұзылған (АСБ), даму ерек­шеліктері бар балалардың саны айтарлықтай көп, бірақ маман­дандырылған мекемелер жеткіліксіз. Ата-аналар елдің басқа өңірлеріне жүгінуге мәжбүр. Бұл қаржылық, ло­гис­­тикалық қиындықтар тудырады.

Президент құрылтайда еліміз әлеу­меттік мемле­кет еке­ніне, сондықтан да бі­лім беру, денсаулық сақтау сала­лары­на инвестиция салуды жалғастыра беретініне, шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсе­тілуі керектігіне де баса назар аударды. Бұл бағ­дарламаларды мемлекеттік ре­сурс­тардың есебінен қаржыландыру аздық етеді. Оларға қайырымдылық ұйым­да­ры мен жеке инвесторлардың қолдауы қажет. «Қазақстан хал­қына» қоры бұл салада оң нә­тижелер көрсетіп отыр. Деген­мен осы бастамаларды іске асы­руды жеделдетуге жергілікті билік органдары мен кәсіпкерлік секто­рын, әсіресе, бизнесті оңалту инфра­құрылымын тарту табысқа жетудің маңызды факторы бола алады.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту – мемлекет үшін қағидатты мәселе. Тек білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету ғана емес, оның сапасын арттыру, инклю­зивті білім беру жағдайларын жасау қа­жет. Осы мақсатта жыл соңы­на дейін балаларды кешенді қолдау­ды, оның ішінде білім беру, ме­дициналық, әлеуметтік аспекті­лерді ескеретін жаңа заң әзірле­ну­ге тиіс. Маңғыстау облысында да инклюзивті білім беру мүмкін­діктерін кеңейту, жалпы білім беретін мектеп­терде арнайы сыныптар құру, мұғалімдерді ерекше қажет­тіліктері бар балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістеріне оқыту қажет.

Бұл шараларды жүзеге асыру кешенді тәсілді, ведомство­аралық өзара іс-қимылды талап етеді. Тек сонда ғана қойыл­ған мақсаттарға қол жеткі­зуге, елімізде шын мәнінде қолже­тімді, тиімді әлеуметтік қолдау жүйесін құруға болады.

 

Әсем КҮЛБАЕВА,

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы