Үкімет • 04 Сәуір, 2025

Қылмыстық кірістерге тосқауыл қоятын заң талқыланды

395 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Қылмыстық кірістерге тосқауыл қоятын заң талқыланды

Қаржы жүйелерін қорғаудың бірлескен шарасы

Отырыс барысында палата депутаттары «Қылмыстық жол­мен алынған кірістерді заңдас­тыру­ға және терроризмді қаржы­лан­дыруға қарсы іс-қимыл жөнін­дегі Еуразиялық топ туралы келісім­ге және Қылмыстық жол­мен алын­ған кірістерді заңдас­тыруға және терроризмді қаржы­лан­дыру­ға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Заң арқылы енгізілген өзгеріс­тердің қатарында Еуразиялық топты жүргізу нысанасы ретін­де қылмыстық кірістерді заңдас­тыруға және терроризмді қар­жы­ландыруға қарсы іс-қимыл­мен тең дәрежеде жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін толықтыру жөнінде норма да бар. Одан бөлек, іргелі ұғымдар мен терминдерді қолданыстағы халықаралық стандарттарға сәйкес өзектендіру, қосымша жұмыс форматтарын құру мен олардың жұмыс істеуін регламенттеу, сондай-ақ Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру мен орындау тәртібін жетілдіру мен басқа да бірқатар шара көзделген.

«Қаралған заң Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдас­тыруға және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл жөнін­дегі Еуразиялық топтың құжат­­тарына бірқатар түзету енгізуді көз­дейді. Бұл түзетулер ұйым­ға мүше мемлекеттердің қаржы жү­йе­лері мен экономикаларын қор­ғауға бағытталған бірлескен қыз­метін жетілдіруге арналған. Жалпы, заң ФАТФ аясында ат­қарылып жатқан іс-шаралар­дың тиім­ді­лігін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Газ қауіпсіздігі бақылаусыз қалып тұр

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдап, өзекті мәселелерді көтерді. Депутат Бекбол Орынбасаров газ және лифт шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің жауапкершілігін арттыру қажет екенін айтты.

Сенатордың айтуынша, газды тасымалдау мен пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оның міндетті түрде одоризациядан өтуі қажет. Алайда қазіргі уақытта бұл үдеріс тиісті бақылаусыз қалып, ал жергілікті атқарушы органдардың оны жүзеге асыруға қажетті ресурс­тары мен біліктілігі жетіспейді.

«Табиғи газдың сыртқа кетіп жатқанын анықтайтын «құрылғы» қарапайым халықта мүлдем жоқ. Сондықтан одоризациялану шарасы жүргізілмесе, оны анықтау мүмкін емес. Осындай олқылықтың салдары қандай жағдайға әкеліп жатқаны бәрімізге мәлім. Мысалы, 2023 жылы 11 желтоқсанда Қостанай об­лысында, 2023 жылы 17 сәуі­рінде Жаңаөзен қаласында газ жарылып, бірнеше адам опат болды. Биыл 2 наурызда Маңғыстау облысында жеті адамнан тұратын отбасы, оның ішінде бесеуі кәмелетке толмаған, көміртегі тотығымен уланып, барлығы сол жерде қайтыс болды. Мұндай апатты жағдайлар жыл сайын орын алып жатыр», деді сенатор мәселенің өзектілігін атап өтіп.

Сонымен қатар ол лифт ша­руа­шылығының қауіпсіздігі мәсе­лесін де көтерді. Ол ескі лифті­лерді пайдаланудың қауіпті екенін айтып, бұл салада бақы­лау­ды күшейту қажеттігін атап өтті. Б.Орынбасаровтың пікірін­ше, қазіргі таңда лифт шаруашы­лығына бақылау орнатып, лифт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалау маңызды.

«Лифт шаруашылығын мон­таждауды, баптауды материал­дық-техникалық базасы жоқ, кез келген кәсіпкер жүргізіп жатыр. Яғни лифтімен ең қарапайым түсу немесе көтерілудің өзі өте қауіпті десем, артық болмайды», деп алаңдаушылық білдірді.

Сенатордың ұсыныстары – газ және лифт шаруашылығында мем­лекеттік бақылау мен қадаға­лауды күшейту, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министр­лігінің жауапкершілігін арттыру. Ол газды әлеуметтік және тұрмыстық нысандарға жеткізу кезінде міндетті одоризация жүргізуді, лифт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа бағдарламалар әзірлеуді және тұрғын үйлердегі ескі лифтілерді ауыстыру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.

 

Көміртегі нарығының дамуына не кедергі?

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев көміртегі қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін қажетті міндеттерді шешу мәселелеріне, соның ішінде экономиканы декарбониза­циялау үшін инвестициялардың тапшылығына назар аударды. Депутаттың айтуынша, күрде­лі көміртегі жобаларын іске асыру үшін кадрлар мен техноло­гиялардың тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты сенатор климаттық инвес­тицияларды қолдауды көздейтін нақты шаралар ұсынды.

«Елімізде күрделі көміртекті жобаларды жүзеге асыру үшін технологиялық және сарапшы мамандар жетіспейді. Отандық бейінді жоғары оқу орындарында «Орнықты даму маманы», «Орнықты энергетика», «Кли­мат экономикасы», «Жасыл қаржы­ландыру», «Жасыл техноло­гия­лар», «Климаттық дипломатия» ма­мандықтары бойынша кадр­лар­ды даярлау және оқыту бағ­дар­ламалары жоқ», деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, еліміз­дегі көміртегі нарығының дамуына кедергі келтіретін негізгі себеп­терге қазба отынына тәуел­ді болу, орнықты даму сала­сын­дағы сарапшылардың жетіс­пеу­шілігі және заңнамалық база­ның жетілмегені жатады. Сена­тор елі­міздің бірде-бір аймағын­да осы уақытқа дейін нөлдік шыға­рын­дылар стратегиясы жасалмағанын және кәсіпорындардың көміртегі саудасына қатысуға нақты ынталандыру жоқ екенін жеткізді.

«Шығарындылар саудасының ұлттық жүйесін одан әрі дамыту, заңнамалық реттеуді күшей­ту, халықаралық инвестор­ларды тарту және экономиканы жаң­ғыртудың мемлекеттік жоспарына декарбонизацияны енгізу қажет», деді сенатор Ғ.Сарыбаев.

 

Ақмола облысында мектеп тапшы

Депутат Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы мектептерде оқушылар саны тиісті шама­дан тым көп екенін айтып, мәсе­ле көтерді. Сенатор аталған олқы­лықты тиімді шешу және инфра­құ­рылымды жақсарту үшін қосым­ша қаржы бөлу керек екенін айтты.

Өңірде «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы аясында 12 мыңнан аса оқушыға арналған жаңа білім ошақтары пайдалануға беріліп, бұл мектеп орындарының жетіспеу­шілігін едәуір төмендеткен. Алайда урбанизация, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы және көші-қон үдерістерінен өңір­дің жеті елді мекенінде жаңа мектептер салу қажеттілігі туын­дады. Жер учаскелері қарасты­рылғанымен, мектеп құрылы­сын қаржыландыру мәселесі шешілмеген күйде қалып отыр.

«Қосшы қаласында 1 500 орындық жаңа мектеп салу қажет. Себебі оқушылар саны 12 мыңнан асып кетті. Бұл мектеп тапшылығы мәселесін одан әрі ушықтырады. Сол сияқты Көкшетау, Щучинск, Аршалы, Шортанды және басқа да аудандарда мектептерге деген сұраныс жоғары. Ауылдарда да жағдай күрделі. Мысалы, Красный Яр ауылында мектептердің жобалық қуаты 1 010 орын болса, оқушылар саны 2 290-ға жеткен», деді сенатор.

Осыған байланысты Т.Жү­нісов Премьер-министрден үш ауы­сымдық оқытуды жою және мектеп орындарының тапшылығын шешу мақсатында 2025 жылы аталған елді мекендерде мектеп салуға республикалық бюджеттен қаржы қарастыруды сұрады.

 

Су саласындағы көп маманның арнайы білімі жоқ

Бүгінде еліміз су тапшылығы қаупімен бетпе-бет келіп отыр. БҰҰ болжамынша, 2040 жыл­ға қарай еліміздегі су ресурсы­ның тап­шылығы 50%-ға жетуі мүмкін. Гидро­техникалық құры­лыстардың тозуы, ауыл шаруа­шылығы саласы­на су беру кезінде судың 40%-ының жоғалуы, сондай-ақ су шаруа­шылығында білікті мамандардың болмауы жағдайды ушықтырады.

Сенатор Сәкен Арубаев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында еліміздің су қауіпсіздігін нығайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Бұл салада жұмыс атқаратын мамандардың 70%-ының білімі сәйкес келмейтінін айтпағанда, мамандығы мүлдем жоқтары тағы бар. Жыл сайын бұл бағытта 200 жоғары, 100 техникалық және кәсіптік білімі бар мамандар даярланса, олардың бестен бірі ғана өз мамандығымен жұмысқа орналасады», деді сенатор.

Сенатор Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы­на және Қазақ ұлттық су ша­руа­шылығы және ирригация уни­верситетінің ашылуы­на қарамастан, жоғары оқу орны елеулі проблемаға тап болып отыр­ғанын атап өтті. Инфра­құры­лымның ескіруі, зертхана жабдықтарының жетіспеуі, студенттер мен оқытушылардың жеткіліксіз саны маман даярлауға зор қауіп төндіріп отыр.

«Мемлекеттік тапсырыс пен грант­тар санын кө­бей­тумен шек­телмей, су шаруашылығы маман­дық­тарына қызығушылықты арттыру, мамандарды қайта даярлау және оларды өңірлерде жұмыс­қа орналастыру, жалақысын көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылдаған жөн. Оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін шетелдік жо­ғары оқу орындарымен акаде­мия­­лық өзара тәжірибе алмасу бағ­дар­ламаларын кеңейтуді жандандыру керек. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне берілген мәр­тебесін ескеріп, оған су құрылыс­тарына жобалау және сараптама жасай алатын құзы­ретті мекеме ретінде мүмкіндік беруді және бұл университетті Су ресурстары  және ирригация министрлігінің жанына бекіту мәселесін қарастыру ұсынылады», деп атап өтті сенатор.