
2023 жылдың соңында Өзбекстан астанасына барған сапарымыз еске түсіп отыр. Сол жолы Ташкентке табаны тиген қазақтың тәу етіп, тағзым жасар қасиетті орындарының бірі – әлемге мәшһүр қылқалам шебері Орал Таңсықбаевтың музей-үйіне аялдаған едік. Екіқабатты ескі ғимаратты екі сағаттай аралап, саңлақ суретшінің өзімен жүздескендей, рухымен тілдескендей ерекше күйге бөлендік. Алған әсеріміз, көрген дүниеміз туралы кезінде «Egemen Qazaqstan»-ға «Телтұлға» деген атаумен мақала да жазғанбыз. Әрі етене жақын екі елге ортақ телтұлғаның музей-үйімен үкіметтік деңгейде байланыс орнатудың маңызы зор екенін де мәселе етіп көтергенбіз. Мақаламызда әлгі ұсынысты музей директоры Фарход Джалиловтің сөзімен тұздықтай түскеніміз бар-тын.
– Қазақстан тарапымен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Ол үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау керек. Өйткені мұндағы дүниелердің бәрі құнды жәдігерлер. Сондықтан көрме ұйымдастыру, картиналарды тасымалдау, сақтандыру, қаржыландыру секілді жауапты жұмыстар үкіметтік деңгейде келісіліп, шешілгені абзал. Бізге музейлер арасындағы байланыстың қалыптасқаны, тереңдей түскені маңызды. Себебі Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына қызығатын қазақстандықтардың көп екенін білеміз, – деген-ді сонда Фарход Джалилов.
Біз де өз тарапымыздан «Рас, үкіметтік деңгейдегі байланыстың маңызы зор. Оның үстіне биыл Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толады. Мұндай мерейлі датаны елеусіз қалдыруға болмайды. Ауқымды іс-шаралар арқылы атақты суретшінің шығармашылығын қайта жаңғыртып, жұртшылықпен қауыштырған абзал. Бұған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі де маңыз береді деп сенеміз. Қазақта Орал Таңсықбаевтай атағы алты құрлыққа жайылған саңлақ суретші саусақпен санарлық. Ұлы өнер иесін ұлықтау алдымен ұлтымызға, ұрпағымызға керек», деген ойды одан әрі өрістете түскен едік.
Міне, сол бір ұсыныс кеш те болса жүзеге асырылды. 19 наурызда Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде КСРО халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі, Өзбекстандағы кескіндеме өнерінің негізін қалаушы, замандастары «тау мен дала жыршысы» атаған ұлтымыздың дарынды перзенті Орал Таңсықбаевтың көрмесі ашылды. Енді өнер сүйер қауым осы жылдың 1 маусымына дейін саңлақ суретшінің тамаша туындыларымен таныса алады. Іс-шараның ашылуына қатысқан Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева мұны Орал Таңсықбаевтың кейінгі 40 жылдағы ең ауқымды көрмесі екенін еске салды. Шынында да, бұл жолы Өзбекстан мен Қазақстан музейлерінен жинақталған таңдаулы 78 туынды көпшілік назарына ұсынылды. Саида ханым атап өткендей, «Көрме – ұлы суретшіге жасалған зор тағзым ғана емес, сонымен қатар бауырлас екі елдің көркем мұрасын біріктіретін маңызды мәдени оқиға».
Айтпақшы, Ташкенттегі Орал Таңсықбаевтың қарашаңырағына жолымыз түскен жылы Камала Бөрібаева есімді музей қызметкерінің «Құтты қонақ екенсіздер. Кеше мұнда президенттің қызы келген еді. Сіздер мәртебелі мейманнан кейін табалдырығымызды аттап тұрсыздар. Бұл – жақсылықтың нышаны», – деп ілтипат білдіре сөз бастағаны бар. Экскурсоводтың «президенттің қызы» деп меңзегені дәл осы Саида Мирзиёева болатын. Сол жолы Өзбекстан президенті көмекшісінің Facebook-тегі ресми парақшасынан «Біздің елдегі музей-үйлердің жұмысын қайта қарастыратын уақыт жетті. Оларды сапалық әрі мазмұн тұрғысынан жаңа деңгейге көтеруге тиіспіз», деген жазбаны да көзіміз шалған-ды. Сондағы оң өзгерістердің Орал Таңсықбаев музей-үйін айналып өтпегеніне бүгін ішіміз жылып отырғанын несіне жасырайық. Бауырлас елдердің мәдени байланысы бекем болғай.
Атажұртына келген Орал Таңсықбаев туындыларын тамашалайық, ардақты оқырман.
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
журналист
АСТАНА