
Сол жылдары түсірілген фильмдер қатарында – «Два бойца», «Жди меня», «Ленинградцы», «Партизаны», «Батыры степей», «Сын бойца» және басқа да туындылар бар. Фильмдерге Михаил Жаров, Любовь Орлова, Николай Черкасов, Марина Ладынина секілді әйгілі актерлер қатысты.
«Соғыс жылдары Қазақстан мәдениеті үшін өсу мен өрлеудің жаңа көкжиектерін ашты. Ел ішін шарпыған бұрын-соңды болмаған патриоттық рух пен биік мақсат – қазақтың бейнелеу және музыка өнерінің, театры мен киносының, поэзиясы мен әдебиетінің келбеті мен мазмұнын қалыптастырған басты факторларға айналды. Әрине, біз – бүгінгі ұрпақ – осының бәрін бағалап, қазіргі ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуына апаратын бірегей тарихи кезең ретінде қабылдауымыз қажет», деді А. Балаева.
Айта кетсек, 1943 жылы «Қазақфильмде» режиссер Ефим Аронның «Белая роза» атты фильмі түсіріліп, сол фильмде жаралы офицердің рөлін Шәкен Айманов сомдаған. Бүгінде «Қазақфильм» студиясына осы аңыз адам – актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың есімі берілгені мәлім. Алматыда эвакуацияда жүрген кезінде Сергей Эйзенштейн «Иван Грозный» фильмінің бірінші бөлімін аяқтаған екен.
Конференция қатысушылары Ресей мен Қазақстан кинематографистерінің соғыс жылдарындағы ынтымақтастығы болашақтағы бірлескен жобаларға негіз болғанын атап өтті.
Айта кетелік, іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов, Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков, РФ-ның Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі басшысы Григорий Гуров, екі елдің ғалымдары, сарапшылары және белсенді жастар қатысты.