Өшпес даңқ • 05 Сәуір, 2025

Жеңіс тарихы ұмытылмайды

126 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Достық үйінде Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» атты Қазақстан-Ресей конференциясы өтті.

Жеңіс тарихы ұмытылмайды

Конференция жұмысына Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Президентінің шетелдермен ай­мақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Антон Рыбаков, Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі басшысы Григорий Гуров, екі елдің ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты. Кон­ференция мерейтойлық атау­­лы күнге арналған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-шара­ларының бастауы болды.

Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов Қазақстан-Ресей конференциясының ашылу салтанатында қатысушыларды айтулы мерейтоймен құттықтап, тарихи естеліктерді сақтауда екі елдің өзара байланысының маңызын атап өтті.

вап

«Алматыда өтіп жатқан «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» конференциясы – елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығай­туға бағытталған тағы бір қадам. Соғыс туралы естеліктер – біздің ортақ тари­хымыз, келешектегі бірлескен ынтымақтастықтың негізі. Жеңістің 80 жылдығы аясында және жалпы алғанда, біз үшін білім беру, өзін-өзі дамыту, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды», деп атап өтті А.Нүкенов.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жүздеген миллион адамның ерен еңбегі мен жанқияр­лы­ғының нәтижесінде жеткен Жеңістің қазақ халқы үшін мәні тереңде жатқанын тарихшылар дерегіне сүйене отырып, тың мәліметтерді алға тартып, кең көлемді баяндамасына нақты мысалдарды арқау етті. Ерлері жеңіс жолында жан аямай ерлік көрсетіп, майдан үшін барын берген Қазақстанның сол зобалаң жылдары басынан өткерген саяси, экономикалық тауқыметі мен мәдени өрлеу кезеңін қатар алып саралады.

Ресей Федерациясы Президентінің шетелдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында А.Балаева мен Г.Гуров қол қойып, қабылдаған 2025 жылға арналған Ресей-Қазақстан арасындағы гуманитарлық ынтымақтастық сала­сын­дағы іс-шаралар жоспарының маңызына айрықша тоқталып өтті.

«Бұл – екі ел өкілдерінің ұзақ жылдардың бедерінде бірлесе жүргізіп келе жатқан, бірін-бірі толықтыратын тиімді жұмысының нәтижесі. Бұл жұмыс бүгін ғана басталған жоқ және ортақ мүдде Ресей мен Қазақстанның тәуелсіз дербес мемлекеттер ретіндегі достық қарым-қатынасының берік іргетасын қалыптастырып келеді. Іс-шаралардың бірлескен жоспарын қабылдау игі мақсатымызды жаңа сапалы деңгейге көтереді деп сеніммен айта аламыз», деді А.Рыбаков.

Ресейлік мейманның айтуынша, бұл қабылданған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру нәтижесі алдағы жылдарда оң бағдарымен айқындала түспек. Ол сондай-ақ Қазақстанның фашизммен күрестегі жеңіске қосқан үлесі тура­лы ойын тарқата келе, республикаға көшірілген кеңестік азаматтарды ба­уырына басқан қазақ халқының ізгілігі ешқашан ұмытылмайтынын тағы бір жадыда жаңғыртты.

«Біздің отандастарымызды, аталарымыз бен әжелерімізді қабылдап, екінші Отан сыйлаған қазақстандық достарымыздың, алматылықтардың көрсеткен қонақжай кең пейілі үшін алғыс білдіреміз», деді А.Рыбаков.

Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттіктің басшысы Г.Гуров Отан соғысы батырларын есте сақтаудың маңызы туралы әңгімеледі.

«Біз Қазақстанға екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықтың жалпы жоспарын қабылдау үшін келдік. Оның ауқымында алуан түрлі бағыттар қамтылған, соның ішінде ерікті бағытта жұмыс істеу, жастармен жұмыстың біз үшін қашанда мәні жоғары. Ресейден соғыс қасіретін есте сақтау мен жеңіс төңірегінде ізденіп, зерттеп жүрген қоғамдастықтың мүшелерінен құралған үлкен делегация келді. Олар – Жеңіс еріктілері, мамыр мерекелері қарсаңында «қалай атап өтеміз, не жасалуы керек, екі елдің өскелең ұрпағы бұл Жеңістің маңызын қалай сақтай алады?» деген мәселені Қазақстан жас­тарымен бірлесе талқылау ойда бар»,  дейді Г.Гуров.

Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысындағы жеңіс те, оны есте сақтау да – ресейліктер үшін мыңжылдықтарда маңызын жоймайтын қастерлі естелік.

«Бұл, біріншіден, соғыс қасіреті ешқашан қайталанбас үшін керек. Екіншіден, Ресей жастары да, Қазақстан жастары да екі елді көп нәрсе байланыстыратынын түсінуі қажет. Байланыстыратын жақсы дүние де, қара таңбалы оқиғалар да жетерлік, сыртқы қауіп-қатер алдында халықтардың бірігу мүмкіндігі – бұл маңызды іс. Сондықтан да кеңес одағын қорғай отырып қаза тапқан қазақ халқының өкілдерін біз ерекше құрметтейміз. Қазақ жерінде жасақталып, Мәскеуді қорғап, шейіт болған панфиловшылар соғысқан Мәскеу түбінде салтанатты іс-шаралардың бастау алатыны да тегіннен-тегін емес», деп Г.Гуров өз ойын толықтырды.

Конференция бағдарламасы үш панельдік сессиядан тұрды. Атап айтсақ, «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы көпір», «Жеңіс естелігін сақтауға арналған жастар қозғалыстары» және «Ортақ тарихты нығайтуға бағытталған заманауи жобалар» секілді сессиялар екі ел мамандарын ортақ әңгіме төңірегіне тоғыстырды.

р

Мәдениет және ақпарат министрі алға тартқан мәліметке қарағанда, 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстаннан 1 196 164 адам әскерге шақырылған. Ал бұл деген сөз соғыстың алғашқы күнінен бастап жаппай мобилизацияға қатысқан Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны майданның алдыңғы шебінен табылған. Сталинград шайқасы кезінде Қазақстан Сталинград майданының ең жақын тылына айналды. Осыған байланысты 1942 жылғы 15 қыркүйектен бастап Батыс Қазақстан облысында әскери жағдай енгізілген.

Қазақстан аумағында 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, шамамен 50 жеке полк пен батальон құрылды. Оның ішінде 3 атты әскер дивизиясы мен 2 атқыштар бригадасы ұлттық қазақ құрамалары ретінде жасақ­талған. Соғыстың соңына дейін сақ­­талып қалған осы 12 дивизияның бар­­­­лығы құрметті атақтарға ие болды. Ал бесеуі «гвардиялық» дивизия мәртебесін алды.

Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Леонид Беда, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сергей Луганский есімдері Жеңіс тарихына алтын әріптермен жазылды. 528 адам Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында отандастарымыз партизан қозғалыстарына қатысты. Қазақстан тылда да ерен ерлік көрсетті. Отан соғысы қазақ мәдениетінің дамуына да серпін берді, оның қуаты халықты жұмылдыру мен кеңес жауынгерінің рухын көтеруге бағытталды. Алайда бұл Жеңістің бағасы 27 миллион адамның өмірі болды. Қазақстан үшін орны толмас шығын – 601 011 адам. Оның ішінде 279 696, яғни 46,5 пайызы ұрыс даласында қаза тапты, 42 766 адам немесе 7,1 пайызы госпитальдарда жарақат пен ауру салдарынан көз жұмды, 271 503, яғни 45,2 пайызы хабарсыз кетті.

Кейінгі тарихшыларымыздың дерегінше, гитлерлік тұтқынға түскен 128 мың қазақ жауынгерінің 23 мыңы ғана концлагерьлердегі жантүршігерлік жағдайлардан тірі қалып, Отанына оралған.

па

«Соғыс – адам шығыны ғана емес, орасан экономикалық зардап. Қазақстан сол жылдары майдан үшін барын берді десек, артық айтқандық емес. Соғыс жылдарында республика майданға қорғасынның 85 пайызын жеткізді, ал әр төртінші оқ Лениногорскіде (қазіргі Риддер) өндірілген қорғасыннан құйылған. Сонымен қатар Қазақстан барлық полиметалл кенінің 79 пайызын, висмуттың 65 пайызын, молибденнің 60 пайызын, мыс кенінің 35 пайызын қамтамасыз етті. Жеңіс жолында барлығы – болат құюшыдан бастап есепшіге дейін, етікшіден мұғалімге дейін, үлкен-кіші түгел талмай еңбек етті. Мәдениет саласы да ерекше рөл атқарды. Соғыс зардабы, жоқшылық, аштық белең алған қиын-қыстау кезеңде өнерге орын жоқтай көрінетін. Бірақ олай болмады. Мемлекет мәдениетті тек қолдап қана қоймай, оны нысаналы түрде халық арасына таратты, оның қуатты рухани күшін Жеңіске жетудің бір тетігі ретінде шебер пайдаланды әрі дамытуға күш салды», деді А.Балаева.

Кейінірек есептелгендей, соғыс жылдары Қазақстанның концерттік ұйымдары майдан шебінде, госпитальдарда 36 525 рет өнер көрсеткен. Бұл кезде республикаға эвакуацияланған киностудиялардың базасында отандық кинематография дамыды. Осы жылдары қалыптасқан мамандар кейін қазақ киносының негізін қалады.

– Айта кетерлігі, 1943 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Ефим Аронның «Белая роза» фильмі түсірілді. Онда жаралы офицердің рөлін Шәкен Айманов сомдады. Бүгінде «Қазақфильм» осы аңызға айналған актер әрі режиссер есімін иеленіп отыр. Ресей мен Қазақстан кинематографистерінің шығармашылық үдерісте бірігіп жұмыс істеуі ұлттық киноиндустриямыздың негізін қалады, – деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, сол жылдары кинематографияда ғана емес, басқа салаларда да көптеген туынды дүниеге келді. Соғыс поэзиясының жауһары – қазақ ақыны Жамбылдың қоршаудағы Ленинградқа арнаған «Ленинградтық өренім!» атты өлеңі.

От пен оқтың ортасында жаумен арпалысқан жауынгерлердің ерлігі қазақ мәдениеті қайраткерлеріне шабыт берді. Аида Ғалымқызы дәл осы соғыс жылдары, 1944 жылы композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің Қазақ КСР-нің алғашқы Мемлекеттік гимнін жазғанын, сонымен қатар соғыс жылдары қазақтың дәстүрлі фольклорлық жанры – айтыс өнерінің қайта жаңғырғанын еске алды.

Соғыс жылдарында Қазақстанға эвакуацияланған 23 театр мен филармония шығармашылық ұжымдарының респуб­лика өнерінің дамуына қосқан үлесі зор болды. Галина Уланова, Юрий Завадский, Вера Марецкая сынды сахна шеберлері қазақ театрларының актерлеріне өздерінің бай тәжірибесін үйретті.

Сахнада бұрыннан танымал туындылар қойылып қана қоймай, соғыс жылдарында тұңғыш премьералар да өтті. Мәселен, 1942 жылы Қазақстанда алғаш рет опера жанрындағы қойылым сахналанды. Авторы – Евгений Брусиловский, ал туынды «Гвардия, алға!» деп аталды. 1944 жылы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы сахнаға шықты. Сол жылы Наталья Сацтың есімін бүгінде иеленіп отырған Балалар мен жасөспірімдер театры (ТЮЗ) ашылды.

Сол кезеңде Қазақстанның бейнелеу өнері шеберлері 2,5 мыңнан аса кескіндеме, графика және мүсін туындыларын жасап шығарды. Бұл шығармаларда кеңес адамдарының майдан мен тылдағы патриотизмі, табандылығы, ерлігі мен қаһармандығы бейнеленді. Қазақстан кескіндемесі мен графикасының дамуына қосқан зор еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен Әбілхан Қастеев пен Моисей Левинге «Қазақстанның халық суретшісі», ал Сергей Бондарь мен Наум Карповскийге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді.

Қазақстанның ортақ жеңіске қосқан үлесі туралы толымды сөз қозғаған А.Балаева соғыстың ауыр жылдары Қазақстан мәдениеті үшін өсу мен өрлеудің жаңа көкжиектері ашылғанын осы тектес жарқын мысалдармен айшықтады. Ел ішіндегі бұрын-соңды болмаған патриоттық рух пен биік мақсат – қазақтың бейнелеу және музыка өнерінің, театры мен киносының, поэзиясы мен әдебиетінің келбеті мен мазмұнын қалыптастырған басты факторларға айналғанын атап өтті.

«Әрине, біз, бүгінгі ұрпақ, осының бәрін бағалап, қазіргі ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуына апаратын бірегей тарихи кезең ретінде қабылдауымыз қажет. Бір нәрсені анық айта аламыз: сол сұрапыл соғыста жеңіске жеткеніміз – қаһарман аталарымыздың ұлы ерлігінің арқасы. Осы қарапайым, бірақ терең мағыналы шындықты келер ұрпаққа жеткізу – біздің қолымызда», деп сөзін түйіндеді Аида Ғалымқызы.

Жалпы, атаулы мерейтой қар­саңында тараптар бірқатар жобаны бірлесе атқаруды жоспарлап отыр. Атап айтсақ, алдағы уақытта түрлі акциялар, форумдар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Абай облысында тазалық акциясы басталды

«Таза Қазақстан» • 05 Сәуір, 2025

Үш айда 7 145 жұмысшының құқығы қорғалды

Жұмысшы мамандықтар жылы • 05 Сәуір, 2025

1650 адам қала тазартуға қатысты

«Таза Қазақстан» • 05 Сәуір, 2025

«Жеміс»

Мың бір мысал • 05 Сәуір, 2025

Дәм сезбейтін аспаз

Ғалам ғажаптары • 05 Сәуір, 2025

«Мода дегеніміз...»

Сатира • 05 Сәуір, 2025

Тікелей әуе рейсі ашылады

Саясат • 05 Сәуір, 2025

Отбасына тиімді карта

Қоғам • 05 Сәуір, 2025

Көлікті сақтандыру қымбатқа түседі

Заң мен Тәртіп • 05 Сәуір, 2025

Жеңіс тарихы ұмытылмайды

Өшпес даңқ • 05 Сәуір, 2025

Торғайды түлететін төте жол

Экономика • 05 Сәуір, 2025