Сұхбат • 05 Сәуір, 2025

Нұрсерік ШӘРІПОВ: Халықтың сенімі – сот қызметінің басты өлшемі

422 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Астанада өткен Судьялардың ІХ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек екенін, бұл саланы түбегейлі реформалау алда тұрған маңызды мін­деттің бірі екенін айтты. Осы орайда біз Жоғарғы Сот­тың Азаматтық істер жөнін­дегі сот алқасының төраға­сы Нұрсерік Шәріповпен сұхбаттасып, Президент алға қойған тапсырмалардың орындалу барысын әңгімеге арқау еткен едік.

Нұрсерік ШӘРІПОВ: Халықтың сенімі – сот қызметінің басты өлшемі

Онлайн отырыс соттың ашықтығын айқындады

– Нұрсерік Кәрімұлы, Президент заң мен тәртіп қағидаты берік орныққан әділ қоғам құру жайында жиі айтып жүр. Жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында бұл ойын тағы да қайталады. Осы орайда заң үстемдігін орнату, халықтың билікке деген сенімін нығайту үшін сот органдары қандай үлес қосып жатыр?

– Судьялардың IX съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев соттарда жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижелі екенін айтып, кассациялық сатыға қолжетімділікті кеңейту, озық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану арқылы сот жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өткен еді. Қазір еліміздің жоғары сот органының жұмысы осы тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған.

«Әділетсіздікке төзімділік танытқан қоғам – өз болашағын құрдымға итермелейді» деген қанатты сөз бар. Бұл ой біздің қызметіміздің басты мәнін айқындайды. Сот жүйесінің жұмысын біз емес, ең алдымен, қоғам бағалайды. Халықтың сенімі мен әділдікке деген үміті – жұмысымыздың басты өлшемі.

Жоғарғы Сот, оның ішінде Азаматтық істер жөнін­дегі сот алқасы құқықтық жүйе­ні жетілдіру мен заңды шешімдер қабыл­дау бағытында ауқымды жұ­мыстар ат­қар­ды. Атап айтқанда, 24 ба­ғыт бойын­ша сот практикасына талдау жасалды. Мұ­рагерлік, еңбек, жер даулары мен сақтандыру салаларындағы сот практикасын жүйелеу арқылы әділдік қа­ғи­да­ларын бекіте түстік. 2024 жылы жел­­тоқ­сан айында еңбек дауларын қа­рау кезінде заңнаманы қолданудың сот прак­тикасын қорыту нәтижелері бо­йын­ша жаңа нормативтік қаулы қабылданды.

Алғаш рет шарттық міндет­теме­лердің орындалуын қамтамасыз ету ту­ра­л­ы заңнаманы қолданудың сот прак­ти­касына қорыту жасалды. Нәти­же­сінде, соттарға тұрақсыздық айыбының мөлшерін азайту, кепілдіктер мен ке­пілдің қолданылуын тоқтату, олардың шарттарын жарамсыз деп тану тура­лы мәселелерді шешуге дұрыс бағыт-бағдар берілді. Осы бастаманың арқа­сында кепіл берушінің жалғыз тұрғын үйінен өндіріп алудағы әртүрлі сот прак­тикасы бір жүйеге келтірілді. Мұра­герлік істерді қорыту нәтижелері, көбіне мұраны қабылдау мерзімін қал­пына келтіру туралы талап қоюлардың жиі қаралатынын көрсетті. Осы мә­се­ле­лерді сотқа жеткізбей шешу үшін Республикалық нотариаттық пала­таға тиісті шаралар қабылдау туралы хат жол­данды. Бұл айтылғандар жұмы­сы­мыз­дың бір бағыты ғана деуге болады.

– Кейінгі жылдары соттың ашық­тығын қамтамасыз ету үшін онлайн сот отырыстары тәжірибеге енгенін білеміз. Жалпы, бұған көзқарасыңыз қандай? Қазір отырыстардың қанша пайызы онлайн өтеді?

– Сот отырыстарын онлайн өткізу 2020–2021 жылдары пандемия кезінде басталды. Кейбір алдыңғы қатарлы елдерде сот процестері мүлдем тоқтап қалғаны – көпшілікке белгілі жайт. Сол қиын кездің өзінде жалпы сот саласы тығырықтан шығар жол тауып, сот процестерін алғаш рет онлайн өткізе бастады. Міне, содан бері бұл жаңашыл тәсіл өзін-өзі ақтап келеді.

2024 жылы елімізде жалпы саны 1 115 150 іс қаралған болса, оның 610 774-і офлайн форматта, ал 504 376-сы, яғни 45%-ы онлайн режімде өткен. Сонымен қатар елімізде алғаш рет сот процестерінің онлайн-трансляциясы ұйымдастырылды. Оған Қ.Бишімбаев сотының тікелей трансляциясы, Алматы мен Қарағанды қалаларының соттарында қаралған бірқатар резонанстық іс сот жүйесінің ашықтығын жұртшылыққа көрсеткені айқын мысал бола алады.

Онлайн сот отырысының тиімділі­гіне келсек, оған іске қатысушы тараптар интернеті бар кез келген аудиториядан қатыса алады. Бұл олардың уақытын, қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді және қашықтан қатыса отырып тараптар өздеріне қажетті мәліметтерден хабардар бола алады.

 

Кассациялық сотқа кез келген азамат шағымдана алады

– Сот жұмысында басқа қандай жаңашылдық бар? Мәселен, цифр­ландыру, жасанды интеллект мүм­кіндіктерін пайдалану бағытында ілгерілеу бар ма?

– Бұл бағытта жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бірі – судья­ларға көмектесу үшін робот қызметі енгізілген еді. Ол тек сот актісінің жобасын дайындайды, судья оған қол қойып, жауапты болады. Ал біркелкі сот практикасын қалыптастыруға бағытталған жасанды интеллект элементтері бар сервис судьяға шығарылуы мүмкін ең ықтимал шешімді көрсетеді. Қазір­гі уақытта соттарда қолданыла баста­ған IT-әзірлемелер шетелдік әріптес­тер мен сарапшылардың назарын ауда­­рып келеді. Жетістік бар, еліміз – кейінгі ­3 жылда 142 елдің ішінде 65-орында.

Жақында Сингапурде өткен кезекті форумда қазақстандық делегация цифрлық және смарт соттарды енгізу қағидаттарын, соттарда цифрландыруды қолдану ауқымын, оның ішінде жа­санды интеллект пен роботтандыру элементтерін таныстырды. Соны­мен қатар шетелдік менеджерлер елі­мізде жүзеге асырылып жатқан сот жүйесін басқару моделінің нақты алго­ритмдерін, отандық соттарды биліктің басқа тармақтарынан тәуелсіз ететін ең төменгі бюджеттік шекті заңнамалық тұрғыдан бекітуді атап өтті. Азаматтар мен кәсіпкерлерге республика бойынша кез келген сот­қа талап қоюға мүмкіндік беретін эксау­мақтық соттылық бойынша жобаға да қызығушылық танытып жатыр.

Цифрландыру мәселесіне келсек, бүгінде құжаттардың 95 пайыздан ­астамы «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы сотқа бармай-ақ бе­ріледі. Сондай-ақ ол мемлекеттік ­бажды онлайн төлеуге, іс материалдары­мен танысуға, сот шешімдерін қабыл­дауға және олардың шынайылығын тек­серуге және т.б. мүмкіндік береді. Бар­лық функция смартфон арқылы қол­жетімді әрі оны әлемнің кез келген жері­нен пайдалануға болады.

– Біздің білуімізше, биыл 1 шіл­деден кассациялық соттар жұмысын бастайды. Оның мақсаты мен мінде­ті, ерекшелігі неде?

– Бұл бастаманы Мемлекет басшысы бизнес-қоғамдастықпен кездесу кезінде көтерген еді. Жоғарғы Сот осы тапсырманы іске асыру үшін кәсіпкерлік және заң қоғамдастығымен, халықаралық ұйымдармен бірнеше рет жүйелі түрде консультациялар өткізді. Әрине, бүгінгі таңда сот ісін жүргізудің сатылығы өткір, күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың сотқа деген сенім деңгейі әр сот сатысындағы жұмыстың тиімділігіне тікелей байланысты.

Жалпы кассация дегеніміз – жер­гілік­ті соттардың шығарған сот ак­тілерімен тараптар келіспеген жағдайда қайта қарап оларға құқықтық баға беру. Президент кассациялық сатыға шағымданудың және сот актілерін «тұтас кассация» қағидаты бойынша қайта қараудың бірыңғай ережелерін енгізетін сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша заңдарға өзгерістер ен­гізуге қол қойды. Кассация істі тарап­тардың шақыруымен алты айдан аспайтын мерзімде қарайды. Бұл сот­тарға жүктеменің айтарлықтай өсуі­не әкеледі деген болжам бар. Сон­­дық­тан қазіргі шектеулер кезең-кезеңімен жойылады: біріншіден, биыл 1 шілдеден бастап кассациялық іс алдын ала қараусыз «тұтас кассация» болады, ал 2 жылдан кейін азаматтық істер бойынша азаматтардың мүліктік мүдделеріне шектеу қойылмайды. Дербес кассациялық соттар қызметі сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, әрбір сот сатысының жауап­кершілігін күшейтуге бағыт­талған және соттарға деген сенімді арттыруға септігін тигізетініне сенімдімін.

Ал Жоғарғы Соттың құзыретіне келсек, сот практикасын зерделеу мен қорытындылауға және сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылықты сақтауға, ерекше жағдайларда жергілікті және басқа соттардың шешімдерін қайта қарауға назар аударылады. Жоғарғы Сот судьясының өз ұсынысында немесе Бас прокурордың наразылығында бұл туралы көрсетсе, сот актілері қайта қаралады. Яғни сот практикасының біркелкілігі бұзылған, мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер қозғалған жағдайда, қабылданған сот актілері адамдардың белгісіз бір бөлігінің құқықтарын бұзған немесе адамдардың өмірі мен денсаулығына ауыр қайтым­сыз зардаптарға әкеп соғуы мүмкін болған жағдайда жүзеге асырылады.

 

Мемлекеттік тілдің қолданылуы өз деңгейінде емес

– Нұрсерік Кәрімұлы, әңгімемізді сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу барысына қарай бұрсақ. Бұрын көп отырыс орыс тілінде өтетін. Қазір өзгеріс бар ма?

– «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсін жүргiзу тiлi» деп бекітілген. Одан бөлек, Азаматтық-процестік, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп анық көрсетілген. Тек қажеттілік туындаған жағдайда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады. Заңның осы талабын дұрыс түсініп, практикада қолдану – өзекті мәселе.

Тәуелсіздік ал­ғанымызға 30 жылдан асса да, заң­дардың 99%-ы әуелі орыс тілінде әзір­леніп, кейіннен қазақ тіліне аударылады. Содан келіп отандық заңдардың аудармасы сапасыз, сөздері түсініксіз деген сыни пікірлер жиі айтылады. Терминдер әр кодексте әртүрлі мағына береді. Мұның соңы қазақ тілін құқықтық жүйеде өз деңгейінде қолданбауға әкеп соқтыруы мүмкін.

Мәселен, сот-құқық жүйесіндегі қазақ тілінің бүгінгі жағдайына келсек, ашыған айтқанда, өз деңгейінде емес. Неге? Себебі бізде «ең әуелі өз тілімізді бағалайық, мәртебесін төмендетпейік» деген отаншылдық сезім аз. Шын мәнінде, әрбір лауазымды тұлға қазақша сөйлемесе, құжатты орысша толтырса, қазақ тілі аударма тілдің деңгейінде қалатыны ақиқат. Оның үстіне заңға сәйкес, іс сотқа қай тілде түссе, сол тілде қаралады.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін сот практикасынан мысал келтірейін. Полиция инспекторлары әкімшілік хаттаманы көбіне орысша толтырады. Сонда оларға қазақша жазуға кім кедергі? Екіншіден, тергеуші тергеу материалдарын алдымен мемлекеттік тілде жазуға ұмтылмайды, өз ыңғайына қарай көбіне орысша толтырады. Ал тергеу материалдары қазақша «сөй­лемей», соттағы қылмыстық істер де мемлекеттік тілге көшпейтіні – белгілі жайт. Үшіншіден, адвокатура саласында жүргендердің көпшілігі – өзіміздің қаракөздер. Солардың ішінде қазақ тілінде ойы жатық, тәп-тәуір сөйлейтін азаматтар аз емес. Бірақ неге екені белгісіз, сотқа жолдаған материалдарының басым бөлігі – орыс тілінде. Төртіншіден, прокурорлар айыптау актісін көбіне орысша толты­рады. Сот залында да өз ойын сол тілде жеткізіп жатады. Бесіншіден, мем­лекеттік мекемелер талаптарын сот­қа орыс тілінде жолдайды. Мұндай жағ­дайда «мемлекеттің мүддесіне қызмет етіп отырған мемлекеттік органдардың мұнысы несі?» деп қынжыласың.

Қазіргі уақытта сот жүйесінде мем­­лекеттік тілдің қолданылу аясын кеңей­ту үшін қолданыстағы 11 норма­тивтік қаулыға қажетті түзетулер енгі­зілді. Мемлекеттік тілдегі 38 нор­ма­тивтік қаулы қолданыстағы заңна­малық терминдерге сәйкес келтірілді. Сондай-ақ сот жүйесінің судьялары мен сот қыз­меткерлеріне арналған іс қағаздарды, сот актілерін мемлекеттік тілде жүргізудің үлгілері көрсетілген оқулықтарды дайындап, шығарып, қолданысқа енгіздік. Әр тоқсан сайын жергілікті соттармен өткізілетін жиналыстарда мемлекеттік тілде қабылданған сот актілерінде нақ­ты қандай қателіктер кеткенін және тілдерді қолдану бойынша дұрыс қабылданбаған істерді тайға таңба басқандай етіп көрсетіп, нақты тапсырма беріп отырамыз.

– Сіз заң саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар білікті басшысыз. Сөз соңында «Қазіргі заманғы судья қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап берсеңіз.

– «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген дала даналығын ұстану – судьяның басты парызы. Ол – заңның әділет жолында үстемдік құруына мүдделі бірден-бір тұлға. Оған бүтін халықтың, мемлекеттің сенімі жүктелген. Қара қылды қақ жарып, ақты қарадан айыратын құзырет берілген. Мыңдаған тағдырға жауапты. Ақиқаттан алшақ үкім немесе әділдік салтанат құрмаған сот үде­рісі оның тәжірибесінде болмауы керек. Сондықтан сот ісін жүргізу­де адамгершілік нормаларын қатаң сақтау аса маңызды. Қылмысқа қарай әділ жаза тағайындау кінәлінің кейінгі өміріне ықпал ететіні естен шықпауға тиіс. Өйткені соттан кейін де оның дұрыс жолға түсіп, тірлік кешуі қажет. Қазір шешім шығарып алып, сотқа жүгінген адамның тағдырына қаты­сым жоқ деу – қате пайым. Істі болған азамат тағдырының тұтқасы судья­ның қолында тұр демесек те, шығарыл­­ған шешім сол азаматтың өміріне өзге­ріс әкеледі. Судьяның парасаты осы арада көрініс табады. Судья шешім шығару арқылы азаматқа белгілі бір тұрғыда сабақ беретінін ұмытпағаны
абзал.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»