BBC жазғандай, Hands Off («Қолыңды тарт») атты науқан ұйымдастырушылары бұл акцияларды елдің 50 штатының бәрінде 1200 жерде өткізуді жоспарлаған. Сенбі күні Бостон, Нью-Йорк, Чикаго, Лос-Анджелес пен Вашингтон қалаларында халық көптеп жиналды.
АҚШ-тың ірі қалаларында тұратын халық арасында Трампқа қарсы көзқарастағы адамдар басым. Алайда соңғы айларда ашық наразылықтар сирек болған.
Трамп импортқа жоғары кедендік тариф енгізген соң, басқа елдерде де – атап айтқанда, Лондон, Париж және Берлинде – оған қарсы ынтымақтастық митингілері өтті. Вашингтонда өткен митингте Демократиялық партияның заң шығарушылары сөз сөйледі. Олар әсіресе Трампқа демеушілік жасайтын бай адамдардың, соның ішінде Илон Масктің ықпалын көп атап өтті. Флоридадан сайланған конгрессмен Максвелл Фрост бұл жағдайды «үкіметіміздің миллиардерлерге жұтылуы» деп атады.
Сенбі күні Трамптың өзі ешқандай көпшілік шараларға қатысқан жоқ. Иммиграциялық полиция ICE-нің міндетін атқарушы басшысы Том Хоуман бұл наразылықтарға қатысты Fox News консервативті арнасына берген сұхбатында пікір білдірді.
- Олар бос тұрған үйдің алдында қанша қаласа, сонша наразылық білдіре алады. Наразылық пен митингілер ештеңе өзгертпейді. Сондықтан олар сөз бостандығы құқықтарын пайдалана берсін. Бірақ бұл түкке тұрмайды, -деді.