
1771 жылдың каңтар айында қазақ даласының түпкір-түпкіріне суық хабар тарады. Еділ қалмақтары Жайықтан өтіп, қалың қолмен сахараға қарай төніп келе жатыр екен, - деген үрейлі сыбыс шықты. Олар айқасуға келе ме, әлде өзге де мақсаттары бар ма? Бұл жағы ешкімге беймәлімдеу болатын.
1743 жылғы Жонғар қонтайшысы Қалдан Сереннің ақырғы жойқын шапқыншылығынан кейін қазақ белін босатқан-ды. 1698 жылы Қалданның әкесі Сыбан Рабдан таққа отырғаннан «қырық жыл қырғын» аталған алапат тоқтап, 28 жыл бойы қазақ жұрты қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршілікке бой үйретіп қалған еді. Әрине, мамыражай тіршілік деп айту артық болар. Өйткені 1758 жылы жоңғарды қырып салып, жер қайысқан қолмен қазақ жеріне қытай императоры Цянлунь кіреді. Алайда Абылай ханның көрегендігімен бейбіт келісімге келіп, шапқыншылық аз қанмен шектелді. Одан қалды башқұртпен, еділ қалмақтарымен, Орта Азия хандықтарымен қақтығыстар болып тұрды. Бірақ халқымызды ауыр күйзеліске ұшыратқан, елдігінен айыра жаздаған жонғар шапқыншылығы тиылған заман болатын.
Біз басында айтқан 1771 жылғы суық хабар қазақ даласын дүр сілкіндірді. «Ақтабын шұбырынды» шайқасын басынан өткеріп, көзбен көрген көнекөз қариялар әр қазақ ауылында әлі де бар-тын. Қалмақтың қандай қауіпті жау екенін олар жақсы білді. Сондықтан әр тайпаның игі-жақсылары жаушылардан хабар алып, қалмақ қолының әр қимылын аңдап, қыстан бері қамдана бастайды.
Ал енді, Еділ қалмақтары аталған ойраттың төрт тайпасының ежелгі Алтын Орданың кіндігі Еділ бойына қашан, қайдан келгенін, еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан жоңғар мемлекетінен қашан бөлінгенін тарих бетінен шолып көрелік.
Алғаш ойраттар туралы деректер ресейлік құжаттарда 1608 және 1618 жылдары ойрат тайшылары Василий Шуйскийдің, одан кейін Михаил Романовтың сарайына келгені айтылады.
XVII ғасырдың басында ойрат тайпалары халха монғолдың Алтын-хан аталған Убаши қонтайшының бодандығына түседі. Бұғаудан құтылуға ұмтылған дербет-торғауыт одағы Хорезм, Қазақ хандықтарына шабуылдап, бақтарын сынап көрді. Еңсегей бойлы ер Есім билеп отырған қазақ ордасы тегеурінді қарсылық көрсетіп, шапқыншыларды Сібірдегі орыс бекіністерінің жанына барып бас сауғалауға мәжбір етті де. Есім хан онысымен тоқтамай Алтын ханмен одақ құрып, қашқан ойраттың соңына түсіп қудалап, бір бөлігін бодан қылып, қазақ хандығының билігін мойындата білді.
Бір жағынан батыс Сібірді жағалай салынған орыс бекіністері, оңтүстік-батыстан Қазақ хандығы қысқан Байбағыс тайша басқарған хошоуттар, Далай-Батыр тайша бастауымен дүрбеттер және Хо-Орлюк тайша бастауымен торғауыт тайпалары Ертіс, Есіл, Тобылды жағалай Торғай ойпаты арқылы Ембі бойына шығады.
1630 жылы қазақ, монғолмен және өзара арпалыстарда шыңдалған ойраттарда Сібір татарларының ұстаханаларында жоғары деңгейде дайындалған темір қару-жарақ, бытыралы мылтық, тіпті аз болса да жеңіл зеңбіректер бар болатын. Осы ойраттар әскер өнері XIII ғасырдың деңгейінде қалып қойған Ноғай ордасына аш бөрідей тап береді. Ноғайлар мұндай сұрапыл тегеурінге лайықты қарсылық көрсете алмай жан-жаққа ыдырап, босып кетті. Басым бөлігі Қазақ Ордасының панасына, екіншісі Қырым хандығына, қалғаны Солтүстік Кавказға ауа көшті. 1644 жылы ноғайды қудалаған Хо-Орлюк тайша Кубань даласын жайпап өтіп, Кавказ тауларының ішінде Кабарда шатқалдарына басып кіреді. Сонда ғана есін жиған ноғайлар кабарда, абазин, қарашай, балқар және свандармен қосылып қалмақтарға бірігіп тойтарыс бере білді. Осы шайқаста 10 мың қалмақтан 1,5 мыңы ғана тірі құтылады. Тау шатқалында 90-нан асқан Хо-Орлюк, төрт бірдей тайшасымен ажал құшады.
Бірақ қалмақ мұнымен тоқтамайды. Қаша алмай қалған ноғайды бодан қылып, Ембі мен Донның арасын жайлайды. Жайық, Терек казактарын шапқылап қан қақсатады. Соғысты кәсіпке айналдырған қалмақтың қандай қаһарлы жау екенін түсінген орыс мемлекеті де қалмақ тайшаларынан серт алып, оларды империя әскери қызыметіне тарта бастайды. Қалмақ тайпаларының басымы Дон казактар реестріне кіргізіліп, 30 мың қалмақ реестр бойынша Булавин қалмақтары аталғаны да содан. 1655 жылы патша жарлығымен қалмақ ордасы Доннан бастап Еділ, Жайық бойында Царицын, Самарадан бастап қалай көшсе де еркі бар деп жарияланады.
Сонымен XVII ғасырда ежелгі Дешті-Қыпшақ даласын, көшпенділерді бағындыра аламай дымы құрып отырған, дала шайқасын игермеген москвалықтарға 1664 жылы ресми патша жарлығымен мойындалған қалмақ хандығы дайын қолшоқпар болады. 1661-74 жылдары патша әскері қатарында қырым түбегіне Сиваштан қамыс төсеп кіріп, қырымдықтардың ауылдарын ойрандады. 1676 жылы Киевке түбінде түрік жаңашерлері қоршап алып күйрете бастаған Запорожье казактарына көмекке келіп, түріктерді жапырып тастайды. 1684 жылы Аюке қонтайшы қазақ жеріне шапқыншылық ұйымдастырды. 1696 жылы дербет нойоны Мөңке-Темір орыс әскері Азовты алғанда қырымдықтардың атты әскерін талқан қылды. Бұған риза болған Петр бірінші патша Донның төменгі бойында тайшаны салтанаты түрде қабылдап, құрмет көрсетіп, алғысын білдіреді. Одан әрі қалмақтар ақ патшамен бірге Полтава даласында шведтерге далалық атты әскердің күшін көрсетті.
Сөйтіп отырып Аюке қонтайшы кезінде әбден күшіне мінген қалмақ хандығы патшаға қыр көрсетуге дейін барады. 1680 жылы қалмақтар Пензаны шапты, 1687-89 жылдары Қырым ханы Сәлімгереймен одақ құрып, князь Голицынның қырым жорықтарына қатысудан бас тартады.
Дегенмен, 1771 жылға дейін қалмақтардың атты әскері Ресей империясының үздіксіз жүргізілген, әсіресе түрік сұлтанымен болған барлық жорықтарына белсене қатысты. Қорыта келгенде Ресей империясының қарауындағы бірде-бір көшпенді халық орыс мемлекетіне осынша қызмет етпеген еді. Сондықтан қалмақ үдіре көшкенде патша үкіметі үндемей ғана әліптің артын бақты.
Ноғай ордасы, Қырым хандығы жойылып, қазақтар империяға бірте-бірте бодандыққа кіре бастағанда далалықтардан келетін қауіп саябырси бастады. Отаршылдар енді қалмақтардың бұрынғы еркіндіктерін шектеп, бұғауды қысқартады. Әскери міндеттің үстіне салық талап етілді. Империя жүргізген, үздіксіз соғыстардан қажыған қатардағы сарбаздармен қатар торғауыт, хошауыт тайшаларының арасында наразылық пайда болады. Ежелгі отанымызға, қытай қырғынынан кейін қаңырап бос қалған жоңғар даласын көшсек деген пікір белең алады. Бұл пікірді Жонғариядан қашып келген Цебек Доржи бастаған лама дінбасылары қызу қолдап, насихатты өршіте түседі. Оның үстіне 1767-68 жылдары қалмақ даласында ашаршылық басталды. 1770 жылдың күзінде Еділ жағасында орыс-түрік соғысынан оралған жас қонтайшы Убашидің басшылығымен құрылтайда жоңғар даласына көшуге шешім қабылданды. Осы құрылтайда Лама дінбасыларының астралогиялық жоспарымен 1771 жылдың қаңтары көшуге сәтті уақыт деп белгіленді.
1771 жылдың 5 қаңтарында Еділдің сол жағалауын жайлап отырған торғауыт, хошоуыт тайпалары Убаши қонтайшы бастап үдіре көшуді бастады. Тарихи мәліметтерде 30 мыңнан аса шаңырақ, немесе 170 мыңнан аса қалмақ қозғалды деп жазылған. Орыс әкімшілігі қалмақтың бір жарым ғасырлық империяға жасаған әскери қызыметін ескеріп, бірден күш көрсетуге бармай, тайшаларды үгітпен тоқтатуға әрекеттенеді. Үгітке көнген қалмақ ұлысының үштен бірі, Еділдің сол жағалауын мекендеген дені дербет тайпасынан тұратын бөлігі Ресей патшалығында қалуға шешім қабылдайды. Қазіргі Ресейде тұратын қалмақтар осылардың ұрпақтары.
18 қаңтарда қарулы көш Жайықтан өтеді. Тоқтатуға әрекет қылған Жайық казактарының 4 бекінісін, 6 форпосты, барлығы өзен бойлап 70 шақырымға созылған «Жайық сызығы» аталатын әскери мекенжайларды қиратып, тайпап өтеді. Жайшылықта маңайындағы көшпенді жұрттарға қасқырша тиетін қатыгез жайық казактарының қалмаққа қандай да бір қарсылық көрсетуге де шамасы келмей қалады.
27 қаңтарда ЕкатеринаII жайық казактарына, Орынбор генерал-губернаторына, Орта және Кіші жүз хандары Нұралы мен Абылайға қалмақ көшін қалай болса да тоқтатыңдар деген арнаулы ;арлық жібереді. 18 ақпан күні қалмақ көші Ембінің жағасына тоқырап, бір айдай демалып, бас аяғын жинақтайды.
15 наурызда қалмақ көшіне бірінші болып Жаманқара батыр бастаған қазақ сарбаздары шабуыл жасайды. Бірақ мұздай қаруланған қалмақ әскері шабуылды тойтарып тастайды. Іле-шала Нұралы бастаған Кіші жүз қолы қалмақ әскерін шабуылдайды. Бірақ бұл шабуыл да айтарлықтай нәтиже бермейді.
12 сәуір күні Ор бекінісінен генерал Траубенберг басқарған 7 мың әскери корпус шығады. Корпусқа басқа орыс бекіністерінен едәуір әскери бөлімдер қосылған. Десе де мұздай қаруланған, зеңбіректері де бар, тұрақты Ресей әскерінің құрамында империяның үздіксіз соғыстарында шыныққан қалмақ сарбаздарының әскери мүмкіншіліктерін жіті білетін орыс генералы бір айдай көш артынан жүріп отырды. Сосын азық-түлік таусылды, аттар болдырды деген желеуді алға тартып, сылтауратып Уйск бекінісіне қайтып кетеді. Генералдың қалмақпен соғысуға батылы бармайды.
Ақыры, шілде айының аяғында артынан орасан көш шұбыртқан қалмақ әскері ол заманда Балқаш көліне мол арнамен құйылатын Мойынты өзенінің бастауына келіп тіреледі. Ол жерде оларды Орта жүз қолы күтіп тұрған болатын. Қазақ сарбаздары Мойынтының бас жағында қалмақ қолының жолын жауып, жан-жақтан құрсауға алады.
Орта жүз қолының басында ойраттың жоңғар бөлігімен әйгілі Қалдан Сереннің кезінде талай шайқасты басынан өткізген, тәжірибелі билеуші Абылай хан тұр еді.
1745 жылы Қалдан Серен өліп, жоңғар шапқыншылығы тоқтағанына 28 жыл өткен. Ақтабан шұбырынды, Аңырақайды бастарынан өткізеген даңқты қазақ батыр қолбасшылары Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Малайсары, Жидебай, Балта, Сеңкібайлар өмірден өтіп, тірісі қарттықпен аттан түсіп, жаңа буын Баян, Бұхарбай, Байғозы, Жарылғап, Итқара батырлар тарих сахнасына шыққан заман еді. Қазақтың ата жауы жоңғар құрыса да, жаугершілік аласапыран заман әлі де тоқтамаған аумалы-төкпелі кезең. Оңтүстіктен Орта Азия хандықтары, Алатау қырғыздары, солтүстіктен башқұрт пен жайық казактары мазалап, батыстан еділ қалмақтары, шығыста жоңғарды түгімен жұтып қойған қытай айдаһары тұрды. Жан-жақтан жалақтаған жау қазаққа белін босатып, жауынгерлік дәстүрін ұмытуға уақыт қалдырмады. Орта жүздің ел билеген би, батырларының алдында ерлігі, көрегендігімен орасан беделге ие болған Абылай ханға отыз жылдай жеңіліс көрмеген, рухы жоғары халықтың сенімі зор еді. Бұл майданның басына қол бастаған батырлар мен қатардағы әр сарбаз ата жауы қалмақты тірі жібермеуге белін тастай буып дайын келген болатын. Абылай жан-жақтан мүмкіндігінше жаңа үлгілі қару алғызып, қарт Бөгенбай сияқты қолбасшылар хан тапсырмасымен сахараның түпкір-түпкірін аралап, тексеріп, жауынгерлік дайындықты жоғарғы деңгейде ұстап отырған.
Шайқасқа қалмақ қолы үш түмен болып саптасты. Ортада тәжірибелі нойандар Бамбар, Шаеренг және Гунчи бастаған негізгі ауыр қол, оң қанатты орыс-түрік соғыстарының майталманы Акун-Абуши тайша, сол қанат Бамбар тайшаның ұлы Церен-Делик тайша, сап артында іріктелген сарбаздардан тұратын, зеңбіректермен күшейтілген түменді Убаши қонтайшы өзі басқарады. Қалмақ қолы 35 мың жауынгерден тұрды.
Қазақ әскері жауды Шыңғыс ханның үрдісімен мыңдықтан түменге топтасып, 50 мың сарбаздан тұратын қолмен қарсы алды.
Жеті ай жорықта аттары арып, өздері де қажыған қалмақ жағы зеңбіректері жоқ, оқ-қаруы аз болса да, сәйгүліктерді тоқ, жинақы, рухы биік қазақ жауынгерлерінен қаймыға бастайды. Ата жауға өліспей беріспеуге бекінген, арпалысуға бел буған қазақтардың айбарын аңдап, бейбіт келісімге жүгінді.
Абылай ханның жорық қосынына келген қалмақ елшілері ханға сыйлықтарын тартып, тоқал атап, серт беріп, қазақтарды қалмақ көшін соғыссыз өткізіуін қиылып сұрайды. Ақырғы сөздерінде қазақ ханына бодан болуға да баратындарын айтып уәде беріседі. Онымен бірге қазақ жерінен өткені үшін айып-пұл өтеу туралы ұсыныс жасайды. Көшпенділердің ежелгі дәстүрінде жайылымын мал тұяғы басып өткен үшін берілетін төлем ақы «шаң басар» аталған. Осы жорықтың «шаңды жорық» аталуы да қалмақ елшілерінің осы сөзінен туса керек.
Елшілер қосындарына кері кеткенде Абылай батырларын жинап, үш күн кеңес құрады. Хан пікірі айдаһардай қытаймен көрші болғанша, үйреншікті, әлсіреген қалмақты өткізіп, бодан жасап, көрші қылайық дегенге саяды. Бірақ Баян батыр бастаған батырлар қарсы болады. Шоқанның жазбаларында Баян батырдың: «Хан ием, қалмақ шүршітті де алдады, орысты да алдады, сені де алдайды»,- деп айтқаны келтірілген.
Қазақтың беті бері қарамайтынын түсінген қалмақтар үшінші түнге ауғанда қазақ шебін бұзып шығады. Бірақ қалмақтың қандай айласына дайын отырған ат-көлігі тың қазақ қолы қалмақты қуып жетіп, шайқасуға мәжбір етеді. Осы қиян-кескі сұрапылда ата жауы қалмақтан кек алуға серттесіп, белін буып келген қазақ сарбаздары жауға бөрідей шауып, тарихта «қалмаққырған» деген аталған, бұрын соңды болмаған қанды қырғын ұйымдастырады. Қырғынға ұшырап тоз-тоз болып қашқан қалмақты сусыз далаға ығыстыра қуады. Қолбасшылардың жауды су көздерінен аластатып, шөлдетіп, діңкелету амалын шайқас аймағын жатқа білетін, жергілікті Итқара батыр бастаған Қаракесек руының Керней атасының сарбаздары жүзеге асырады. Итқара аламан жігіттермен шыр айналып, даладағы онсыз да сирек құдықтарды көміп, жауды көл жиегіне өткізбей шегінген қалмақ қолының қарсыласу мүмкіндігін шектейді.
Ойсырай жеңілген қолдың жұрнағымен, қазаққа тұтқынға түсіп орасан шетінеген көштің қалдығымен Убаши Балқаштың оңттүстігімен Қастек, Қаскелең, Қапал арқылы Іленің бастауынан Цин мемлекетіне кіреді. Осы қырғынның аяғында Еділден шыққан 170 мың қалмақтың 35 мыңы ғана қытай иемденген ежелгі жоңғар жеріне жетеді.
Қалмақырған алаңынан Танжу тайша бастап сытылып шыққан 10 мыңдай болатын бір бөлігі көлдің солтүстік жағасымен Саяқ, Аягөз арқылы қашады. Артынан қуған қазақ қолы Саяқ жанында қуып жетіп, бұл топтың біразын қырғынға ұшыратқан. Қазір бұл жерден де қалмаққырған алаңы сияқты қазақ, қалмақ жебелері, қалмақ жауынгерлерінің Ресей империясының әскери қызыметі үшін төлеген жалақылары, 1760-67 жылдары құйылып шыққан ЕкатеринаII монеталары табылып отыр.
Жауды жеңіп, қайтар жолда жер иелері - Қаракесек руының Керней атасының тарайтын Итқара батыр бастаған сарбаздар түменбасы Уақ Баян батырға арнап ас береді. Ас ол заманда әжептеуір арнасы бар Мойынтының Балқаш көліне құятын жерінде беріледі. Керней қосына Баян батыр інісі Сарымен және бір топ сарбазымен келеді. Шілденің аптап күні. Ас соңыңына қарай батырлар өзен суынан шалап әзірлеп ішеді. Мойынтының бастауында ат-жөнімен қырылған мәйіттерден уланып аққан өзен суы қантөгістен аман шыққан сарбаздарды қауіпті дертке ұрындырады. Бірден бойға тарайтын сұрапыл дерттен Баян, Итқара батырлар бүкіл сарбаздармен бірге жаппай қырылады. Қантөгісте қатыгез жауды жеңіп елге жеңіспен қайтпақ болған батырлар тағдырдың әмірімен ажалын Қалмақкырған алаңынан бір күндік жерде табады.
Көне көз қарттар қайтыс болған сарбаздардың сүйегін елге жеткізу үшін бас көтеретін тірілері өлгендерін атқа өңгеріп байлай берген дейді. Баян, Итқара, Сары батырлар мен төрт Уақ, елуден аса Керней батырларының денесін артқан қаралы көш үш күнде Кернейдің қыстаулары Жәмші өзенінің бойындағы Аяқши, Басшиге жетеді.
Итқара бастаған Керней сарбаздарын өзен бойындағы ең биік шоқының басына қояды. Итқара батырдың басына үйдей қылып, әр сарбаздың басына одан сәл азырақ тас үйілген. Бұл шоқы 19-ғасырдың сақталған ресми топографиялық карталарында Итқара бейіті деп белгіленген. Жәмшінің оң жағасында бір шақырым жерде Баянды інісімен және төрт Уақ жауынгерлермен бірге жерлеген. Осылайша қазіргі Шет ауданының Ақжал кентінен 15 шақырымдай жерде орналасқан екі шоқы елім деп еңіреген батырлардың мәңгілік мекені болып қалды.. Қазақ даласында бауырлас батырлардың ақырғы мекені болған, бір жерде елу батыр бірдей жерленген, тарихы айқын, белгілі, мұндай ауқымды қорым жоқ. Тау жотасынан қорымға көз салсаңыз, ел үшін жанын шүберекке байлаған батырлардың ерлігін елестету де қиынға түспейді.
Баурластар мәйітіне жерленген батырлардың біразының есімі ел есінде қалған. Біріншіден, қолбасшы Итқара Балта ұлы, 1712 жылы туған. Бұл Арғынның Қаракесек руының Сыр бойын мекендеген уақыты. Ақтамберді жыраудың жырларында Итқараның атасы Көкбөрі аталған Керней батыр киелі Түркістан аймағында, Шаян, Бөген өзендерінің бойында туған деп келтірілген. Итқара Сәмеке ханның бас қолбасшысы болған Балта батырдың ұлы, әкесі Балтаның да, Итқараның да шешелері жауынгершіліктен келген жоңғардың шор тайпасының қыздары.
Итқара жастайынан әкесі Балтаның жасағында жоңғар шапқыншылығының соңғы айқастарына қатысып үлгереді. Балта батыр 1738 жылы башқұрттың Қарасақал бастаған ұлт-азаттық көтерлісін қолдап, ағайын-бауырлары Түйте, Қараш, Күшік, Жар, тұңғышы Қотыр батырмен тоғыз баласын ертіп, 200 жүздей қолмен башқұрттқа жорыққа аттанғанда, елде қалған ағайынға бас қылып Итқара батырды қалдырады. Жорықтан Балта елге қайтпайды, сарбаздарының дені қатыгез қантөгіспен жаншылған башқұрт көтерлісінде орыстың көк мылтығынан мерт болады. Балта сұрапылдан тірі шыққан балалары мен жауынгерлерімен Кіші жүздің Әлім тайпасының ішінде қалып, ұрпақтары бүгінгі күнде бір ру ел болып отыр. Балта батыр қайтыс болғанда Итқара Сары-Арқадан Ойылға барып, әкесінің сүйегін туған жерлері Түркістанға, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеген.
18-ші ғасырдың 40-шы жылдары Арғын тайпасы Қаздауысты Қазыбектің бастауымен Арқаға ауғанда кернейліктер жазғы жайлауы Нұра бойынан бастап, қыстауы Жәмші өзенінің бойындағы Басши, Орташи, Аяқшиге шейін созылған кең даланы иемденген. Итқара батыр әкесі Балта үрдісімен жауынгершілік тоқтаған кезде де аталастарынан құралған жүздік жасақ ұстап, кейінгі көшпен келген тайпаластарға орын бермей, осы кең, шұрайлы жерлерді ұстап қалған.
Ел жадында Итқара батырмен бірге жерленген ағайындас батырлардың біразының есімдері сақталған, кейбіреулеріне арналған жыр шумақтары да ел ауызында қалған. Айтылған баурластар зиратында мәңгілік орын тапқан батыр аталарымыздың ішінде бүгінгі күнге анықталғандарын атап өтейік:
Жарқынбай Карашұлы, Итқара батыр келді Жарқынбайға,
Деді де не істеп жүрсің, қандай айла
Ер маған, бөтен емес, туысқансың,
Көрмейсің жаманшылық оны да ойла.
Бегімбет Есұлы, Ел сыйлайды Бегімбеттей тарланбозын,
Бастап еді елінің қалың қолын,
Артына белгі етіп тастап кетті,
Оразын, жан теңгермес асыл ұлын.
Тоқтар Есейұлы, Меңдібай Тұрниязұлы, Жамбы Балтаұлы, Қазыгелды Балтаұлы, Қазыбай Балтаұлы, Қаратай Балтаұлы, Қабыл Түйтеұлы, Жанғұтты Байдәулетұлы, Көтаман Кенілдікұлы, Таз Құттымбетұлы, Сағындық Сүйіндікұлы, Жомарт Сүйіндікұлы, Марқа Қуандықұлы.
Бүгінгі таңда батырлар шоқысының басына қойылған батырлардың белгілері осылар. Келешекте барлық сарбаздардың есімдері анықталар деп сенеміз.
Келесі жылы еліміздің тарихында үлкен із қалдырған «шаңды жорықтың» өткеніне 255 жыл толады екен.
Имантүсіп Аймағанбетов