
Сурет: qazradio.fm
Отандық ет өңдеу өнеркәсібіне Семей қаласының берген еншісі мол. Мұны тіпті семейліктердің атакәсібі деуге де болатын шығар. Өйткені ет комбинаты Семейде бүгін ғана ашылып отырған жоқ. Ет индустриясында тарих та, тәжірибе де мол. Баяғы Семей ет комбинаты 1934 жылдары ашылып, ел игілігіне жараған. Кәсіпорынның өнімділігі өсіп, соғыс жылдары кеңес одағы көлемінде үшінші орынға шыққан. Комбинат өнімдері одақтың түкпір-түкпіріне әрі шетелге экспортталды. Семейдің бұқтырылған еті Польша, Мажарстан, Румыния, Чехословакия, Куба елдерінде танымал болды. Сол кездің өзінде кәсіпорында 10 мыңнан аса адам жұмыс істеп, қала мен маңайдағы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізген. Алайда нарықтық қатынастарға өту кезеңінде бұл саланың шаруасы біраз шатқаяқтап қалды да, 2000 жылдары тоқырауға ұшырады.
Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында жергілікті билік атакәсіпті қайта жандандыруды қолға алды. Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласында ет комбинатын салуды жоспарлап отырған инвесторлармен кездесті. «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшылары аймақ басшысына жобалаған жұмыстарын таныстырды. Кәсіпкерлер Жаңасемей ауданында қуаттылығы ауысымына 35 тонна ет пен ет өнімдерін қайта өңдеуге мүмкіндік беретін ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр екен. Аустралияның заманауи технологиясымен жабдықталатын ет комбинаты жобасының құны – 8,4 млрд теңге.
Кәсіпорын іске қосылған күні Семей халқының экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсара түсетіні сөзсіз. Өйткені комбинат жұмысын бастағанда онда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Комбинатта ауысымына 200 бас ірі қара мал мен 1 400 бас ұсақ мал союға болады. Жылына 12 600 тоннаға дайын өнім өндіріліп, шет мемлекеттерге де экспортталмақ. Жоба аясында 50 мың қой, 200 бас жылқы және 200 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңдарын құру көзделіп отыр.
«Абай облысында ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы ежелден жақсы дамыған. Аймақтың аграрлық әлеуеті зор. Өңірде мал өсірумен айналысатын көптеген шаруа қожалығы бар. Олар қазір өсірген малдарын өткізе алмай қиналып жүр. Семейде ірі ет комбинаты салынса, облыстың мал шаруашылығы саласына серпін береді. Әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеміз. Сондай-ақ кәсіпорынды малмен қамтамасыз ету үшін аудандарда мал бордақылау алаңдарының санын көбейтеміз. Бұл өз кезегінде шаруаларға да, ет комбинатына да тиімді болады», деді облыс әкімі.
«Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшылары ағайынды Сайлау, Ерлан Мұқашевтар кездесуде құрылысты бастауға дайын екендерін жеткізді. Аймақ басшысы мамыр айында кәсіпорынның іргетасын қалау шарасын өткізуге уағдаласты.
Сарапшылардың айтуынша, елімізде заманауи ет комбинаты пайда болмай, мал шаруашылығын дамыту туралы кез келген бағдарлама нәтиже бермейді. Бастама өңірдегі мал шаруашылығының қарқынды дамуына да ықпал етпек. Жергілікті фермерлер мен мал өсірушілерге тұрақты нарық қалыптасып, тіпті жақын аймақтар қызығушылық танытуы мүмкін.
Абай облысы