Ауыл • 09 Сәуір, 2025

Елде мал басы көбейіп келеді

77 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қай заманда да қазақ жерінің құты – төрт түлік мал. Қазір жердің құтын қайтаруға талпыныс бар. Қора салып, мал жайлаған жұрт қайта ес жия бастады. Бүгінде мал бордақылап, ет пен ет өнімдерін шығарушы кәсіпкерлердің ісі алға басып келеді.

Елде мал басы көбейіп келеді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кейінгі жылдары көр­ші елдердің мал шаруа­шылығы сала­сындағы кәсіпкер-фермерлері қазақ малына көз салып, ден қоя бастады. Әртүрлі климатқа төзімді әрі әрқандай жайылымға тез бейімделетін қазақ малының қасиетін Өзбекстанның «Бал­ғабаев агрофирма» акционерлік қоғамы жоғары бағалайды.

«Егіс далаларымыз бен жайы­лым жерлеріміз жалғасып, ұла­сып жатқандықтан ба, қазақ малын өзбек елінде жерсіндіріп жату аса қажет емес. Әкелсең жайсыздық сезінбейді. Тіпті қоңын жоғалтып, әбігерге де салмайды. Сондықтан өзбек фер­меріне тиімді малдың бірі – қазақ малы», дейді акционерлік қоғам директоры Зұлхымар Пердәліқызы.

2024 жылдың соңындағы мәліметтерге қарасақ, елімізде 250-ге жуық бордақылау алаңы жұмыс істеп, ет өнімін өндіріп жатыр. Арасында малды көр­ші елдерге тірідей экспорттап жүргендері де жоқ емес. Айтпағымыз, елдегі бордақылау алаңдарында жалпы 174 190 бас мал бордақыланады екен.

Ауыл шаруашылығы министр­лігі, Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Бағлан Аймұр­заевтың айтуынша, елдегі бор­дақылау алаңдарында келесі
жануар түрлері өсіріледі:

  • Ірі қара мал – негізінен қа­зақтың ақбас сиыры, ангус, герефорд және басқа да етті тұ­қымдар.
  • Ұсақ мал (қой мен ешкі) – негізінен еділбай, гиссар және басқа да етті қой тұқымдары.
  • Жылқы – әсіресе дәстүрлі мал шаруашылығы дамыған өңірлерде құлындарды борда­қылау арқылы жылқы еті өн­діріледі.
  • Түйе – ет пен сүт өндіру үшін бордақыланады, бірақ көле­мі аз.

Оның айтуынша, бордақылау алаңдарының негізгі бағыты – етті ірі қара мал. Нақты статистикалық дерекке сүйенсек, былтырғы қара күздегі жағдай бойынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздің ауыл шаруашылығында мал басы мен құс саны артқан. Ірі қара мал – 8,2 млн бас, оның қатарында сиыр – 4,4 млн бас, жылқы – 4,1 млн бас, түйе басы – 2,8 млн. Бұл сандар елдегі мал басының айтарлықтай артқанын көрсетеді. Мал басының өсуі – қуантарлық жағдай. Десе де бүгінде мал бағу, төл алу мен мал өнімдерін өндіріп сату қи­ындады. Оның басты себебі – мал өнімдерінің нарықтағы бағасының төмендігінде.

Малды жыл он екі ай үзіліс­сіз бордақылау үшін жем­шөп қорының маңызы зор. Былтыр жаз жауынды келіп, жемшөп қоры жоспардағыдан артық өндірілді. Жалпы, 2024–2025 жылдары мал қыстауына 35,2 млн тонна шөп немесе жос­пардан 143,9%-ы, 2,0 млн тонна пішен (117,9%), 5,1 млн тонна сабан (111,9%), 2,3 млн тонна сүрлем (117,9%), сондай-ақ 5,8 млн тонна құрамажем (104,4%) дайындалыпты. Әзірленген жемшөптің сапасы стандартқа сай келеді.

«Дайындалған жемшөп­тің көрсетілген көлемі мал ша­руа­шылығының өнімділігін және өнім сапасын сақтауға, сондай-ақ жалпы малды толыққанды азық­тандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Б.Ай­мұрзаев.

Жыл өткен сайын ет экспор­тының нарығы да кеңейіп келеді. Мәселен, былтыр 22,4 мың тонна сиыр еті 12 елдің нарығына жол тартқан. Оның қатарында ең көп көлемде Өзбекстан (20,7 мың тонна), Қырғызстан (633,2 тонна), Тәжікстан (595,7 тонна), Иран (298 тонна), Қытай (80,8 тонна), Біріккен Араб Әмірліктері (33,3 тонна) бар.

«Жыл қорытындысында 570 мың тонна ет (құс етін ескере отырып) өңделіп, ішкі нарықта пайдаланылады, аз ғана бөлігі Ресей мен Қырғыз елде­ріне экспортталады. Әр елдің тұтынушылық талғамы, ет на­рығының құрылымы мен ха­лықтың табыс деңгейі әр­түрлі. Кейбір елде сиыр еті не­гізгі тұтынатын ет түрі болса, басқа елдерде құс еті немесе шошқа еті басым. Бұл баға мен сұраныс деңгейіне әсер етеді. Сонымен қатар баға ауыл шаруа­шылығын субсидиялау дең­гейі, өндіріс шығыны мен логистикалық шығын сияқты әртүрлі экономикалық факторға байланысты қалыптасады», деді департамент директорының орынбасары.

Ресми статистика деректеріне сәйкес осы жылғы ақпандағы жағдайда елімізде сиыр етінің орташа бағасы 2 684 теңгені құрайды. Ал Ресейде сиыр етінің орташа бағасы – 3 314 теңге (607 рубль), Беларусьта – 1 777 теңге (1 762 беларусь рублі), Қырғыз елінде – 3 581 теңге (625 сом), Өзбекстанда – 3 490 теңге (84 494 сум).