
Италиядан әкелінген ерек жабдықта жұмсақ ірімшік – моцарелла құйылады. Қойытылған ашымалы сүт өнімін асептикалық қаптаудың жоғары технологиялық желісін германдық және италиялық компаниялар әзірлеген. Енді сүтті қайта өңдеудің жоғары деңгейіне жету мақсатында Аустрия инженерлері әзірлеген сарысуды наносүзгілеу жабдығы орнатылады.
Зауытты энергиямен қамтамасыз ету жоғары деңгейде жүзеге асады. Оған Германия, Бельгия, АҚШ электро жабдықтары орнатылады. Жаңа ғимараттар мен технологиялық жабдықтар алдағы күзде іске қосылмақ. Инвестициялық жобаның жалпы сомасы – 120 млн доллар. Жұмыс орындары көбейіп, өндірісті кәсіби ұйымдастыруға шетелдік үздік сарапшылар тартылып жатыр. Кәсіпорын жылына 100 мың тоннадан астам сүтті қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Зауыт сары май мен ірімшік сияқты сүтті қайта терең өңдейтін өнімдерге басымдық береді. Нарықтың осы сегментінде «Eurasian Milk» зауытының өнімдері сапасы мен дәмі жағынан кез келген бәсекелестің өнімінен едәуір асып түседі.
Жоспарда қатты және жартылай қатты ірімшік, қойытылған сүт, қаймақ, сүзбе сияқты жаңа өнім түрлерін шығару бар. Алайда инвестицияны ұлғайтуда, өнім сапасын арттырып, ассортиментін кеңейтер кезде зауыт бірқатар маңызды мәселеге тап болады. Ол – шикізат сапасының нашарлығы, нарықта үстемдік ететін елдермен салыстырғанда шикізаттың қымбат құны, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі және импортпен жосықсыз бәсекелестік.
Зауыт басшысы Андрей Гриценконың айтуынша, импорттың отандық сүт өнімдеріне қарағанда арзан болуының бірнеше себебі бар.
«Бірінші, шетелдік бәсекелестерде дамыған азық-түлік өнеркәсібі, заманауи фермерлік шаруашылық, арзан жемшөп қоры, сапалы селекция және қуатты қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Нәтижесінде, отандық шикі сүт құны көршілерге қарағанда 20%-ға жоғары. Екінші, олар ірі мемлекеттік субсидия мен жеңіл несие, өндіріс құрылысын мемлекеттік қолдау мен экспортқа шығару арқылы қол жетімді қаржыландыруға ие. Бұл игі шара көрші елдерге ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспортқа белсенді шығуға мүмкіндік береді. Біз аса қиын жағдайда жаңа зауыт құрылысына 50 млн доллар қаражат салдық. Ал субсидия түрінде 1 млн доллардан сәл ғана асатын ақша аламыз», деді А.Гриценко.
Мемлекеттік субсидияға қатысты тағы бір мәселе – тұрақсыз төлем. Кәсіпорын кейінгі субсидияны 2023 жылы қарашада алған. Ал осы сәтте берешегі 2 млрд теңгеден асады. Оның шамамен 1,5 млрд теңгесі – сүтке берілетін субсидия берешегі. Қалған 500 млн теңгеден астамы – несиелеуге арналған субсидия қарызы. Несиедегі тым жоғары мөлшерлеме бизнесті дамытуға мүмкіндік бермейді. Барлық пайданы қаржы секторы алады. Мұндай жағдай мемлекетке стратегиялық тұрғыдан тиімді болуы екіталай.
«Сапалы сүт өндіруді жылдам арттыру мүмкін емес. Себебі зауытты пайдалануға бергенде бірден бар қуатқа жүктеуге болмайды. Фермерлер зауыт іске қосылғаннан кейін ғана дами бастайды. Нарықтық емес несие мөлшерлемесі, субсидияның болмауы, өндіріс қалыптасатын осы маңызды кезеңде зауыттың экономикалық шығынын жаһандық деңгейде арттырады», дейді кәсіпорын басшысы.
Азық-түлік өнімінің сапасына шикізат сапасы негіз болады. Осыған байланысты да үлкен мәселе бар. Кәсіпорын мамандары әкелінген шикізатқа талдау жүргізіп, сүт-тауар фермаларынан алынған шикі сүттің 70%-ы микробиологиялық көрсеткіш талабына сәйкес келмейтінін анықтаған. Шағын ғана емес, ірі фермаларда да сүт сапасы өте төмен екені қынжылтады дейді директор.
«Сүт өңдеушілер мемлекет мал сапасын қатаң бақылауы қажет екенін айтады. Бұл үшін әуелі фермерді, зоотехникті, ветеринарды, агрономды оқытуға көмектесетін еуропалық тәуелсіз институттарды тартқан дұрыс. Отандық малшы малды Еуропадан сатып алғанды жөн көреді. Субсидиялау бағдарламасы да еуропалық нарыққа бағытталған. Сондықтан тұқым дамытатындардың ұсынысына сәйкес жануарға қамқорлық жасау керек», дейді А.Гриценко.