Қазақстан • 10 Сәуір, 2025

Су шаруашылығындағы тоқыраған құрылыстар

64 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының орталығынан елу шақырымдай жерде орналасқан Қызылжар ауданындағы Виноградовка ауылы тұрғындарының көбі қысы-жазы көлдің суын тасып ішіп жүр. Әбден тозығы жеткен ескі ұңғыманың сапасы нашар суын амалсыз пайдаланатын адамдар да бар. Виноградовкалықтар осыдан төрт жыл бұрын ауылға құбыр әкелініп, көшеге тартылып, елді мекенді орталықтандырылған су желісіне қосу басталғанымен, көп ұзамай бұл жұмыс тоқтап қалғанына шағым айтып жатады.

Су шаруашылығындағы тоқыраған құрылыстар

Қызылжар ауданының 5,4 мың тұрғы­ны бар 14 ауылдық елді мекенін ауызсумен қамтамасыз етуге арналған «Солтүстік Қазақстан облысы Соколов топтық су құбырын реконструкциялау, екінші кезек» жобасы 2018 жылы басталғанымен, әлі күнге аяқталмаған болып шықты. Оған көз­делген 5,7 млрд теңгенің жеті жыл ішінде игерілгені – небәрі 1,65 млрд теңге ғана.

Міне, осы су құбырын реконструкциялау туралы шарт жасасуға 2021 жылы сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қараған Су ресурстары комитетінің төрағасы мердігер ұйымның өкілінен 60 млн теңгеден астам пара алғаны әшкереленіп, сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Аталған жобаның сағыздай созылып кетуінің бір себебі осында. Биыл оны жалғастыруға республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге қарастырылған еді. Алайда бұл қаржының жеткіліксіздігі туралы депутаттық сауал жолдаған сенатор Әсем Рахметоваға берген ресми жауабында Үкімет аталған жобаның әлеуметтік маңыздылығы ескеріле отырып, Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 2 млрд теңге қаражат бөлінгенін мәлімдеді. Қазірде жоспарланған 112 км су тарату желісінің 74,6 км-і салынған. Вознесенка, Дубровное, Гончаровка ауылдарына тест режімінде ауызсу беріле бастады. Виноградовка ауылының тұрғындары «тіршілік нәрін» келесі жылы алуға тиіс. Бірақ бұл Мемлекет басшысының өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін қалалар мен ауылдарды ауызсумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толық орындалмайтынын көрсетіп отыр.

Жалпы, еліміздің су шаруашалығы сала­сында «сақалды құрылыстар» аз емес. Мұның негізгі себептері – жобалық-сметалық құжаттамалардың сапалы әзір­ленбеуі, мердігер ұйымдардың шартқа сәйкес жұмыстарды талапқа сай орындамауы, құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы. Әділі керек, қазіргі Үкімет ертеректе басталған жобаларды толық аяқтап, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге баса назар аударып отыр. Нәтижесінде, өткен жылы 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу, реконструкциялауға қатысты 8 жоба аяқталды. Бұл 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекенді таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биыл 10 өңірде – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу, реконструкциялау бойынша 30 жоба іске асырылып жатыр. Соның сегізін осы жылдың соңына дейін аяқтап, 463 елді мекенді орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жоспарланған. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 41,2 млрд теңге жұмсалады. Бұған қоса, аталған жобаларды аяқтауға Арнайы мемлекеттік қордан 29,5 млрд теңге бөлініп отыр.

ап

Мысалы, қазіргі Ұлытау облысындағы Сәтбаев қаласының, Жезді кентінің, ішінара Жезқазған қаласының тұрғындарын ауыз­­сумен қамтамасыз етуге бұдан 17 жыл бұрын, яғни 2008 жылы Есқұла топтық су құбырының құрылысы жобаланып, оны 2013 жылы іске қосу көзделген еді. Алайда бұл жоба да созбаққа салынған. Қазір оның барлық негізгі шаруасы аяқталып, келесі іске қосу-жөндеу жұмыстарын жылдың жылы мезгілінде жүргізу ұйғарылып отыр. Жобаны аяқтау құны – 2,1 млрд теңге, игерілгені – 1,91 млрд теңге. Нысан биыл пайдалануға берілмекші.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты 28 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ететін Талап топтық су құбырының құрылысы 11 жылға созылған. Жоба бойынша барлық жұмыс 2021 жылы аяқталып, нысан іске қосылғанымен, ұңғымалардың дебеті сағатына 60 текше метрдің орнына орта есеппен 40 текше метр ғана болған. Осыған байланысты ол аяқталмаған құрылыс деп танылған. 2022 жылы бұл нысан «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Сыр суы» филиалының теңгеріміне беріліп, қажетті дебетке жету мақсатында «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы қолданыстағы Талап топтық су құбырын кеңейту (5 жаңа ұңғыманы бұрғылау)» жаңа жобасы әзірленген. 2023 жылы құрылыс жұмыстары басталған. Жобаның құны – 534,5 млн теңге. Бұл нысан да биыл пайдалануға берілмекші.

«Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырының «Арал – Тоқабай – Абай» қосу тармақтарын салу жобасының мақсаты – Арал ауданының 3 100 тұрғыны бар Тоқабай, Абай ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету. Жобаның құны – 8,2 млрд теңге, игерілгені – небәрі 2,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын жалғастыруға биыл республикалық бюджеттен 2 млрд теңге, Арнаулы мемлекеттік қордан 3,7 млрд теңге бөлінді. Осы ауданның 398 тұрғыны бар Ақбасты елді мекенін ауызсумен қамтамасыз ету жобасының құны – 2,41 млрд теңге, игерілгені – 1,87 млрд теңге. Осы жобаны биыл аяқтауға ел қазынасынан 524 млн теңге қарастырылды.

Осындай халық үшін өте маңызды жобаларды іске асыру кейінге қалдырыла берсе, олардың құны қымбаттап, қосымша қаржы бөлуді қажет етеді. Мәселен, жоғарыда аталған Тоқабай ауылында көптен бері тартылып жатқан су тарату құбырының құны 3 млрд теңгеден басталып, 9 млрд теңгеге дейін, яғни 3 есе қымбаттаған. Сондықтан да ұзаққа созылып кеткен су құбырларының құрылысын тездетіп аяқтауды Үкімет өзінің бірінші кезектегі міндеті санап отыр.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында судың сапасы, халыққа қолжетімді болуы аса маңызды екендігін айта келіп, Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы шешімін жариялағаны мәлім. Содан бері жаңа мемлекеттік орган су шаруашылығында қордаланып қалған мәселелердің түйіндерін мүмкіндігінше тарқата бастады.