Ғылым • 10 Сәуір, 2025

Болашақтың зертханасы ашылды

364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Теңізден терең ғылым» деген тақырыпта жүрілген ғылыми іс-шара аясында Shakarim University-де жаңа ғылыми зертхана ашылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл – еліміздегі ғылымның жаңа сапалық деңгейге көтерілуі, деп жазады Egemen.kz.

 

Болашақтың зертханасы ашылды

Бүгінде ғылым жабық, тек теориямен шектелмейді. Мұны Shakarim University дәлелдеп отыр.

«Университетімізде тамақ өнімдерін физика-химиялық талдау зертханасының ашылуы – тек университет үшін ғана емес, бүкіл өңірлік ғылыми мектеп үшін де тарихи оқиға. Мемлекеттік қаржыландыру аясында жабдықталған бұл зертхана – ғылымды өндіріске айналдыратын жаңа платформа деуге болады. Мұнда магистранттар, докторанттар және жас ғалымдар нақты ғылыми жобалармен айналысып, еліміздің азық-түлік өнеркәсібіне үлкен үлес қосатын болады», деді техника ғылымдарының докторы, профессор Құмарбек Әмірханов.

Расында қазір Shakarim University бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі, өнім сапасы, тамақ технологиялары мен технологиялық тәуелсіздік мәселелеріне ден қоятын стратегиялық жобаны қолға алды.

«Мен бұл жерде ректор ретінде емес, профессор Құмарбек Жүнісбекұлының шәкірті ретінде де келіп тұрмын. Кезінде ол кісі маған «нағыз ғылым – еңбекке құрмет және адамға жанашырлық бар жерде ғана болады» деген еді. «Бұл – біздің ғылыми философиямыз. Бұл – біз жүріп келе жатқан жол», деп, өз білімін шәкіртінің бойына дарыта білді», деді ректоры Думан Орынбеков.

Зертханамен бірге құрт өндіру технологиясына және ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарына арналған оқу-өндірістік цех іске қосылды. Мамандардың айтуынша, жаңа зертхана – білікті маман даярлауда, қолданбалы технологиялар дамытуда, ғылыми өндірісті өсірстетуге, экономикалық серпіліске үлкен септігін тигізеді.

Зертхананың ашылу салтанатында көрнекті ғалым Елемес Төлеуовтің шәкірті, профессор Құмарбек Жүнісбекұлының ғылыми еңбегі жоғары бағаланды. Ғалымның шәкірттері бүгінде PhD доктор, ғылым кандидаты атанса, енді бірі әр өңірде лауазымды басшылықта қызмет етіп жүр.

Іс-шара аясында Саида Маненова, Айша Қанатова, Шұғыла Жақыпбекова, Әліби Мұратбек, Артем Яснов қатарлы жас ғалымдар  өз жобаларын таныстырды. Онда функционалды тағамдар, өсімдік компоненттері негізіндегі жартылай фабрикаттар, 3D-принтинг, гидропоника – мұның бәрі студенттердің өз қолымен жасалған ғылыми жұмыстардың нәтижесі.

Ректор Думан Рымғалиұлының айтуынша,  университет бүгінде өңірдің тірек нүктесіне айналғанын, ал ғылыми экожүйенің құрылуы бүкіл елге үлгі боларлық жаңа модел.

«Біз идея – іске, зерттеу – өндіріске айналатын орта қалыптастырамыз. Shakarim University жаңа ғылыми зертхананың аудиториясын кеңейтіп, алда ел экономикасының дамуына ат салыса береміз», деді ректор.

Сондай-ақ ғылыми жобалар аясында жасалған өнімдердің дәмін тату рәсімі де болды. Қонақтарға құрт, жартылай фабрикаттар, глютенсіз нан өнімдері, инновациялық қоспалар ұсынылды.

Абай облысы