
Фото: YouTube
Әкесінің ұйғарымымен бармаған үйірмесі жоқ: шахмат, математика, физика, химия, тағы не, Құдай-ау бәрі бар. Кіл мықты мұғалімдер баланы үйіне келіп оқытатын. Түк шықпады. Баршылық әулекі дүниелермен әуестенуге жол ашты. Ұлы не десе соны орындайтын әке перзентінің оқуға қыры жоқ екенін кеш түсінді. Баланың миын ашытуды жөн көрмеді. Аяды. Қаталдық танытып, талап қойып оқуға мәжбүрлеуге болушы еді, бірақ баласын қинағысы келмеді.
Әке қалай дегенде де тұяғының тұғырлы, атақты адам болуын қалап, осы тілегін орындауға жанталасып жол іздеді. Әншілік тұқымда жоқ, ебі де келмейді. Енді не? Тапты: спортта бақ сынау. Күрес, бокс, каратэ, волейбол, футбол, жүзу, тағы не бар еді, бәрі-бәрінің басын шалдырды. Ақырында спорттың мың сан түрінің біріне тоқтады. Баланың қалауымен.
Дене бітімі келісті, қара күшке де қара жаяу емес ұлының әлем чемпионы болуын, халықаралық турнирде топ жаруын, Олимпиаданың алтынын алуын шын қалады. Ізбасарының спортта жолы боларына сенгісі келді. Ұлынан бірдеңе шығарына оның өзі сияқты мығым, төртпақ, кең жаурынды бітімі бар-тын. Баланың мінезі, болмысы өзінікіне ұқсамайтыны ғана әкенің үмітінің ақталарына күмән туғызатын. Маңдайына жел тиіп, жүзіне күн сәулесі түсіп көрмеген бала болбыр, босаң еді. Ерік-жігер, өжеттілік табиғатында бар шығар, болса онысы қолдан тұншықтырылған. Оны оятуға әкенің түйсігі жетпеді не елжіректігі ерік бермеді.
Әке ықпалымен спорттағы жол басталды. Барлық кедергі алынып тасталды. Жеңіске ынталандырудың неше түрі қолданылды. Нәтиже жоқ. Бірақ әкенің қалауы ештеңені «тыңдар» емес... Үмітсіздік меңдеді. Кенет бәсі төмен бір турнирде ғайыптан-тайып бала жүлделі болды. Үміт оты қайта оянды. Тағы шапқылау. Оның үстіне ықпалды әкенің ығына жығылғыш жаттықтырушылар үнемі «бала талантты, болашағы зор, тек бағы жанбай жүр» дейді жалпақтап. Бұл да әлгі сүреңсіз жолдан шықпауға сеп. Үміт маздатқыш.
Баланың спорттағы жолын даңғыл ету барысында барлық тетік іске қосылды. Бақталас, бәсекелес талай мықтылар, таланттар, дарындылар жолдан тайдырылды, қолдан сүріндірілді, Құлагердің кебін киді. Бәрінен де ең күйіндіретіні бәсекелестердің көбісі жолынан жаңылып, сол күйі спорттан біржола қол үзді. Өкінішті емес пе?.. Оларға қарата жауапкершіліктен жеңіл құтылдыратын «Бұйырмаған ғой...» деген сөз сан рет айтылды...
Талай рет көкке көтерілуге тиіс Көк ту тасада «мүлгиді». Ықпалды әкеде кім болса да ұлт жалауын шыңға тіксе екен деп, осынау ірі іске ықпал ету ойында да жоқ. Көксегені – өз туын ғана желбірету. Көк туды биікте желбіретсем деген тілек керемет-ақ, бірақ мұның астарында есеп-қисап жатқаны жаман дә.
Ұлт жалауының ұнжырғасы түсуіне ықпалды әкелердің «ықпалы» тиіп-ақ тұр. Қайтпек керек?