Өнер • 11 Сәуір, 2025

«Birlik» биі

31 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі алғашқы көпұлтты «Birlik» ән-би ансамблі Ақтауда өткен «Түркі биінің ырғағы» халықаралық фестивалінің сахнасында өнер көрсетті. Әртістер әйгілі «Қара жорғаны» билеп, көрермен де қосыла кетті.

«Birlik» биі

«Birlik» ансамблімен бірге фес­тивальға тағы сегіз шығармашылық ұжым қатысты. Олар – әр ұлттың рухы мен дәстүрін сахнада бейнелеп жүрген жандар. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев атап өткендей, бұл фестиваль – тәжірибе алмасу мен шабыттануға, ортақ мәдени құндылықтарды бөлісуге мүмкіндік берген ерекше алаң болды. Іс-шара биыл Ақтауға берілген «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі аясында өтті.

 «Birlik» ансамблі былтыр құрыл­ған болатын. Ұжым құрамына кас­тинг нәтижесі бойынша іріктелген 20 үздік биші мен музыкант енді. Шығармашылық топтың басты мақсаты – әлем халықтарының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, дәстүрлі музыка мен биді көпшілікке таныту. Ансамбльге халықаралық байқаулардың лауреаты Анель Мара­баева жетекшілік етеді. Сондай-ақ қойылымдар мен хореографиялық композициялар дайындау барысында тәжірибе алмасу үшін жақын шетелдерден танымал хореографтар шақырылады.

Биыл Ақтауда 30-дан астам ха­лық­аралық мәдени және шығарма­­шы­лық бастама өткізу жоспарлан­ған. Атап айтсақ, фестивальдар, ғылыми конференциялар, көрмелер мен байқаулар ұйымдастыры­лады. Аталған іс-шаралар түркі әлемі елдері арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосады.