
Лудоманиямен күрес күшейеді
Сенат депутаттары алдымен Президенттің Нұрғазы Әбдіқановты Жоғарғы сот судьясы лауазымынан босату туралы ұсынысын қарады. Ұсынылған кандидатура алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Палата отырысында сенаторлар Мемлекет басшысының ұсынын қолдады.
Ал отырыста екі оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» мақұлданған заң денсаулық сақтау саласындағы құқықтық мәселелерді оңтайландыруға, ойын бизнесінің халыққа теріс әсерін азайтуға және осы салаларда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
– Бұл заң денсаулық сақтау саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Соның аясында медициналық қызметтерді регламенттейтін нормалар мен уәкілетті органның жекелеген құзыреттері қайта қаралды. Сонымен қатар лудоманиямен күресті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылып, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау талаптары күшейтілді. Құмар ойындарға қатысуға тыйым салынатын азаматтардың тізбесі де кеңейтілді, – деді М.Әшімбаев.
Осы орайда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске мүгедектігі жоқ адамдарға есту-протездік көмек көрсету туралы ережені, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізуді және атмосфералық ауаның жай-күйі туралы халықты тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етуді көздейтін өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ «Жарнама туралы» заңға ойын бизнесі жарнамасының таралуын шектейтін түзетулер енгізілді. Соған сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тек арнайы белгіленген аумақтарда ғана жол беріледі. Мұндай жарнаманы мобильді құрылғыларға жіберуге тыйым салынады. Бұған қоса «Ойын бизнесі туралы» заңда бас бостандығы шектелген немесе шартты түрде сотталған адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салатын нормалар да қарастырылды.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін бақылау мен басқаруды жақсартуға арналған реттеуші органдардың функциялары нақтыланды. Осылайша, мақұлданған заң арқылы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың функцияларын нақтылауға, жарнаманың орналасуын бақылауға және ойын бизнесі саласындағы адамдардың белгілі бір санаттарына шектеулер қоюға қатысты түзетулермен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңнама да өзектендірілді.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісімді ратификациялау еліміз бен Кипр Республикасы арасындағы Қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Келісімде белгіленген негізгі шартқа сәйкес сотталған адамның беру туралы ерікті келісімі болуы қажет. Сондай-ақ сотталған адамда екі тараптың біреуінің азаматтығы және сотталуына себеп болған әрекет үкімді орындау тарапының заңнамасына сәйкес қылмыс деп танылуға тиіс.
– Қаралған келісім Қазақстан мен Кипр арасындағы құқықтық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді. Құжатта сотталған адамдарды беру шарттары, бас тартудың негіздері, үкімді орындау сияқты мәселелер реттелген. Заң екі ел азаматтарының құқықтарын қорғау деңгейін арттырып, мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті күшейтуге оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Сот орындаушылары заңды бұзып отыр
Сенатор Андрей Лукин сот орындаушыларының заңға қайшы әркеттерін сөз етті. Оның айтуынша, олардың бұл әрекеттері кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып отыр.
– Сот орындаушыларының жүйелі түрде заң бұзуы кәсіпкерлердің мүддесіне қауіп төндіріп, сот төрелігі институтына деген сенімсіздік туғызып отыр. Олардың заңсыз әрекеттерінен кәсіпкерлердің мүлкі, шоттары және басқа да активтері негізсіз бұғатталған. Сондай-ақ керісінше борышкерлер қарыздың барлық сомасын төлемесе де, сот орындаушылары мұндай істі аяғына дейін жүргізбей тоқтатып отырған деректер көп, – деді депутат.
Сондай-ақ олар өндіріп алушылардың шағымдарын елемей, борышкерлерден шектеулерді негізсіз алып тастап, өздеріне сыйақы тағайындап заңсыз ақшаға кенеліп отырған деректер анықталған.
Қалдық сақтайтын қоймалар қауіпті
Ал депутат Ольга Булавкина 2,9 млрд тонна қалдық сақталған қоймалардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Депутаттың айтуынша, елімізде қазір 121 қалдық қоймасы бар, онда тау-кен және металлургия кәсіпорындарының 2,8 млрд тонна қалдығы сақталады.
– Дабыл беру, бұғаттау, шамадан тыс жүктемеден қорғау құрылғылары, бақылау-өлшеу аспабы, пайдалану тәртібі бойынша кешенді сынақтан өткен тиісті байланыс және жарықтандыру құралдары болған кезде ғана қалдық қоймаларын пайдалануға болатынын түсіну қажет. Ал елдегі мұндай нысандар талапқа сай болмай отыр. Бір ғана мысалды алсақ, былтыр Глубокое ауданының Белоусовка ауылында қалдық қоймасы арнасынан асып кетті. Бұл тиісті құрылымдар тарапынан нысандардың қауіпсіздігіне жүйелі түрде кәсіби талдау жасалмағанын көрсетеді. Ол адам денсаулығы мен инфрақұрылымға тікелей зиян келтіреді, – деді сенатор О.Булавкина.
Депутат су тасқыны кезеңінде бөгеттер жарылып, улы заттар жерге ағып кетуі мүмкін екенін, бұл жерасты және жерүсті суларының ластануына әкелетінін айтып дабыл қақты. Ал елімізде қалдық қоймалары елді мекендер мен ауыл шаруашылығы жерлеріне жақын орналасқан. Сонымен қатар еліміздің қауіпті аймағындағы сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық екенін еске салды депутат.
«ART Sport»-та алаяқтық көп
Геннадий Шиповских «ART Sport» бағдарламасы қаржылық алаяқтық жасап отырғанын мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, «ART Sport» бағдарламасы бұқаралық спортты дамыту және балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге тарту мақсатында іске қосылған. Алайда кейбір кәсіпкерлер балаларды атүсті тіркеп, сабақ өткізбеген, ал қаржысын қалтасына басып алған. Балалардың сабаққа қатысуын растайтын электрондық жүйе болмағандықтан, мұндай кәсіпкерлер жалған мәлімет ұсынған. Осылайша, бюджеттен артық қаржы алғаны анықталған. Сондай-ақ көптеген спорт нысанында ыстық су, душ, ауа желдеткіші, өрт қауіпсіздігі жүйелері жоқ. Оқу-жаттығуға қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Жаттықтырушылардың біліктілігі төмен, көбісінде тиісті сертификат жоқ. Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорт секциялары жеткіліксіз, ал балалар ірі қалаларға қатынай алмайды, қаржыландыру дұрыс болмағандықтан кейбір өңірлерде бағдарлама жартылай немесе толық тоқтап қалған. Мұндай заң бұзу деректері Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстарында тіркелген.
– 2022–2023 жылдары бағдарлама аясында түрлі заң бұзушылықтар бойынша 38 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, 43 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 600-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалып, оларға тиесілі қаражат қайтарылды. Сондай-ақ 22 қылмыстық іс қозғалып, 8 адам сотталды. Ең сорақысы республика бойынша сабаққа қатыспаған 8 мыңнан аса бала тіркелген. Сонымен қатар 164 секция санитарлық талаптарға сай келмейтін жертөлелерде, пәтерлерде және жабдықталмаған залдарда өткізілген, – деді Г.Шиповских.
Депутат осыған байланысты Үкіметті бірқатар түзету енгізуге шақырды.
Дәрі-дәрмек уақытында жеткізілуі керек
Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемаларына, сатып алу рәсімінің ашық болмауына және қымбат препараттар тізбесін қалыптастыруға қатысты түйткілдерге тоқталып, аталған мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Оның айтуынша, жылдың басы мен соңында дәрі-дәрмек уақытында жеткізілмейді. Бұл азаматтардың наразылығы мен денсаулық сақтау жүйесіне сенімсіздік туғызады.
– БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және азаматтардың өтініштерінде «инсулин», құрысу мен ісікке қарсы препараттардың жоқтығы туралы шағымдар жиі айтылады. Дәрі-дәрмекті қабылдау уақытын өткізіп алмау керек, науқас адам оларды күте алмайды. Ол науқастың өміріне тікелей қатысты. Барлық өңірде өмірлік маңызды препараттардың уақтылы түсуін қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде бір-бірін алмастыратын дәрілер тізілімін жасау керек, сондай-ақ тиімділігі дәлелденген инновациялық препараттар қолжетімді болу қажет, – деді сенатор.