
Сол уақытта СМГ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 60–70 мың теңге аралығында болғанымен, шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңге деп бекітілді. Министрлік осы жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеріссіз қалдыру туралы бұйрық жобасын жариялады. Ол бұйрық биыл 30 маусымға дейін тұрақты сақталады. Өйткені бағаның өзгеруі зауыттардың да шығынға ұшырауына әкелді (зауыттар тоннасына 20 000–25 000 теңгеге шығындалады).
2025 жылдың 1 ақпанынан бастап еліміздің бірқатар өңірінде автогаздың бөлшек саудадағы бағасында да өзгерістер болды. Астанада литрі 82 теңгеден 102 теңгеге, Алматы қаласында 89 теңгеден 102 теңгеге дейін көтерілді. Атырау және Ақтөбе облыстарында баға 59 теңгеден 77 теңгеге қымбаттады. Нарықтағы бағаның жоғарылауына бірнеше себеп бар, оның маңыздылары – СМГ өндірудің өзіндік құнының жоғары болуы және рентабельділіктің төмендеуі.
Жақында Энергетика министрлігі мен «Теңізшевройл» ЖШС келісімге қол қойды. Тараптар жүргізген келіссөз нәтижесінде жыл сайын ішкі нарыққа сұйытылған газ жеткізілмек.
«Келісімнің жасалуы – республиканың сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. «Теңізшевройлдан» жеткізілетін кепілдендірілген газ ішкі нарықтағы тапшылықты азайтуға, осы өнімді тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.
ТШО бас директоры Кевин Лайонның сөзінше, «Теңізшевройл» осы стратегиялық маңызды саладағы әлеуетті мүмкіндіктерді зерттеу үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастырады. «Біз Энергетика министрлігінің мақсаттарына қолдау көрсетеміз, елдің өнеркәсіптік және экономикалық дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз», дейді Кевин Лайон.