Сұхбат • 11 Сәуір, 2025

Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Тыныштық пен татулық берекеге жеткізеді

678 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Осы оқиғаның қарсаңында мем­лекет және қоғам қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановпен сұхбаттасқан едік.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ: Тыныштық пен татулық берекеге жеткізеді

– Сіз ассамблея ардагер­ле­рі­нің бірісіз. Оның қызметіне тарихи тұр­ғыдан да баға бере аласыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол қоғамдық институт ретінде қанша­лықты тиімділігін көр­сетті?

– Ассамблея ардагері еке­німіз рас. Алғыс айту күнінде Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Сонда ассамблея ардагерлерін марапаттау рәсімі менен басталған еді. Өйткені бүгінгі таңда ассамблеяның құрылған күнінен бергі бүкіл жүріп өткен жолына түгелдей куә адамдар көп қалған жоқ. Ал менің маңдайыма Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына куә болу ғана емес, оның құрылуының басы-қасында болу да бұйырды. Тіпті ассамблеяны дайындау жөніндегі жұмысқа тікелей атсалысқан жағдайым да бар. Ол жұмыс – 1992 жылы Қазақстан халықтары форумын өткізу. Президент Аппаратының мәде­ниет және ұлтаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретінде оған бастан-аяқ қатысқанбыз. Сол форумнан кейін ассамблея құру жөніндегі идея өмірге келді. 1995 жылдың басында Президент Әкімшілігінде Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде бізге ел басшылығының Қазақстан халықтары (ол кезде солай аталды) ассамблеясын құру жөніндегі тапсырмасы түсті. Осыған орай Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы мен ҚХА ережесінің жобаларын дайындадық.

Өткен отыз жыл ішінде ассамблея қоғамдық институт ретінде қалыптас­ты деу аздық етеді. Ассамблеяның бү­гінде конституциялық мәртебесі бар, парламенттік өкілдік құқы бар. Бір кездегі консультациялық-кеңесшілік органнан қазір қоғамдық келісімнің бірегей тетігіне, этносаралық қатынастар саласындағы аса тиімді құралға айналды. Елімізді мекендеген этностарды біртұтас халыққа айналдыруға ерекше септесті.

Біздің ассамблея құрылған кезде мұндай ұйым бергі ТМД тұрмақ, әргі әлемде жоқ болатын. Оның халық­аралық аренадағы биік беделіне бір дәлел келтірейін. 2018 жылы ҚХА деле­гациясының құрамында Ресейге бардық. Президент Әкімшілігінде, Мемлекеттік Думаның Ұлттар істері комитетінде, Ұлт­тар істері жөніндегі федералдық агент­тікте болдық. Кездесулер өткіздік, өз тәжірибемізбен бөлістік, сұрақтарға жауап қайтардық. Солардың бәрінде бізбен сөйлескен лауазымды тұлғалардың бәрі Ресей Федерациясы халықтарының ассамблеясы бүтіндей дерлік Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісі бойынша құрылғанын, көпэтносты мемлекетте ұлт­аралық келісімді сақтаудың қазақ­стандық үлгісінен үйренетін жайлар көп екенін қайта-қайта айтып жатты.

Ассамблея жұмысына белсене қаты­сатын адамдардың бірі ретінде осы бірегей құрылымның тәжірибесіне бүкіл әлемде қызы­ғу­шылық бар деудің еш­қандай артық айтылмағанына мына­дай да куәлік ете аламын. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының Астанадағы саммиті қарсаңында Австрияға барып, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебектен сұхбат алға­нымызда, ол кісінің біздегі ұлтаралық қатынастың орнықтылығын атап айтқаны, соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын бөле атаға­ны есімде ерекше қалып қойды. Сол сұхбатқа Воллебектің «Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі нығайта түсу маңызды» деген сөзін тақырып етіп қойып едік.

– Парламенттің екі шақыры­лымында да ҚХА депутаттық тобының жетекшісі болдыңыз. Сол уақытта депу­таттар тарапынан елдегі этнос­аралық қа­­­ты­насты нығайту мақса­тында қандай ұсыныстар жасалды және жұмыстар атқарылды?

– Біздің депутаттық топ екі айда бір рет бас қосып отыратын. Қаралған мәсе­лелердің тақырыптық ауқымы кең. Тек көшпелі отырыстарымыздың өзі бір шақырылымда он екі рет өткізілді. Өз жұмысымызда парламенттік қызметке ең әуелі ассамблеяның тұрғысынан қарағанымыз түсінікті. Дәйім елдегі қоғамдық тұрақтылық мәселесін бас­ты назарда ұстай­тынбыз. Көпшілік­­тің көңілін алаңдататын жайларға басым­дық берілді. Мысалы, елдің орыстілді мектептерінде қазақ тілін оқыту­дың жайын қарағанымызда салалық министрліктің есебін тыңдағанымыз, талқылау барысында орыстілді мек­теп­терде қазақ тілін қалай болса солай оқы­­тудың нақты мысалдарын алға тарт­қанымыз, талқылау қорытындысында осы мәселені шешудің жолдарын ұсын­ғанымыз есте.

Айтқандай, осы мәселеге қазіргі Мәжі­ліс те қайта көңіл бөлсе, дұрыс болар еді. Сондай мектептерде оқитындардың ара­сында мемлекеттік тілді ойдағыдай үйреніп шығатындар қазір де аз екенін ендігі жерде жасырып-жаба берудің жөні жоқ.

Ұлттық театрлар жайын арнайы сөз ете келіп, оның аяғы бірнеше театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге бюджет қаражатын бөлумен біткені де бар. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобының екі шақырылымдағы жұмысы туралы екі кітап шыға­рылған. Әрқайсысының көлемі 300 беттен асады. Соның екеуін де журналист ретінде құрастырып, алғы сөзін жазған едім. Топ отырыстары, сайлаушылармен кездесулер туралы есеп­тер, топ мүшелерінің депутаттық сауалдары және оларға қайтарылған жауаптар, депутаттардың жаз­ған мақалалары мен берген сұхбаттары жинақталған, фотолармен әдемі безендірілген кітаптармен танысқан адам депутаттық топтың көп іс тын­дыр­ғанына көз жеткізе алады.

– Елдегі тұрақтылық пен ынты­мақтың қалыптасуына ҚХА-ның қос­қан нақты үлесі қандай? Алдағы уа­қыт­та қоғам­дық келісімнің сақ­талуы, ҚХА жұмысын бұдан да көтеру үшін қандай істер жасалуы керек?

– Тәуелсіздік жылдарында ассамблея мәдениетаралық және этносаралық диалогтің беделді институты, мемле­кет пен этностық қоғамдастықтар ара­сындағы байланыстырушы буын бола алды. Ол біздің бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылымға айналды. Ең бастысы,  ассамблея елімізде өмір сүруді таңдаған этностардың бәрін қазақ халқының төңірегіне топтастырды. Қазіргі таңда қазақ тілін Ұлы даланың этносаралық қатынас тіліне айналдыру жөніндегі ұлы мақсатты алға қойып отыр. Әрине, бұл мақсатқа оңайлықпен қол жете қалмайды. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, балабақшадан, мектептен бастап, мемлекеттік институттар­дың барлығы тізе қоса, жұмыла, жүйелі жұ­мыс жүргізгенде ғана қол жетеді. Уақыт та керек. Қазіргідей өтпе­лі кезеңде, әлемде геосаяси келіс­пеушілік бұрынғыдан  да көбейіп тұрған шақта арандауға түсіп қалмауды қамдау керек. Әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздықты өрші­тетіндей, мемлекетаралық қатынастарды ұшындырып жіберетіндей әлеуеті бар арамза ақпарат әлсін-әлсін бой көрсетіп тұратыны белгілі. Соларды өзіміз оңды-солды таратып, аудиториясын қолдан кеңейтіп жататынымыз тағы бар. Біз бәрінен бұрын тәуелсіздікті, өзіміз құрған мемлекетті, елдегі тыныштықты сақтауымыз керек. Елде тыныштық, татулық, береке, ауызбірлік болса, бәрі де болады. Міндетті түрде болады. Бүгін болмаса, ертең болады. Мемлекет ішіндегі келісімді бұзып алғандардың нендей күйге түсіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз.

– 23-24 сәуірде 30 жылдыққа орай өтетін сессияда қандай мәселелер көтері­леді деп ойлайсыз?

– Кейінгі кезде ҚХА-ның жылдық жалпы жиыны екі күн бойы өткізіліп жүр. Бұрын­­ғыдай екі сағат сөйлеп, аяғын концертке айналдырып жібе­ретін жұмыс пішімінен гөрі саладағы мәселелерді салиқалы әңгіме арқауына айналдыратын үрдіс қалыптасып келеді. Тағы бір назар аударарлық жай мынау: сессияның алдында барлық өңірде, әкімдердің, яғни жергілікті ассамблея басшы­ларының жетекшілігімен кеңей­тілген өңірлік кеңестер мен конференциялар өткізі­леді. Оларда айтылған ұсыныстар ҚХА кеңе­сінің кеңейтілген отырысында қаралады. Алғашқы күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығының қорытындылары мен алдағы міндеттерді сөз ететін ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізіледі. Онда ассамблея­ның жалпыұлттық бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі, Аналар кеңесінің рөлі, этномедиация институтын дамыту, ҚХА-ның қайырымдылық қызметі, ғылыми-сарапшылық қызметі, басқа да көкейкесті мәселелер талқыланады.Ертеңіне Мемлекет басшысы, Қазақ­стан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз сөйлеуі күті­леді. Онда ел өмі­рінің шешімін күт­кен жайлары қозғалатыны, соның ішін­де Қазақстан халқы Ассамблеясының қыз­метін жаңа заманның жаңа міндеттеріне сай биікке көтеру жолдары көрсетілетіні күмәнсіз. Мерейтойлық сессия ассамб­лея ­мәртебесін асыра түсуге көмек­­те­седі, елдегі тұрақтылық пен татулыққа сөзсіз септеседі деп кәміл сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»