
Белгілі қонаевтанушы Ораз Қауғабайдың «Ақылманның балалық және жастық шағы» атты кітабында Мәскеуде оқып жүрген Дінмұхаммед Қонаев демалыс алып, пойызбен елге қайтып келе жатқанын жазады. Көрші вагонда қарулы күзетпен келе жатқан саяси тұтқындар орналасқан еді.
Димаш Ахметұлы екі вагонның түйіскен тұсынан сыртқа қарап тұрғанда, тұтқындардың бірі оның қалтасына әлдебір қағазды сүңгітіп үлгереді. Қонаев әлгі азаматтың тегін адам емесін біліп, вагонына келіп, конвертті ашып қараса, Әлімхан Ермековтің әйеліне жазған хаты екен. Хатта этаппен айдалып бара жатқан түрменің мекен-жайы жазылыпты.
Әлекең бейтаныс хат тасушыға арнап, Алматыдағы мекен-жайын да толық көрсеткен. Сонымен қатар «Осы хатты жеткіз, бауырым!» дей келіп, өзінің Әлімхан Ермеков екенін жазыпты. Димаш Ахметұлы математика оқулығының авторы Әлімхан Ермековтің өмірбаяны мен еңбегін жақсы білетін. Сондықтан да, аманатқа қиянат жасамай, хатты Алаш арысының жарының қолына тигізеді.
Арада зымырап талай жыл өтеді. Алаш арысы Әлімхан Ермеков ақталып, Алматыға келеді. Ол кезде Дінмұхаммед Қонаев Министрлер кеңесінің төрағасы болатын. Әлімхан Ермеков жұмыс және баспана мәселесімен төрағаның қабылдауына жазылады.
Димекең алашордашылардың соңғы тұяғын құшақ жая қарсы алып: «Сіздің Алматыда емес, Қарағандыда тұрғаныңыз дұрыс. Мұнда дұшпандарыңыз көп. Олар жұмыс істетпей, шетқақпай боласыз», деп кеңесін береді. Сондай-ақ баяғыда пойыздағы хатты да есіне салып, жеңгейге аманатты тапсырып, алғысын алғанын да айтады.
Әлекең орнынан атып тұрып: «Құдай Тағала маған қайырымды жігітті текке кезіктірмеген екен», деп інісін құшақтай алады. Оның ақылына құлақ асып, «Қайдасың, Қарағанды?» деп туған жеріне аттанып кете барады.
Лениннің алдында айқасқа түсіп, қазақ шекарасын шегендеу ісінде ерлік көрсеткен Әлімхан Ермеков пен Қазақстанды ұзақ жылдар бойы басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың тосыннан жолығуы кездейсоқтық па? Саяси сауатты Димекеңнің «саяси тұтқын» саналатын Ермековтің құпия хатын жарына жеткізуі батылдық емес пе? Бұл сұрақтарға оқырмандар өзі жауап табар деп ойлаймыз.