
Бір қуанатынымыз, соңғы бір-екі жылда жасанды болса-дағы еуропалық интерьерден алыстап, үй ішін ұлттық нақышта сәндеуге көше бастадық. Шаңырақ стилінде аспа шам іліп, керегенің элементтерін пайдаланатын болдық. Ұлттық стильдегі дәмхана, мейрамханалардың да қатары көбейіп келеді. Демек халықтың күйкі тірліктен сәл бас көтеріп, руханиятқа, мәдениетке мойын бұра бастағандығы болса керек. Саяхатшылардың бес жұлдызды қонақүй емес, ауылдың қарапайым тіршілігін көруге ықыласы ауа бастады. Шәкерман Ошанның да қолға алып жатқаны – этно туризм. Қолға алатындай мүмкіндігі мол оның. Ең бастысы, саусағынан өнер тамған ісмер. Ұмыт бола бастаған текемет, сырмақ, алаша, тұскиіз сынды қазақтың төл өнерін ешқандай аппаратсыз бәз-баяғы апалардың әдісімен жасайды. Жазға салым жүн сабайды, киіз басады... Қыстың ұзақ кешінде кесте тігер еді. Қолөнер бұйымдары қыздың жиған жүгіндей төрінде тұр. Текемет, алашасын арқалап, сан рет көрмелерге де қатысқан. Жүлделі орындар да жоқ емес.
– Этно туризммен айналысып келе жатқанымызға жеті жылдай болды. Ал қолөнермен қолыма ине ұстай білгеннен-ақ шұғылданамын. Кішкентайдан түйме қадау секілді ұсақ-түйек шаруа менің мойнымда еді. Қазір кесте тігуден бастап, сырмақ сыру, алаша тоқу сынды төл өнерімізді барынша түлетіп жүрміз. «Ана көрген тон пішсін» деп, қызыма да бар білгенімді үйретемін. Қазіргі киіз үйлердің ішкі жабдығын толықтай қолдан тігіп жүрміз. Келген туристер алдымен қазақтың мәдениетін көрсе, білсе деген оймен қазақ үйінің ішіне жасанды дүние қоймадық. Барлығы дерлік, қолөнер, төл өнер. Сонымен қатар төрт түлігімізді өргізіп, құрт-майын алып отырмыз, – дейді Шәкерман Ошан кесте тігіп отырып.
Әртүрлі мағынадағы кестелерін жақтауға салып, қабырғаға іліп те қояды екен. Ою-өрнектері әдемілігіне қарай емес, мағынасына қарай орналасады деседі. Көзге тартымды көрінгенімен, өрнекті өресі бар, өнерді жан-тәнімен түсінетін жандар ғана түсінетін секілді.
– Бұл бізбен тігілетін кесте түрі. Кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген оюды қармақпен шалып шығамыз. Керілген матаға ісмер қалаған ою-өрнегін сызып алады. Содан соң үстінен түрлі жіппен кестелей береді, – деп кестенің де қыр-сырын түсіндіргендей болды.
Білуімізше, біз кестенің шым кесте және әредік кесте деген екі түрі бар. Шым кесте деп, материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте aз қалдырып, тұтас кестеленген шымқай кестені айтады екен. Ол тәсілмен тұскиіз, сандық қап, мақпал шапан, жастықтың көзі, орамалдың шеті, сәукеле сияқты басқа да көптеген киімдерге кесте тігіледі. Әредік кесте – тақия, балақ, өңір, жаға, етек, әйелдердің тымағы, кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы тігіледі. Кейіпкеріміз оюдың мән-мағынасына терең мән беретіндіктен, бей-берекет қолдана да бермейді. Мәселен, етіктің қонышына түсетін өрнек баскиімге кестеленбейді. Сол секілді алаша мен сырмақтың, тұскиіз бен текеметтің де тұрмыста орны бар. Шәкерман Ошан киіз үй жабдықтарын орналастырғанда да ата дәстүр тәртібін қатты ұстанады. Арманы, ойы – киіз үйлерін ауыл сыртына, табиғат аясына тігіп, жүн сабау, сырмақ сыру сынды ұлттық өнерді әмбеге әйгілесем дейді. Бозанбай ауылының маңайы да көрікті. Мөлдір бұлақ, жазиралы жасыл белдері де бар. Оның үстіне, қаладан қашық емес, қызықтап баратындар да баршылық. Ұлттық өнер солай насихатталса керек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы