Ән • 11 Сәуір, 2025

Сағымға айналған сағыныш

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мезгіл әуені. Сартап дала сары жапырақ жамылып, айнала алтын түспен көмкерілгенде, кісі көңілін әлдебір сағы­ныш сазы тербей жөнелетіні бар. Күзгі пейзаж жүрек­ке ұмы­тыл­мас күндердегі есті естеліктердің шоғын үрлей­тіндей. Әйтеуір өткен шаққа деген іңкәрлік жаның­ды жылыта түсе­ді. Онға бөлінген ойыңды, мұңтұнба қарашықтағы мұңың­ды әдемі әуен әлдилей жөнеледі.

Сағымға айналған сағыныш

Жүзін жалт беріп кері бұратын фәни жал­ғаннан өзі өтсе де, оның үні құлағымызда қалып қой­ғанын несіне жасырамыз? Құлақтың құрышын қандыратын сол бір мөлдір дауысты әлі күнге дейін сағынатынымыз, әндерін қайыра тыңдағанда қу медиен далада жалғыз қалған шағаладай шарқ ұратынымыз тағы бар. Ондайда төңірек түгел алтынданып кеткендіктен бе, әйтеуір мезгіл мен әннен үйлесім іздей жөнелеміз... Сол үйлесімді санау­лы шығармадан ғана табамыз.

Ол жылдардың өзіне ғана тән романтикасы мен талғамы бар еді. Қайда жүрсек те сол ескі әндер шырқалып жататын. Шлягерге айналған шығармалар тыңдарман жадынан ешқашан өшпейтіні де ақиқат қой. Өйткені тәуір дүниенің ғұмыры қашанда ұзақ болады емес пе. Аймаңдай әнші Мәдина Ералиева шырқау шегіне жеткізе шырқаған «Күрең күз» әні әлі күнге дейін ескірген жоқ. Тұла бойыңды өткен шақтың елесі кезген кезде әйгілі әнді қайта тыңдап, бір жасап қаламыз.

«Күп-күрең менің реңім

Қош енді, қош бол, күрең күн.

Жаз келер және жап-жасыл,

Қош енді, қош бол, күрең күз», деп басталатын ностальгияға айналған әдемі әннің мәтіні кісі баласын ойландырмай, толған­дырмай қоймайтыны анық қой.

Сағымға айналған сол бір жылдарда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған ғажап туын­дыны жүрегімізбен жылы қа­былдап, тебіреніп тыңдасақ та, астарына аса бір қатты мән бермеген секілдіміз. «Қош енді, қош бол, күрең күн», деп бас­талатын тармақтың салмағы соншалықты ауыр екенін ол кезде қайдан білейік. Енді ғой, түйсініп жүргеніміз.

Гүлнәр Дәукенова әнін жазған ғаламат шығарманың тари­хы трагедиямен тамыр жал­ғап жатқанын ширек ға­сыр уақыт бұрын ешкім сезбе­ген де, білмеген де шығар. Дерекке сенсек, бұл шығарма композитордың әріптесі жастай бақиға бет түзеген шақта туған көрінеді. Жанға жара салған мезетте жазылған әннің астары тұңғиыққа батыратыны даусыз. Бір сөзбен айтқанда, әуенімен де, әуезімен де жан тербейтін туынды қоштасу әні секілді.

«Қош енді, қош бол, күрең күз,

Күрең мұң саған жібердім.

Күлермін деп ем түнердім,

Білермін, қалай білермін», деп басталатын әннің қайырмасы да тыңдарман жүрегіне ауыр жүк түсіретіні рас. Тайталас пен қайшылыққа толы әнші тағдырында езуге күлкі үйіретін сәттен гөрі, қарашығына мұң ұялататын кездер аз болмағаны ақиқат қой. Әннен жанының күй­зеліске, сенімі мен сезімінің сергелдеңге түскенін аңғару да қиын емес.

«Күрең күз» әнін Мәдина Ералиеваның орындауында тың­даған сайын өзіміздің де жаны­мыз мұң құрсауында қалып қоятыны несі екен? Сағым­ға айналған сағыныштай болған әншінің бейнесін, үнін сағын­ған­дық­тан шығар, бәлкім. Әйтеуір, ішке түскен бір сезім шоғы адам жа­нын жай таптырмайтыны анық.

Тыңдаған сайын жаныңды қоңыр мұңның іңіріне тарта түсе­тін «Күрең күз» әні эстрада көгінде жұлдызы жарқыраған Мәдина Ералиеваның да жа­рық жалғанмен қоштасу әніне ай­нал­ғандай көрінетіні рас. Осы ән арқылы ол «өзімді де, өнерімді де ұмытпаңдар» дегенді тұспалдап айтып кеткен бе дерсің...

«Қош енді, қош бол, күрең күз,

Ақ қысты тездеп жібергіз.

Ақ қыстай аппақ бір елміз,

Ширығып біраз жүрерміз,

Қош енді, қош бол, күрең күз,

Шынығып өмір сүрерміз», деген тармақ жұрт жадынан еш уақытта өшпейтіні анық. «Ширығып біраз жүрерміз» деген ән әлемінің Ақ Баянының да бақилық болғанына біраз жылдың жүзі толды.

Уақыттан асқан жүйріктің жоқ екені рас-ау. Зымырандай зулаған жылдар көшін кері бұра алмағанымызбен, сағыныш сазына айналған таңдаулы туын­дылар әлі күнге дейін жүре­гімізді, жанымызды жылытып тұр­ға­ны айдай ақиқат. Шын өнердің бір құдіреті дегеніміз де осы емес пе?