Сұхбат • 12 Сәуір, 2025

Жадыра Аширова: Ізденіс нәтижеге жеткізеді

102 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде ғылым саласына білікті кадрлар тартуға ерекше маңыз беріліп отыр. Әсіресе ғылымдағы жастардың үлесін арттыру бас­ты назарға алынған. Ғылым қызметкерлері күніне орай биотехнология, жасыл инновация, биоинженерия салаларынан ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген жас ғалым, PhD, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің доценті Жадыра АШИРОВАМЕН әңгімелестік.

Жадыра Аширова: Ізденіс нәтижеге жеткізеді

– Жадыра Бердімұратқызы, отандық ғылым­ды қолдау мақсатында қолға алынған игі баста­маның бірі – «500 ғалым» бағдарламасы аясында шетелдегі жетекші жоғары оқу орнында біліктілігіңізді жетілдірдіңіз. Осы бағдарлама сізге не берді? Қандай мүмкіндікке жол ашты?

– «500 ғалым» бағдарламасының ғылым саласында табанды ізденіс жасап жүрген жандарға беретін мүмкіндігі мол. Бұл бағдарлама аясында біздің ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми және жоғары білім ұйымдарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік ала алады.

Мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көрсе­тілген қолдауды пайдаланып, 2023 жылы атал­ған бағдарламаға қатысуға құжат тапсырдым. Бар­лық кезеңнен сәтті өтіп, «Болашақ» бағдарлама­сы­ның стипендиаты атандым. Италияның Анкона қаласындағы Марке политехникалық универ­сите­тінде «Биотехнология. Жасыл инновация. Био­инженерия» мамандығы бойынша (UNIVPM) ғылыми тағылымдамадан өтуге жолдама алдым.

Аталған университет – Италиямен қатар, Еуро­падағы инженерия, биология, ауыл шаруашы­лығы және медицина бағыттарындағы алдыңғы қатарлы білім ордасы. Анкона қаласы Адриат теңізінің жағасында орналасқан портты қала. 2400 жылдан астам тарихы бар шаһар Италия экономикасы үшін маңызды рөл атқарады.

Тағылымдама барысында профессор Бруно Мецзетти мен доктор Лука Мацзонидің жетекшілігімен Марке политехникалық университеті мен Азиенда аграрлық политехникалық университетінің ғылыми зертханалық базасында жұмыс істедім. Атап айт­қанда, тамақ өнімдеріне еуропалық стандарт талаптары зерделеніп, түрлі ауыл шаруашылығы өнімдеріне зертханалық тәжірибе мен зерттеу сынақтары жүргізілді. Бұдан бөлек, тағылымдама аясында италиялық білікті ғалымдардың дәрістерін тыңдап, зерттеу нәтижесінде алынған деректерді талдадық.

– Сіз биотехнология, жасыл инновация, биоинженерия салалары бойынша ғылыми зерттеу жасайсыз. Тағылымдама барысында аталған салалар бойынша қандай білім мен кәсіби дағдыны меңгердіңіз?

– UNIVPM университетінің зертханалары қажетті құралдармен толыққанды жабдықталуы нә­­ти­желі жұмыс істеуімізге мүмкіндік берді. Мы­салы, прак­тикалық және зертханалық жұмыс бары­­сында өсімдіктердің биотехнологиясының әдіс­тері­мен танысып, бактерияларды өсірудің жаңа тәсіл­­дерін меңгердім. «In vitro» селекциясын жасап, жаңа «dsRNA» негізіндегі формулалар сынақтан өт­кізілді. Ал ең негізгісі – «Құлпынай жемісінің тұрақ­тылығы, тағамдық сапасы, сақтаудың түрлі шарттары» тақырыбындағы зерттеу жобасы. Ғылыми жетек­шілеріммен бірлесіп зерттеудің мақсаты мен мін­деттерін айқындап алып, жоғары нәтижеге қол жет­кіздік.

Тағылымдама барысында «Battistini Vivai» кәсіп­­орнының қызметімен жан-жақты танысуға мүм­кіндік алдық. «Battistini Vivai» жоғары сападағы же­міс-жидек өсіреді. Кәсіпорын тұрақ­ты даму мақсаттарына жету үшін ғылымды, инно­вацияны және кәсіби дайындықты үйлестірген. Кәсіп­орынның басты ерекшелігі – адамдардың ден­саулығын, агроэкологиялық трансформацияларды, биологиялық әртүрлілікті, ауылдық елді мекендерді тұрақты дамытуды және өсімдіктер мен жеміс ағаштарының климаттық өзгеріске төзімділігін басымдыққа қоюы. «Battistini Vivai» өнімдері сапасының жоғары болуымен халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие және бәсекеге қабі­леттілігі жоғары. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіп­сіздігіне де оң ықпал ететіні белгілі. Білімімді жетілдіру кезеңінде аталған кәсіпорынның жылыжайы мен плантациясында болып, жемісті өсірудің жаңа әдісін зерделедім.

Алдағы уақытта тағылымдама нәтижелері елімізде де енгізілетін болады. Нақтырақ айт­қан­да, жас ғалымдардың ғылыми жобалары біз зерттеген тақырыпқа бағытталып, тиісті жұмыс­тар жүргізілмек. Сондай-ақ «Scopus» базасын­да ғылы­­ми мақалалар жарияланбақ. Өз кезегімде ғылы­ми тағылымдама барысында қолдау көрсетіп, ғылыми жетекшілік жасаған профессор Бруно Мец­зеттиге, доктор Лука Мацзониға, доктор Сильвия Саббадиниге, доктор Рохулла Кадериге және уни­верситеттің өзге де профессор-оқытушылар қауым­дастығына шынайы алғысымды білдіремін.

– Докторлық жұмысыңызда жоғары оқу орындары мамандарын сапалы даярлау, педагогтердің кәсіби беделін арттыру және олардың сапалық құрамын жақсарту зерделенген екен. Бұдан өзге қандай жаңашылдық бар?

– Дұрыс айтасыз. Қазір еліміздің саяси-эконо­микалық дамуының әртүрлі саласында қызмет атқа­ратын жастарға болашақтың иесі ретінде үлкен үміт артылып отыр. Бұл тұрғыда маман даяр­лау мәселесіне жаңаша көзқарас, жаңа талап керек. Мектептегі білімнің сапасын, ғылыми мазмұны­ның тереңдігін, оқушылардың ізденушілігі мен зерттеу­шілік қабілетін қалыптастыратын тұлға – педагог.

Өскелең ұрпақтың өмірге икемдігі мен ізденушілігі мектепте жүзеге асады. Бұл тұрғыда мамандардың кәсіби құзыретін жетілдіріп, әдістемелік тұрғыдан жаңаша білімге шыңдау жоғары оқу орындарының жауапкершілігін күшейтті.

Бүгінде адамзат алдында тұрған үлкен жауапкер­шілікпен қарауды керек ететін мәселенің бірі – қоршаған табиғи ортаны қорғау. Бұл адам бойында бірден пайда болатын сапа деп айта алмаймыз. Оған үйрену, әдеттену, жаттығу қажет. Экологиялық іс-әрекетті ұйымдастыра білу қабілеті мұғалімнің күнделікті беретін білімі мен олардың бойында қалыптастыратын тәрбиесіне байланысты.

Зерттеу жұмысымда болашақ педагогтерді дайындауға қойылатын бірнеше талапты жүзеге асыру көзделінді. Атап айтқанда, болашақ биолог мамандардың жергілікті материалдарды зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру, болашақ маманның ізденушілік, зерттеушілік, білімді деңгейлеп беру сияқты кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру қарастырылды. Сонымен қатар студенттерге биологиядан алған теориялық білімін жергілікті материалмен байланыстырудың әдіс-тәсілін меңгерту, білім алушылардың биология пәніне деген қызығушылығын арттыру да талданып, таразыланды. Зерттеу жұмысымның нәтижесінде ғылыми мақалалар жарық көріп, оқу-әдістемелік нұсқаулық оқу үдерісіне енгізілді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жібек ӘЛИСҰЛТАНҚЫЗЫ,

журналист