
Жеңімпаз спортшы және бірінші Nomad Wrestling Гран-при жеңімпазы Азамат Бақытов бұл жолы джиу-джитсудан әлем чемпионы Руслан Исраиловпен шықты. Тартысты жекпе-жекте қарсыласын екі ұпай артық көрсеткішпен тізе бүктірген Азамат Бақытов спорт сүйер қауымды тосын тәсілдерімен тәнті етті.
Азамат – аралас жекпе-жекте жұлдызы жарқыраған спортшы. Ол 2015 жылы Қазақстан чемпионы, 2017 жылы Қазақстан Кубогының жеңімпазы, 2016 жылы Азия жүлдегері, грепплингтен 5 дүркін Қазақстан чемпионы және 2 дүркін Азия чемпионы, 2018-2019 жылғы әлем чемпионатының финалисі, бірінші Nomad Wrestling көшпенділер ойындарының чемпиондық белдігінің иегері. Сондай-ақ Alash Pride, M-1 Global, NFC, Хардкор-де лигаларында рекорд орнатқан кәсіби спортшы.
Полиция қызметкерлерінің арасында қызметте үлгі көрсетумен қатар, спорт саласында да жеңісті биікті бағындырып жүрген спортшыларымыз аз емес. Солардың ішінде Азамат Бақытовтың алып жүрген асуы көп.