
Мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мамандарды анықтау және қолдау мақсатында өткен байқауға Батыс Қазақстан облысының аудандарынан және Орал мен Ақсай қалаларынан келген қызметкерлер қатысты.
Олар байқаудың бірінші кезеңінде «Сөзтаным» сайысына түсіп, мәтіндегі көнерген сөздің мағынасын қазақ тілінде айтып берді. Ал екінші кезеңде «Елтаным» байқауына қатысып, қазақ жері және оның аймақтары, ұлттық құндылықтары жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап қатты. Үшінші «Ойтаным» кезеңі қатысушылардың ағылшын тілі деңгейін сынады. Олар бұл кезеңде ұлы тұлғалар, ұлттық аспаптар, ұлттық ойындар жайлы сұрақтарға ағылшын тілінде толық әрі нақты жауап беруге тырысты.
Аса тартысты өткен байқауға мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Қайыров, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті шет тілдері мұғалімдерін дайындау білім беру бағдарламасының аға оқытушысы Эльмира Өтемісова, осы университеттің тіл мен әдебиет мұғалімдерін дайындау бағдарламасының аға оқытушылары Райхан Мақұлова мен phD Кәмшат Жұмашева, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Орал қаласына қарасты Зачаган кенті әкімдігі абаттандыру бөлімінің бас маманы Дәулетжан Мұханбетқалиев байқаудың бірінші орын жүлдегері атанды. Екінші орынға Теректі ауданы Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Элеонора Қарабалина ие болды. Ал жүлделі 3-орын Шыңғырлау әкімі аппаратының бас маманы Досхан Шотпановқа бұйырды.
Байқау соңында барша тіл шеберлері дипломмен, алғыс xат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысы