
Фото: Н.Байбулин.
Сұхбат кезінде тараптар Сенат пен Консультативтік кеңес арасындағы ынтымақтастықты және рухани дипломатияны нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың маңызды міндеттеріне назар аударды.
Мәулен Әшімбаев Консультативтік кеңестің Төрағасымен кездесуде Сауд Арабиясы Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық нығайып, өзара мазмұнды әрі ашық саяси диалог қалыптасты. Бұған жоғары деңгейдегі екіжақты белсенді байланыстың нәтижесінде қол жеткізілгені анық.
«Қазіргі таңда екі ел арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қос Киенің Сақшысы – Король Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд және Тақ мұрагері, Премьер-Министр Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл-Сауд арасындағы өзара құрмет пен достыққа, ортақ құндылықтар мен ұстанымдарға негізделген қарым-қатынас шешуші рөл атқарады. Осы ретте сізге Қазақстан-Саудия қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын дәріптеуге қосқан үлесіңіз үшін зор ризашылығымызды білдіреміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері Сенат пен Кеңес арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды екенін тілге тиек етті. Кездесуде заңнамалық қызметте тәжірибе алмасу, достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастыру және Парламент Сенаты мен Консультативтік кеңестің салалық комитеттері арасында тығыз байланыс орнату бағытындағы бірлескен жұмыс мәселелері де талқыланды.
«Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолында Сенат пен Консультативтік кеңестің өзара диалогы маңызды рөл атқарады. Осы орайда Сауд Арабиясының Консультативтік кеңесімен іс-қимылды одан әрі арттыруға мүдделі екенімізді атап өткім келеді. Бізді Корольдікте іске асырылып жатқан бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе қызықтырады. Осы орайда Сенат пен Консультативтік кеңесте құрылған достық топтары айрықша рөл атқаратынын атап өткен жөн. Олардың әлеуетін өзара диалогты нығайтудың тиімді тетігі ретінде барынша қолданған абзал. Сондай-ақ салалық комитеттер арасындағы байланыстарды да жандандырудың маңызы зор», деді Сенат Төрағасы.
Сұхбат барысында Мәулен Әшімбаев Корольдіктің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге және орнықты дамуды ілгерілетуге арналған бастамаларын, сондай-ақ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы іргелі істерін жоғары бағалады.
Сенат Спикері өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы кешенді өзгерістерге де жан-жақты тоқталды. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы тың шаралар жөнінде сөз болды.
Өз кезегінде Абдалла бен Мұхаммед бен Ибрахим Әл-Аш-Шейх Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесі көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси жаңғырулардың тиімділігіне назар аударды.
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде екі тарап та қызығушылық танытқан салаларда инвесторларға арналған қолайлы жағдайлар кеңірек талқыланды.
Сондай-ақ бүгін Мәулен Әшімбаев Сауд Арабиясының Ислам істері, уағыз және насихат министрі Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейхпен кездесті. Онда тараптар конфессияаралық диалогты дамыту мәселелері мен перспективаларын талқылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы атап өткендей, Сауд Арабиясы толеранттылық пен конфессияаралық диалогты нығайтуға және Съезд идеяларын дәріптеп, қолдауға үлкен үлес қосып келеді. Мәулен Әшімбаев мұндай қадам қазіргідей шиеленісе түскен тұрақсыздық жағдайында айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Қазір әлем геосаяси қақтығыстар және сауда соғысы сияқты үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондай-ақ біз әртүрлі күштердің осындай халықаралық шиеленісті пайдаланып, радикалды идеологияны насихаттауға, ксенофобияны одан әрі қоздыруға және жек көрушілікті таратуға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жағдайда рухани дипломатияны ілгерілету және діни көшбасшылардың келісім мен диалогқа шақыруы маңызды рөл атқарады. Сондықтан Сауд Арабиясына сапар аясында Дүниежүзілік ислам лигасымен бірлесіп, дінаралық диалогты нығайту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырып жатырмыз. Бұл іс-шаралар халықаралық деңгейде диалог мәдениетін дәріптеуге өз үлесін қосады деп үміттенеміз», деп, Мәулен Әшімбаев сұхбаттасушыға биылғы қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне дайындық барысы туралы айтып берді.
Өз кезегінде, Абдулатиф бен Абделазиз бен Абдрахман Әл-Аш-Шейх Съезд аясындағы бастамаларға қолдау білдіріп, бүгінде форум идеяларының маңызы жаһандық деңгейде артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өзара байланысты нығайту және рухани дипломатияны дамыту жолындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Бұдан басқа, Қазақстан делегацияның мүшелері Neon жобасының іске асырылу барысымен танысты. Аталған жоба аясында қаладағы экологиялық жүктемені азайтуды және «жасыл» энергетиканы барынша пайдалануды көздейтін ірі мегаполис салу жоспарланып отыр. Оның жалпы ауданы 26 500 шаршы шақырымды құрамақ.