
Италия мен Германияның ұтымды ұсыныстары
Италияның Қазақстандағы елшілігінің сауда алмасуды дамыту бөлімінің директоры Мартино Кастелланидің пікірінше, екі ел арасында ынтымақтастық байланыс берік орнаған.
«Біздің елдің компаниялары көрмеге мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың бірнеше түрін, бекіткіштер мен клапандарды, өртке қарсы жүйелер мен өлшеу құралдарын әкелді. Кейбір компаниялар Қазақстанда өкілдігін ашты. Ал басқа кәсіпорындар үшін бұл көрме – жергілікті нарықпен танысуға жол ашқан алғашқы мүмкіндік. Көрме аймақтық сипатта болғанымен, италиялық бизнестің қызығушылығын арттырды. Өйткені Қазақстан – мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптесіміз. Ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеует барына көз жеткіздік», деп мәлімдеді М.Кастеллани.
Германиядағы «Leoch Battery» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Марина Шутцтің айтуына қарағанда, енді Қазақстандағы нарықты зерттеуге қадам жасалады. Бұған Атырау мен Батыс Қазақстан облысында «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» секілді ірі жобалардың іске асырылып жатқаны себеп болып отыр.
«Бұл көрмеге қатысу, өз өнімдерімізді ұсыну үшін Берлиннен арнайы келдік. Біздің компания мұнай-газ секторына арналған аккумуляторлы батареялар мен үздіксіз қуаттандыру жүйелерін шығарады. Алдағы уақытта қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға, жаңа бизнес-серіктестер іздеуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылығымыз оянды. Аймақтық, жергілікті нарыққа талдау жасауды жоспарлап отырмыз», дейді М.Шутц.
Көрменің тиімді тұсы көп
«Kazenergy» қауымдастығының бас директоры Жандос Нұрмағанбетовтің пікіріне сүйенсек, мұндай көрме бірнеше тиімді тұсымен ерекшеленеді.
«Экономиканы өркендетуде мұнай-газ өнеркәсібі маңызды әрі жетекші рөл атқарады. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ұлттық экономикаға құйылған инвестицияның басым бөлігі аталған салаға бағытталып, ішкі жалпы өнімінің айтарлықтай бөлігін құрап отыр. Отандық мұнай-газ секторының орталығына айналған Атырау облысында былтыр 50 млн тонна көмірсутекті шикізат өндірілді. Бұл – елімізде өндірілетін «қара алтынның» 57 пайызы. Бұған қоса, өңірдегі кен орындарында ілеспе газдың 26,5 млрд текше метрі өндіріліп, жалпы өнімнің 44,9 пайызын құрады», деді Ж.Нұрмағанбетов.
Оның пайымдауынша, кейінгі жылдары елімізде мұнай-газ химиясын өркендетуге маңыз беріліп отыр. Өйткені аталған салада жаңа инновациялық өндіріс құру, қосылған құнды ұлғайту және елдің әлемдік нарықтағы ұстанымын нығайту үшін зор әлеует бар.
«Қазақстанда үш жыл бұрын алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені ашылды. Мұнай-газ химиясы индустриясы қарқынды дамып келеді. 2023 жылы мұнай-газ-химия өнімінің өндірісі 358,7 мың тоннаны құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 540 мың тоннаға жетті. Жаңа кешенде шығарылған полипропилен өнімі Еуропа елдеріне, Қытай мен Түркияға экспортталады», дейді ол.
Қазір елімізде бутадиен, ПЭТФ, карбамид және басқа ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 15 млрд долларды құрайтын бұл жобалар саланың өсуіне, ішкі нарықтың дамуына серпін береді.
«Ірі мұнай-газ-химия жобалары жоғары технологиямен ерекшеленеді. Халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген жобаларды іске қосу мен кіріс табу мерзімі ұзаққа созылады. Осындай жобаларды іске асыру кезінде шикізат базасын реттеуге, құқықтық нормаларға, техникалық стандарттарға және инфрақұрылымдық шектеулерге байланысты мәселелер туындайды. Сондықтан «Kazenergy» қауымдастығы «Мұнай-газ-химия өнеркәсібі туралы» заң жобасын әзірлеуге және ілгерілетуге жауапты бас орган болып тағайындалды. Жаңа заңды қабылдау тұрақты, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті саланы құруда маңызды қадам болады. Бұл экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді», деп атап өтті Ж.Нұрмағанбетов.
Білікті кадр – табыс кепілі
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың сөзінше, Атырау облысы – ел экономикасының негізгі драйверінің бірі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұнай-газ химиясы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Басты міндетіміз – салаға жаңа технологияларды енгізу, өндіріс тиімділігін арттыру. Мұндай іс-шаралар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, мұнайлы өңірдің әлеуетін ашуға ықпал етеді», дейді.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, мұнай-газ химиясы үшін біліктілігі жоғары кадрлар даярлауға ден қойылып отыр. Қазір оқу орнында жаңа білім бағдарламалары іске қосылған. Мәселен, И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік университетінің филиалы «Теңіз» кен орнындағы «KMG PetroChem» ЖШС-мен бірге газды бөлу кешені үшін мұнай-газ технологияларын тереңдете оқытатын курстар ашты.
«Сибур бағдарламасы аясында Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетімен бірлесіп, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС қызметкерлеріне арналған мұнай-газ химиясы және полимерлік технология бойынша қос диплом беретін бағдарламалар іске қосылды. Полимерлік технологияларға бағытталған жаңа бағдарламалар «Силлено» және «Бутадиен» компанияларының серіктестігімен әзірленді. Университет мұнай-газ химиясы саласындағы жетекші компаниялармен консорциум құрды. Консорциум шетелдік лицензиаттармен, атап айтқанда, «Técnicas Reunidas» компаниясымен арадағы серіктестікті дамытуға бағытталды. Бастама студенттерді шетелдік лицензиат базасында қайта даярлауға, өндіріске озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді», дейді Г.Шакуликова.
Атырау облысы