
Сурет: kun.uz
Былтыр желтоқсанда Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев 2024 жылдың ІІ тоқсанның қорытындысында облысқа 21,7 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды деп мәлімдеді. Арада бір ай өткен соң Президент Жамбыл облысында тікелей шетелдік инвестиция үлесі төмендегенін тілге тиек етті. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев шетелдік инвестиция тартуға белсене кіріскенімен, өңірдегі іс өнбей тұр. Салаға жауапты лауазымды азаматтар тиісті жұмысты дұрыс үйлестіре алмағандай көрінеді.
Аспандияр Сейсебаевтың жыл соңындағы баяндамасына тағы бір үңілсек, Қытай сапарында әңгімеге арқау болған Байзақ ауданы аумағында трактор құрастыру жобасы туралы ләм-мим демейді. Дәл осы мәселе біраз уақыт бұрын жергілікті мәслихат сессияларының бірінде де көтерілген болатын. Депутаттардың бірі әңгімеге арқау еткен шаруа туралы жыл соңында толыққанды мәлімет берілер деп едік. Баяндама ішінде ол да жоқ болып шықты.
Өңір басшысының Қытайға барған кезде шетелдік инвесторлар тартуға баса назар аударғаны талас тудырмайды. Алайда әкім бастаған жұмысты басқа жауапты азаматтар жүйелеуі, жүзеге асыруы керек емес пе? Қытайда қойын дәптерге түртілген жобалардың тағдыры бізді де қызықтырады, толғандырады. Алайда оған бас ауыртып жатқандар шамалы секілді. Әйтпесе, трактор құрастыру жобасы бойынша қандай келісімдер жүргізілгені, жобаның қашан басталып, қашан аяқталатыны, инвесторларға қандай жағдай қарастырылып жатқаны жария етілуі керек қой? Әлде қолға алынуға тиіс болған, БАҚ-та жарияланған жобалардың соңы сиырқұйымшақтанып кетті ме? Ол жағы әзірге белгісіз болып тұр.
Биыл облыс әкімі бастаған топ Түркияның Мерсин провинциясына ат басын бұрып, инвестициялық форумға қатысып қайтты. Түркия сапары кезінде облыс басшысы іскер топ өкілдеріне өңірдің инвестициялық мүмкіндігін таныстырыпты. Мерсиннің индустриялық-өнеркәсіптік аймағын аралаған жамбылдықтар іргелі өндірістермен танысып, бірлескен кәсіпорындар құру мәселесін жан-жақты талқылаған көрінеді.
Бір қарағанда, инвесторлармен келіссөз жүргізу ойдағыдай секілді көрінеді. Облыс әкімі жыл ішінде ондаған шетелдік инвестормен кездесіп, оларға қолдау көрсетілетінін айтады. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін «Zhambyl Invest» дирекциясы да бар. Олар да қолдан келгенше қамданып жатыр. Соған қарамастан, өткен жылы өңірге тікелей шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші төмендегені көңілге кірбің түсіреді. Дерекке сенсек, «Zhambyl Invest» дирекциясында түркиялық инвесторлармен тікелей жұмыс істейтін арнайы бөлім де бар екен.
Жауапты басқарма осы жылы индикаторды ойдағыдай орындай ала ма? Әлде биыл да шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші кемшін түсе ме? Кім білсін... Қалай болған күнде де Президент назарындағы мәселенің ойдағыдай орындалмауы ешкімге абырой әпермесі анық.
Жамбыл облысы