
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Сот Д.Қожабаевты аса ірі көлемде пара алды деген айыппен Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот Д.Қожабаевты мемлекеттік органда лауазымды қызметтер атқару құқынан өмір бақи айырды. Бұған қоса ол сот үкімімен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің полковник шенінен айырылды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан әрі сот Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне осы қылмыстық істі назарға алып, департамент қызметкерлерінің арасында жемқорлық қылмысын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдау керектігі туралы жеке қаулы шығарды. Мемлекеттік айыптаушы Д.Қожабаевқа 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын ұсынған, алайда сотталушының кәмелетке толмаған кішкентай қызының бар екенін ескерген сот 11 жыл мерзімді таңдады. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бұрынғы орынбасары 2024 жылдың 30 қарашасында қашып жүрген жерінен ұсталады. Үкім заңды күшіне енгенге дейінгі уақытша қамау изоляторында өткізген әрбір күн үшін үкімде белгіленген мерзімнің бір жарым күні шегеріліп тасталады.
Үкім оқылғаннан кейін берілген түсініктемеде сотталушы Д.Қожабаев Ұ.Қоштановадан Р.Құлымбетова арқылы 42 млн теңге көлемінде пара алғаны айтылды. Д.Қожабаев ол қомақты қаржыдан 1 млн теңгені ортадағы делдалға сыйақы ретінде береді де, қалғанын өзіне алып қалады. Сот арада жүріп ақшаны жеткізіп берген Р.Құлымбетовадан 1 млн теңгені, қалған 41 млн теңгені Д.Қожабаевтан мемлекет пайдасына өндіріп алды. Сондай-ақ тергеу мен сараптамаға кеткен бүкіл шығын сотталушының мойнына ілінді.
Сотта Ұ.Қоштанованың туған әпкесі З.Қоштанованы да қылмыстық жауапкершілікке тарту керектігі сөз болды. Өйткені ол 42 млн теңге параны жинауға көмектескен. Алайда сот істі қарау барысында З.Қоштанованың әрекетінде ешқандай қылмыс жоқ деп тапқан. Әрине, ол жемқорлық қылмысына атсалысқанымен және оған саналы түрде барса да заңда жақын туыстар бір-біріне куәлік бере алмайды деген қағидаға сәйкес барлық жауапкершіліктен босатылып отыр. Ал пара берген айыпталушы Ұ.Қоштанова тергеу барысында қайтыс болуына байланысты оған қатысты қозғалған қылмыстық бап тоқтатылды. Өз кезегінде 5 күн аралығында үкімнің көшірмесі тараптардың қолына тиген соң сотталушы, айыптаушы мен қорғаушы 15 күн ішінде үкімге қарсы аппеляция бере алады.
Дегенмен ашық сот отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген З.Қоштанова бұл үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Туған сіңлісін өлімге шейін апарған Д.Қожабаевқа берілген бас бостандығынан айыру жазасы тым жеңіл дейді. Ол сіңлісіне әбден зәбір көрсеткен сотталушыны бұдан да ауыр жазалап, материалдық, моральдық шығын өндіріп алу үшін соңына дейін күресетінін жеткізді.
Сот материалдарынан белгілі болғандай, осы қылмыстың басы 2022 жылдың қыркүйегінен басталған. Қаладағы №132 мектеп директоры Ұ.Қоштановаға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 1 млн теңгеге жуық пара алды деген күдікпен қылмыстық іс қозғайды. Жазадан құтылу үшін Ұ.Қоштанова әртүрлі жолдар қарастырып, тамыр-таныс іздейді. Сөйтіп, сол кездегі департамент басшысының орынбасары Д.Қожабаевты табады. Ол белгіленген қаражатты жинап берсе, бұл істі сотқа жеткізбей жауып тастауға уәде береді. Нәтижесінде, мектеп директоры 42 млн теңге қаражатты жинап үлгереді. Д.Қожабаев пен Ұ.Қоштанованың арасында келіссөздер жүргізіп жүрген – Р.Құлымбетова дейтін әйел. Ол мектеп басшысының танысы еді. Ақшаны Д.Қожабаевтың қызметтік көлігінде тапсырған. Жоғарыда айтқанымыздай осы қызметі үшін антикордың лауазымды өкілі оған сыйақы есебінде 1 млн теңге берген. Алайда Д.Қожабаев жұмысынан шығып кетіп, іс сол күйі аяқсыз қалады. Екі ортада бар кінәні Ұ.Қоштанованың өзі көтеруге тура келеді. Осы кезде күйікке шыдай алмаған ол қапыда дүние салады. Алайда мектеп директорының әпкесі З.Қоштанованың айтуынша, қайтыс болардан бұрын сіңлісі Д.Қожабаевқа қарсы ҰҚК органына арыз жазып кеткен. Ортада делдалдық жасап жүрген Р.Құлымбетова кінәсін мойындап өкінгенімен сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарып, өмір бақи мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айырады. Арада тергеу амалдары жүріп жатқан тұста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Д.Қожабаев қашып кетіп, оған аса ірі көлемде пара алған қылмыскер ретінде іздеу жарияланады. Тәртіп сақшылары 2024 жылдың қараша айында іздеп тауып, 2025 жылдың қаңтарында сотқа тапсырады.
Айта кету керек, Дәуренбек Қожабаев – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болған Мақсат Қожабаевтың туған інісі. Ағасы да інісі секілді 2023 жылы аса ірі көлемде пара алғаны үшін істі болып сотталған еді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері заңды белден басып пара алып жатқан соң басқалар туралы не айтуға болады. Жалпы, Шымкентте жемқорлыққа байланысты қылмыстар мемлекеттік қызметкерлер арасында өте қатты асқынып тұр. Әсіресе кейінгі бір-екі жыл көлемінде тіпті өршіп кетті. Нақты мысалдармен айтсақ, қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев, Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Момынов, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ерік Тіленшин – сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғандар. Сондай-ақ Шымкентте мәдени іс-шараларға бөлінген мемлекет қаражатын тұрақты түрде жымқырып келген есепшілерден құралған қылмыстық топ құрықталды. Олардың бәрі мәдениет басқармасына қарасты түрлі мәдени ұйымдардың есепшілері болып қызмет атқарған.
ШЫМКЕНТ