
Ертерек жеттік. Інішек те өне бойы асығып жүретін, жылдам қимылдайтын адам. Қонақ күтуге қажетті ыдыс-аяғы мен көрпе-жастығынан басқасының бәрін буып-түйіп, жүк машинасына артып қойыпты. Картоп егетін шарбақтың жанында әжетке жарамайтын дүниелер. Қазір мұндай заттарға ауылдың адамдары да қызықпайды. Ортасы ойылып, қос жақтауы қаусырылған көне диванның үстінде сандық жатыр екен. Көзіме оттай басылды. Жиектері оюланған, қақпағына әдемі өрнек салынған әжемнің көзі. Әжем бар кезде қақпағы үнемі жабық болатын. Кілті қамзолының қалтасынан табылатын. Ішінде не жоқ дейсің. Ол күнде қасқалдақтың қанындай қат кеңірдек материал, пүліш, әшекейлер, құжаттар, кәмпит, әлдебір салықтардың төлем түбіртектері... Кіп-кішкентай сандыққа осынша заттың қалай сиятынын ойласам бүгінгі күні таң қалатыным бар. Затпен бірге берекеге толып тұрғандай.
Дәл қай жылы екені есімде жоқ, Алматыда тұратын нағашыларымыздан сәлем-сауқат жеткен. Пошта арқылы. Дәу жәшік. Іші толы өрік-мейіз, баланың басындай апорт алмасы. Пошта таситын атай қас қарая жеткізген. Алманың исі мұрын жарып барады. Жегіміз келген.
– Таң атсын, – деген әжей, – не болды сонша?
Түнімен көз іліктіре алсамшы. Исі жұпар аңқыған, қып-қызыл, дәу алманы қыршып тістеп, асап-асап жібергің келеді. Оған болып тұр ма? Сандықтың кілті әжемнің қамзолының қалтасында, қамзол әжемнің басында. Құс ұйқылы кісінің қалтасынан қалай аларсың? Қараңғыда қарманып жүріп дәу шеге тауып алдым. Сипалап жүріп сандықтың құлпын ашпақшымын. Мұндай берік болар ма?.. Аша алмадым. Таңертең әжем көрші-қолаңның бар баласын жинады. Түнімен мен күзетіп шыққан өрік-мейіз, нарттай қызыл алма пышақ үстінде бөліске түсті. Маған тигені бір алманың төрттен бір бөлігі. Шай үстінде әжеме өкпемді айттым. Ашуланар деп едім, қабағын түйген жоқ, қайта күлді.
– Көппен бөліп жеген тәтті болады, – деді де қойды.
Жұп-жұмсақ алақанымен кекілімнен сипады.
– Өскен соң ұғасың, – деді әжем. Көпшіл болудың, қолыңдағы бармен бөлісудің, берекенің не екенін кейін ұқтық қой.
Інімнің қонақасысы аяқталды. Бауыр басып қалған көрші-қолаң қимай қоштасып, қайда жүрсең де жолың болсын деген ақ тілектерін білдіріп жатыр. Біздің үйдің жеті баласына ыстық ұя болған шаңырақтан таң бозара шықтық. Қимастық сезім бар. Жанарымызға жас үйірілген. Бір қарасам көнетоз диванның үстінде әжемнің сандығы жатыр екен. Жүк салғышқа салып алдым. Бұрынғының жол-жоралғысы, әдет-ғұрпы осы сандықтың ішінде еді. Қаладағы әулеттің кәдесіне жарасыншы.