Саясат • 16 Сәуір, 2025

Джексон-Вэник түзетуі: Саяси емеуріні бар сауда еркіндігі

174 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміз сыртқы саясат мәселесінде қай мемлекетпен болсын бейбіт те берік ынтымақтастық ұстанымдардан айныған емес. Әсіресе әлемдік жетекші алпауыттармен арадағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне жеткен. Атап айтсақ, Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасында сауда-экономикалық байланыстар үнемі пысықталып, заман көшіне сай кездескен кедергілер төңірегінде келіссөздер ұйымдастырылып тұрады.

Джексон-Вэник түзетуі: Саяси емеуріні бар сауда еркіндігі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

Түзету туралы бірер сөз

Дегенмен сонау кеңестік кезеңнің «қалдығы» деп саналатын бір кедергінің бар екенін қалың көпшілік жете біле бемейді. Ол – Джексон-Вэник түзетуі (Jackson-Vanik amendment). Бүгінде осы түзетуді алып тастау бағытындағы тиісті шараларды қолға алу қос тараптан да жандана түскен.

Джексон-Вэник түзетуі 1974 жылы «қырғи-қабақ» соғыстың кезінде қабылданды. Сол жылы бұл түзетуді Генри Джексон мен Чарльз Вэник сын­ды конгрессмендер АҚШ-тың Сауда туралы з­аңы­­на табандап тұрып енгізген. Яғни олардың эми­­г­ра­цияға кедергі келтіретін және өзге де адам құқық­­тарын бұза­тын елдермен сауданы шектеу ту­ра­лы заңнамалық нормасы Конгрестің қолдауын та­уып, тарихта «Джексон-Веник түзетуі» деген атпен қалды. Бұл шектеу ең алдымен кеңес одағының саудасына бағытталған. Қысқасы, тізімге ілінген елдер саудадағы барынша қолайлы режімнен, мемлекеттік несиелер мен несиелік кепілдіктерден қағылған.

КСРО келмеске кеткеннен кейін оның құқығын иелен­ген Ресей бастаған бұрынғы одақтас елдердің біразы бұл түзету­дің қамытын шешіп, АҚШ-пен арадағы сауда-саттық мәселесін дамытуды реттеп алды. Мәселен, 2000 жылы Грузия мен Қырғызстан, 2004 жылы Армения, 2005 жылы Украина, 2012 жылы Молдова және Ресей үшін түзетулердің күші жойылды. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен алған ресми ақпаратта Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі кейінгі 25 жылда Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою мақсаты аясында Конгрестегі заңның күшіне енуі үшін 14 мәрте талпыныс жасаған екен. Олардың ішіндегі ең нәтижелі әрі көзге түсер бас­тама 118-Конгресс (2023–2024 жыл) шеңберінде жүзеге асырылыпты.

 

«PNTR» орнату төңірегіндегі тартыс

Осы тақырып төңірегінде біз Қа­зақстан тарапы қандай әрекет жасап жатқанын білмек мақсатта еліміздің Сыртқы істер министрлігіне ресми сауа­лымызды жолдадық.

– Жан-жақты және жүйелі жұмыс арқасында Қазақстанмен «тұрақты қалыпты сауда қатынас­тарын» (Permanent Normal Trade Relations, PNTR) орнатуға бағыт­талған калифорниялық демократ-конгрессмен Джимми Па­нет­таның H.R.3611 «Kazakhstan Permanent Normal Trade Relations Act of 2023» заң жобасы бұрын болмаған 46 Конгресс мүшесінің қолдауына ие болды. Мұндай нәтижеге Конгресстегі 200-ден аса кездесу, Ақүй, Мемлекеттік департамент, АҚШ Сауда өкілі кеңсесімен тұрақты байланыстар, америкалық бизнес өкілдерімен қарым-қатынастар, ойталқы орталықтарымен қолға алынған кешенді жұмыс үлкен септігін тигізді, – дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Сонымен қатар министрліктің ресми өкілі атап көрсеткендей, 2022 жылы конгрессмендер Джим­ми Панетта мен Том Суоззи, 2023 жылы сенатор Гэри Питерсс және өткен жылы сенатор Стив Дэйнстің елімізге сапарлары шешуші рөл атқарған.

Оның айтуынша, Қазақстанға қатысты Джексон-Вэник түзе­туінің күшін жою­ды АҚШ Конгресі қос палатасының және қос партияның да өкілдері қол­дап отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың 19 қарашасында Капи­толий ғимаратында ұйымдас­тырылған «Strengthening US-Kazakhstan Ties: High Time to Establish Permanent Normal Trade Relations» атты семинар барысында республикалықтар мен демократтар тарапынан көшбасшы заң шығарушылар Стив Дэйнс пен Крис Мерфи Қазақстанды қолдап, сөз сөйлеген. Сондай-ақ биылғы 15 қаңтарда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы лауазымға тағайындау бойынша Сенаттағы тыңдаулар барысында сенатор С.Дэйнс Джексон-Вэник түзетуі туралы сұрақ қойып, оның күшін жоюға атсалысуға шақырды.

– М.Рубио Қазақстанның на­рықтық экономика және Дү­ние­жүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою үшін барлық талапты орындағаны, сондай-ақ Мемлекеттік департамент бұл мә­селені шешу мақса­тында Конгреспен ынтымақ­тастыққа дайын екені туралы мә­лімдеді. Бұл бағыттағы ке­шен­ді жұмыс жалғасын тауып отыр. Осы жылғы 6 ақпанда 119-Конгресстегі (2025–2026 жыл) жаңа H.R.1024 «US-Kazakhstan Trade Modernization Act» заң жобасы негізгі профильдік комитет – Салық және қар­жы комитетінің қарастыруына түсті. Қазір­­дің өзінде конгрессмендермен өткізілген 20-ға жуық кездесудің нәтижесі ретінде H.R.1024 заңы 17 Конгресс мүшесі тарапынан қолдау тауып отыр. Олардың қатарында осы мәселе бойынша тікелей шешім қабылдайтын Салық және қаржы комитетінің 11 өкілі бар, – деп сөзін жалғады А.Смадияров.

 

АҚШ іскер қауымына бағытталған маңызды сигнал

СІМ ресми өкілі келесі маңыз­­ды қадам ретінде атал­ған ко­митеттің беделді мүшесі конгрессвумен Кэрол Миллер­дің Қазақстанға сапарын ұйым­дасты­ру болғанын атап өтті. Биыл­ғы 19-23 наурыз күндері Аста­на мен Алматы қалаларына сапар шеккен АҚШ Конгресс мүшесінің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек еліміздің бірқатар лауазымды тұлғаларымен, депутаттармен кездесулері ұйымдастырылған. Өз сөзінде К.Миллер H.R.1024 заң жобасын қолдап, елімізбен «PNTR» орнату мәселесін басымдықтар қатарына жатқызатынын жеткізген.

– Сонымен қатар АҚШ Әкім­шілігі мен Мемлекеттік департаментпен өткізілген бірқатар жоғары деңгейдегі кездесу барысында Джексон-Вэник түзетуін алып тастау мәселесі бөлек көтерілді. Жоғарыда баяндалған әрекеттер мен шаралар қарқынын үдетпей, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі H.R.1024 заң жобасын алға жылжыту аясында конгрессмендермен кездесулерді жалғастырады. Бұл жұмыс аясында Қазақстанда қызмет атқаратын ірі америкалық компания­лар­дың қолдауын жұмылдыру жоспарланып отыр, – деп сөзін толықтырды СІМ ресми өкілі.

А.Смадияров түзетудің күшін жо­йып, АҚШ пен Қазақстан арасында «тұрақты қалыпты сауда қатынастарын» орнату – елімізбен сауда-саттық және ин­вестиция жасауға болады деген АҚШ іскер қауымына бағыт­талған маңызды сигнал деп санайтын Қазақстанның позициясын жеткізді.

Жалпы, АҚШ президенті Дональд Трамп 2017 жылы алғашқы президенттік билікке келген кезде бұл мәселе туралы сөз болып, аздап болса да үміт оты маздаған. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Саудаға сақ келетін, бизнесті түсінетін Трамп билігі осы тақырыпты әрмен қарай індетпей, үнсіз қалды.

 

Айтарлықтай маңызы жоқ кедергі, алайда...

Еліміз тәуелсіздік алып, АҚШ-пен байланысты нығайтқан сәт­тен бастап бұл түзетудің кедер­гісі кейінгі келіссөздерде қабылданған өзге құжаттармен «әлсіре­тіліп» отырған. Яғни сарапшылар айтар­лықтай эконо­микалық маңызы жоқ деген пікірде. Қалай десек те, 1974 жылы Вашингтонның Мәскеуге деген қысымы ретінде енгізген Джексон-Вэник түзетуі кезінде КСРО-ның құрамында болған бүгінгі азат Қазақстанның атына сая­си тұрғыдан кір келтіріп тұрғандай көрінеді.

Президент жанындағы Қазақ­стан­ның стратегиялық зерттеулер институты экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен бұл түзетудің күшін жою ең алдымен, саяси сипатқа ие және елдің халықаралық арена­дағы ұстанымын одан әрі нығайтуға ықпал етуі мүмкін екенін айтты.

– Бұл түзетудің күшін жою Қазақ­станның, әсіресе Орталық Азиядағы инвес­торлар үшін тартымдылығын арт­ты­рып, ай­мақ­тық тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудегі рө­лін кү­шейтеді. Дегенмен практи­ка­лық тұрғыдан алғанда, бұл шешімнің рәміздік маңы­зы басым. Қазақстан ТМД-ның басқа елдері сияқты жыл са­йын түзетудің әрекет етуінен босатылып отырған. Бұл америкалық инвесторларға, әсіресе мұнай-газ секторында, ешбір шектеусіз жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аталған сауда кедергілерін іс жүзінде жойып, түзетуді өзектілігінен айырды, – дейді ҚСЗИ бас сарапшысы.

Оның айтуынша, түзету күшінің жо­йылуынан АҚШ-пен сауда-эконо­микалық қа­рым-қатынасқа айтарлықтай өзгеріс­тер күту қажет емес.

– 2023 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы рекордтық 4,1 млрд долларға жетті. 2024 жылдың тоғыз айы­ның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 3,3 млрд долларды құрады. Сонымен қатар экспорт 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға өсіп, 1,6 млрд долларға жетті, ал импорт 1,7 млрд долларды құрады. Қазақ­станның сыртқы саудасының жалпы көлемі өткен жылдың тоғыз айын­да 104,7 млрд дол­ларды құраса, АҚШ-тың үле­сі шамамен 3%-дан сәл ғана асады. Сонымен Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою Қазақ­стан үшін негізінен саяси мәнге ие. Өйткені экономикалық шектеу­лер бұған дейін де алынып тасталған. Бұл шешім елдің инвестициялық ахуалы мен халықаралық беделіне оң әсерін тигізуі мүмкін, бірақ АҚШ-пен сауда айналымына айтарлықтай ықпал етпейді, – дейді Ә.Әбен.

 

АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы артып келеді

Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төраға­сының орынбасары Аман­гелді Тәженов АҚШ-тың жаңа әкім­шілігі елдің сыртқы саяси стратегиясы мен одақтастарына және басқа да елдерге қатысты ұсты­нымдарын, көзқарастарын айтар­лықтай жаңартып жатқанына тоқталды.

– Ерте ме, кеш пе, Джексон-Вэник түзетуі алынады. Дональт Трамп алғаш рет ел билі­гін тізгіндегенде оның Орта­лық Азия елдеріне қатысты қалып­тас­тырған саясаты осы жолы да сабақтастығын табады деген үміт бар. Нақтылап айтсақ, аймақтағы эконо­микалық дамуды қамта­масыз етіп, америкалық инвестицияны ынта­лан­дыруға және Орталық Азия елдерінің Ресей мен Қытайға тәуелділігін еңсеру мақ­сатындағы АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған 2019–2025 жылдарға арналған Стратегиясы қабылданған. Бұл кезеңде де осыған ұқсас стра­тегия­­ның қабылдану ықтимал­дылығы бар, бұл қисынға келеді. Орталық Азия елде­ріне қатысты Джексон-Вэниктің қазіргі түзетуін «өткеннің қалдығы» деп есеп­тейтін Мемлекеттік хатшы М.Рубио­ның мәлімдемесі де тегін емес, – дейді еліміздің дипломатия саласына еңбек сіңірген қызметкері А.Тәженов.

Оның айтуынша, АҚШ билігі қашан­да Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанмен қай салада болсын тығыз жұмыс істеуге дайын.

– Бірақ біздің ел де өз мүдде­сін, бізге келер пайдасы жағын бірінші орынға қоюы керек. Әсіресе цифрландыру ісінде Америка билігінің қатарына қосылған Илон Масктің жобалары аясында байланыс орната беру қажет. Ал Джексон-Вэник түзетуі іс жүзінде нақты кедергі келтіріп тұрған жоқ деуге де болады. Тек оны алып тастамай отыр­ған ұстанымдарының саяси астары бар сияқты. Мәсе­лен, Ресеймен байланыс­ты санк­ция мәселесінде құрал ретін­­де де қолдануы мүмкін. Яғни бір маңыз­ды мәселеде «сауда­ласу» кезінде керек болып қалуы бек мүмкін. Бірақ нақ­ты жағдай­да сауда саласындағы бе­рік бай­ланыстарымызға еш салқы­нын тигізіп тұрған жоқ, – дейді Амангелді Ыдырысұлы.

Дегенмен ардагер дипломат А.Тәже­нов бұл түзетуді алып тастау ісін пре­зиденттік дең­гей­ге шығаратындай мәселе емес екенін айтты. Бұл – тиісті ведом­стволардың, әрі кетсе Үкіметтің айналысатын шаруасы.