
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерімен бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерген еді. Соған орай А.Балаева ортақ телеарна құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ туысқан халықтардың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын жеткізді.
«Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы да жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Жоспар медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізуді, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды. Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды дамыту мақсатымен екі елдің журналистері үшін баспасөз турларын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Орталық Азияның барлық елін осы үдеріске қатысуға шақырамыз.», деді министр.