
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Шолпан-Ата қаласында өткен Консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жұмыстың маңызды векторы Орталық Азия халықтарының бай тарихи және мәдени мұрасын танымал ету екендігін атап өткен еді. Соған орай Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериалын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зияткерлік ойындары ел назарына ұсынылды.
Аида Балаева осындай тәжірибені өңірдің ортақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұрасына, туристік мүмкіндіктері мен қазіргі заманғы жетістіктеріне арналған жаңа бірлескен медиажобаларды жасау арқылы кеңейте түсу керектігін айтты.
«Біздің арналар қазірдің өзінде Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Тәжікстанда хабар таратады, олармен біз арналардың паритеттік қатысу тізімін кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өңірде мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоспарлы түрде нығайып келеді. Жыл сайын Қазақстанда Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның және Түрікменстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүр», деді ол.
Сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрі көшпелілердің дүниежүзілік ойындары Орталық Азия елдері үшін ортақ мәдени-тарихи мұраны бейнелейтін біріктіруші оқиғаға айналғанын тілге тиек етті.
«Өткен жылдың қыркүйек айында Астанада өткен 5-ші Көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2 800 (екі мың сегіз жүз) қатысушы және 700-ден астам журналист келді. Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсімі мен басқа да спорттық жарыстарды Түркия, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдері жоғары сапада таратып, көпшілік көременге таратты. Бұл іс-шара спорттық жарыс аясынан әлдеқайда асып, бүкіл өңірден жүздеген мың көрермен мен туристің басын қосқан көшпелі мәдениеттің тамаша мерекесіне ұласты», деді А. Балаева.