
«Еліміздің ақпарат саласындағы заңнамалық бастамаларды табысты іске асыруы маңызды жетістіктердің бірі деп білеміз. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуын назарға ала отырып, заңнаманы жаңа ағымдар мен үрдістердің барлығы ескерілетіндей етіп жетілдіру қажеттілігі туындады. Осылайша 2023 жылы Мемлекет басшысы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға қол қойды. Онда «онлайн-платформа» және «жедел хабар алмасу сервисі» ұғымдары айқындалды, шетелдік онлайн-платформалардың БАҚ саласындағы уәкілетті органмен ықпалдастық бойынша өзінің заңды өкілін тағайындау, заңдармен және сот шешімдерімен тыйым салынған заңсыз ақпаратты жою шаралары белгіленді. Сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрлігінің шетелдік онлайн-платформалардың, мессенджерлердің заңды өкілдерінің тізілімін жүргізу құзыреті енгізілді», деді министр.
Бұдан кейін А. Балаева уәкілетті органның мемлекеттік және мемлекеттік емес БАҚ-қа гранттар беруді, мемлекеттік тілдегі контент үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтуды, қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарды бұзу тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдеріне мониторинг жүргізу жөніндегі құзыретін енгізуді көздеген «Масс-медиа туралы» Заңның сәтті қабылданып, күшіне енгенін атап өтті.
Министрдің айтуынша. еліміз заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай жақсы нәтижеге қол жеткізген.
«Мәселен, 2018 жылы зиянды контентке қол жеткізуді шектеудің құқықтық тетіктерін бекіткен «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Заң қабылданды және жетілдірілуде. Сол тетіктер ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігінің негіздерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды.Қабылданған шаралардың арқасында «балалардың ақпараттық қауіпсіздігі», «балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау», «балалардың ақпаратқа қол жеткізуі» сияқты анықтамалар пайда болды, балалар үшін тыйым салынған контенттің тізбесі бекітілді, ақпараттық өнімдерге жас шектеулері белгіленді», деді министр.