Алматыдағы су тасқынынан зардап шеккен елді-мекендердегі тұрғындарға қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен Қазақстан-Ресей медициналық университетінің бірқатар сала мамандары медициналық көмек көрсетіп, тегін дәрі-дәрмек таратты. Қалалық медициналық колледж студенттері мен оқытушылары, медбикелерден құралған ерікті волонтерлер 500 ауланы аралап, оқиға орнында туындауы мүмкін инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ақпараттық нұсқаулықтар таратып, медициналық көмекті қажет ететін тұрғындарға дәрігерлік көмек ұйымдастырды.
Апат айтып келмейді деген. Міне, бірнеше күннен бері Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы, Таусамалы, Құрамыс және Алатау ауданындағы Алғабас елді мекендерінде болған су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардан маза кетіп, абыржулы. Ең бастысы – адам шығыны жоқ. Дегенмен, мұндай табиғи апат кезінде инфекциялық аурулардың, сондай-ақ, стресс, психикаға күш түскенде бұрынғы созылмалы дерттердің дендеуіне әкелуі мүмкін. Осындай жағдайды болдырмауды алдын ала ескерген қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен Қазақстан-Ресей медициналық университетінің жетекші мамандары бірлесіп, инфекционист, травматолог, хирург, кардиолог, психолог, педиатр дәрігерлер командасын жасақтап, халықты толық ақпараттандырумен қатар, екі мыңға жуық тасқыннан зардап шеккендердің денсаулығын тексеруді мақсат етіп қойды. Ол үшін ауылдық амбулаторлық пунктте тұрғындар кәсіби жетекші мамандарға тегін қаралып, қажетті кеңестерін алса, арнайы жабдықталған жылжымалы медициналық кешенде де медициналық көмек көрсетіліп, диагнозы анықталған жағдайда тегін қажетті дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамтамасыз етілді.
– Төтенше жағдай орын алған кезден бастап қаланың медициналық қауымдастығы аяғынан тік тұрып қызмет көрсетіп жатыр, – деді журналистерге берген сұхбатында Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова. – Су тасқыны кезінде 20 мобильді жедел медициналық жәрдем бригадалары көмекке келіп, оқиға болған күні олардың арасында 20 науқас №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Олардың денсаулығына байланысты жетеуі ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде ауруханада 6 науқас ем қабылдап, қалғандары денсаулығының жақсаруына байланысты отбасына оралды. Екі аяғына операция жасалған 1 науқастың да денсаулығы қалыпты. Бүгінде ауданда құрылған екі штабтың әрқайсысында күнделікті бір бригададан кезекшілік етуде. Бүгін Қазақстан-Ресей университетімен бірлесе осындай акция ұйымдастырып жатырмыз.
Әдетте, табиғи апат болған жерлерде дизентерия, тұмау сияқты жұқпалы аурулардың ошағы пайда болуы мүмкін. Бүгін Алматыда ондай көрініс байқалмайды. Мүмкіндікті пайдалана отырып, қалалық фармацевтика қауымдастығына алғысымызды білдіреміз. 1 млн. теңгеге гуманитарлық көмек ретінде ең қажетті деген дәрі-дәрмек берді.
Сондай-ақ, қаланың бас дәрігері қаланың медицина қызметкерлері тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек ретінде бір күндік жалақысын аударуда екенін айтты. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау басқармасына қарасты 83 ведомстволық медициналық ұйымның 40 мекемесінің қызметкерлері «Жаңа Алатау» қоғамдық ұйымының есепшотына 14,4 млн. теңге аударған, қалған мекемелер апта соңына дейін осы бастаманы қолдамақ көрінеді.
– Біз судың тасығанын түнгі сағат екілерде білдік, – деді өзін Қарағайлы ауылының тұрғыны деп таныстырған кейуана Балаханым Ахметова. – Елден айналайын, отбасымызды үйден шығуға жәрдемдесті. Үйіміз құламағанмен, іші, жертөле суға толды. Қоршауын, қора-қопсыны алып кетті. Баламның аяғы сынды. Бағымызға шығар, біздің ауылымыз қалаға қосылып, жақын жерден дәрігерлер, әскери сарбаздар, курсанттар, ауылдастар – барлығы көмектерін көрсетті. Әкімдерге де ризамыз. Бәрі жәрдем берді. Дәрігерлер дизенфекция жасап, екі-үш күн жүрді. Ауылдың дәрігерлері, тіпті, жағдайымызды біліп, үйден шықпайды деуге болады. Ауылдың халқына рахмет, қазақ, ұйғыр дейсіз бе, күнде үш мезгіл тамақ беруде. Біздер 1944 жылы солақай саясаттың құрбаны болып, осы қасиетті жерге келгенбіз. Қазақ халқына ризамыз. Жастарға өмір берсін. Қазақстанға тыныштық, жердің тамырына мықтылық берсін.
Ал Қарағайлыда 1956 жылдан тұратын Светлана Насырова журналистер арқылы апат болғаннан бері үлкен көмек көрсетіп жатқанын Алматы қаласының әкімдігіне шын жүректен ризашылығын білдіргісі келетінін жеткізді. «Медиктерге ерекше рахметімді айтқым келеді. Бірінші күннен келіп, аулаларды тексеріп, медициналық көмектерін көрсетіп, тегін дәрі-дәрмектерін таратып жатты. Ал бүгінгі акцияда жетекші мамандардың көмегімен медициналық тексеруден өттік. Өз басым кардиологқа көрініп, кеңес, тегін дәрі-дәрмек алдым», – деді ол.
Наурызбай ауданы әкімдігінің мәліметінше, 1531 адам тұратын 475 баспана, ал Алатау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, 497 адам тұратын 121 үй зақымданған. Төтенше жағдай орын алған кезден бастап «Таусамалы» дәрігерлік амбулаториясы мен №25 қалалық емхана қызметкерлерінен медициналық бригадалар жасақталған. Тұрғындардың басым бөлігі бас ауруы, артериялық гипертония, жедел респираторлық вирустық инфекция сияқты ауру түрлеріне шағымданғандығы анықталған.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.