20 Маусым, 2015

Сапалы қызмет – бәсеке тірегі

297 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_7647«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған қалалық №3 емхана бүгінде 62 мыңнан астам адамға қызмет көрсете алатын дәрежеге жетіп отыр. Мекеменің бас дәрігері Әлия ТӘШЕТОВА әңгіме барысында өзге де жағымды жаңалықтармен таныстырды. – Бір күнде 500 адам қабылдай алатын екі қабатты ғимарат осыдан 5 жыл бұрын Елбасымыздың қатысуымен бой көтерген болатын. Мемлекет басшысының 3 су жаңа автокөлік кілттерін табыс ете отырып, алдымызға биік мақсаттар қойған аманатына адал еңбекпен жауап беруге ұмтылып келеміз. Жыл өткен сайын заманауи қондырғылармен қамту жақсаруда. Мәселен, 2013 жылы бұл жөніндегі эконо­микалық-техникалық көрсетіштер 77,74 пайызды құраса, былтыр 93,2 пайызға жетті. – 19-шы, 20-шы, Борки, Сол­нечный, тағы басқа халық ты­ғыз қоныстанған аудандарды қосқанда емханаға 62602 адам бекітіліп берілген екен. Бұл – қала тұрғындарының үштен бірі деген сөз. Қиындық тудырмай ма? – Үлкендермен қатар бала­лардың да денсаулығын қада­ғалайтын мекеме болғандықтан, күніне 700-800 науқасқа дейін қабылдауға мүмкіндігіміз жетеді. Терапия, әйелдер және ба­лалар консультациясы, клини­калық-диагностикалық, про­фи­лактикалық, әлеуметтік-психо­логиялық көмек бөлім­дері, лаборатория жұмыс істей­ді. Олар­дың бәріне озық үлгі­дегі құрал-жаб­дықтар орнатыл­ған. Бұдан тысқары кардиолог, окулист, гинеколог, педиатр, терапевт, онколог секілді өз кәсібіне маманданған дәрігерлер науқастарды қабылдап, ем-дом көрсетеді. Екі жылдан бері жалпы дәрігерлер учаскесі тәжірибесі кеңінен қолданылады. Олардың саны – алтау. Былтыр үй-үйді аралаумен, арнайы шақыртулармен 18396 адамға қызмет көрсетілді. 17 терапевтік, 14 педиатрлық учаскелер құрылған. Ауру-сырқаулы жандардың кезекте тұруын азайту мақсатымен биылдан бастап Call-орталық қызметі енгізілді. – Әлия Жақсылыққызы, ал емхананың кадрлық әлеуеті қалай? – Бұл – еліміз бойынша өткір тұрған мәселелердің бірі ғой. Жоғары оқу орындарын бітірген дипломды жастар көбіне Алматы мен Астананы таңдайтыны жасырын емес. Бұл жағынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Бүгінгі күні 76 дәрігер, 211 мейірбике жұмыс істейді. Араларында өз ісінің білгірлері көптеп саналады. Олардың қатарына учаскелік терапевттер Антонина Никиевская, Ғалымжан Уптияров, УЗИ дәрігері Ғалия Бейсенбаева, учаскелік педиатр Аугения Гальдикайте, травмотолог Иван Колодий, тағы басқаларын атауға болады. Екі жыл бедерінде 8 жас маман жұмысқа орналасып, әрқайсысына бір жолғы өтемақы төленді. – Төл мереке қарсаңында жеткен жетістіктеріңіз аз емес секілді. – Президент «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында денсаулық сақтау саласы алдына нақты міндеттер қойды. Олардың ішінде бастапқы көмекті аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналдыру, бәсекелестік есебінен медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мәселелері өзекті. Ұлт денсаулығы өркенді еліміздің негізі екендігіне ешкім шүбә келтіре қоймас. «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасы шең­бе­рінде балаларды, бала туу жасын­­дағы әйелдерді айықтыруға, профилак­тикалық жұмыстарды сауатты ұйымдас­тыруға басымдық берілген. Қазақстан­дықтардың өмір сүру жасын ұлғайту, қатерлі аурулардың алдын алу шаралары да маңызды. Дәрігерлерге мыңдаған адамның өмірі сеніп тапсырылғандықтан, босаңсуға, тоқмейілсуге еш қақымыз жоқ. Гиппократ антына адалдық таныту – ­басты мұратымыз. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Петропавл. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.