Кеңестік кезеңде «барлығын Үкімет шешіп береді» дегенге дағдыланып қалған ел тұрғындары өз беттерінше жеке шаруа ашуға бара бермейтін. Қазіргі тәуелсіздік алған заманда азаматтарымыз әрекет етіп, табыс табуға бейімделіп те алды. Біртіндеп болса да кедергілерді еңсеріп, қиындықтардан шығу амалдарын барынша меңгеріп жатыр. Соның бедерінде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы да жылдан жылға жақсарып келеді.
Осы орайда біз Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам БЕГЕНТАЕВТЫ сөзге тартып, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жолында не істеу керек деген тұрғыда әңгімелескен едік.
– Мейрам Мұхаметрақымұлы, бес институттық реформаның есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытын қалай түсінесіз?
– Қазақстан қоғамы біртіндеп болса да әлемде орын алып жатқан өзгерістерге бейімделуде. Бұл – өте маңызды. Өйткені, Қазақстан саяси тұрақтылыққа қол жеткізуі тиіс. Елбасы «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген жоқ па еді. Міне, сол экономикамыздың дамуы тұрақтылығын қалыптастырып алдық. Көптеген елдердің басынан өткерген мол тәжірибесінен өзіміздің дұрыс бағытта келе жатқанымызға көз жеткізудеміз. Ендігі мәселе – Президент ұсынған мемлекеттілік пен тұрақтылықты нығайтатын бес институттық реформаны жүйелі түрде жүзеге асыру. Соның ішінде бесінші бағыт: есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жайына тоқталайын.
Мемлекеттік органдар басшыларының есеп беруін нақты нәтижелерге негіздеу мәселесін айта кеткім келеді. Нақты нәтижені әркімге апарып дәлелдеудің қажеті жоқ, өйткені, ол әрбір лауазым иесінің ісінен көрініп тұрады. Бұл жерде мәселе азаматтардың өзі нақты индикаторларға сүйеніп, бюджетті қалыптастыру үдерісіне қатысуы және соның орындалуын қадағалауы керектігі уақыт талабынан туындап отыр. Егер шешімдер көпшіліктің көз алдында қабылданып, оның орындалуы да ашық жүргізілсе және оған азаматтардың өзі қатысса, онда қоғамда тұрақтылық орнайды. Бұл, шынтуайтына келгенде, халықаралық тәжірибеде бар. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, мұндай тәжірибе қазақтарда да болған. Елдік мәселелерге араласқан билерге, ел басқарған ерлерге деген құрмет сақталған.
Осының барлығы сенімге келіп тіреледі. Міне, сол сенімді қазіргі кезде қайта қалпына келтіру керек. Өйткені, қазір шенеунік десе көбісі тіксіне қалады. Сондықтан да шенеуніктің халқына қызмет ететін немесе мемлекет мүддесін көздейтін адам екенін барынша ашып көрсету орынды болмақ. Азаматтар үшін «Ашық үкімет» жүйесі арқылы әлеуметтік желілерді пайдалануды меңгерген ләзім. Ауылдан бастап, облыс деңгейінде азаматтарымызды бюджетті қалыптастыру барысына қатыстыру жайы шешімін тапқанда ғана іс алға жылжитынын назардан шығармаған жөн. Оған, әрине, Ақпаратқа қолжетімділік туралы заң жағдай жасай алады. Аталған заңдық құжатты біз күзде жиналған кезде жан-жақты талқыдан өткізіп барып, қабылдаймыз ғой деп ойлаймын.
– Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысын кеңейту әрі кәсібилігін қалыптастыру жайы туралы не айтасыз?
– Бұл жерде олардың тоқсанына бір рет жиналып, ана-мынаны сөз етіп, бірер сағаттан кейін тарқап кеткені емес, әрбір елді мекеннің нақты мәселесін шешуге атсалысқаны маңызды. Елді мекендердегі бюджет бөлінісін талқылауға, шенеуніктердің заңсыз шығарған шешімдерінің күшін жоюға әрекет еткені қажеттілікке айналып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, азаматтар тарапынан шенеуніктердің орынсыз әрекетіне шағымдану жағын арнайы заңмен кеңейту мәселесін де шешу керек.
– Шенеуніктің заңсыз шешімін сот немесе тәртіптік кеңес арқылы, жоқ әлде жоғары тұрған басшылық арқылы шешкен дұрыс па?
– Сотқа біз кез келген жағдайда жүгіне аламыз. Ең бастысы, осы үдеріс барысы бюрократияландырылмаған, ашық та баршаға түсінікті болуы шарт. Қоғамның өзін өзі реттейтін тетіктерін енгізу мақсатында әзірленген «Өзін өзі реттеу туралы» заң жобасы қазір Парламенттің қарауында жатыр. Ендігі мәселе мемлекеттік органдардың жауапкершілігін азайтып, ол құзіреттерді дайын болған кезде азаматтық қоғам институттарына беру керек. Өздеріңізге мәлім, біз ауыл әкімдерін сайлау жүйесін енгіздік. Бұл өзгерістердің бірінші кезеңі болғандықтан, оның жалғасы болады деп сенемін. Бізде «Азаматтық альянс» атты керемет ұйым бар.
Бұдан басқа, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да жұмыс істеуде. Түптеп келгенде, әлі есін білмейтін балаға шақпақ берсең, қауіп те күшейеді емес пе. Ал ол өсе келе әлгі заттың нендей қауіп тудыратынын түйсініп, оны қалай пайдалануға болатынын біле бастайды. Жас мемлекет болғандықтан, бізде қалыптасқан дәстүрлеріміз әлі де көп емес. Сондықтан бес институттық реформа, соның ішінде есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағыты қоғам дамуын жаңа деңгейге көтеретін болады.
– Жергілікті өзін өзі басқару және жергілікті мемлекеттік басқару жүйесіне азаматтарды барынша қатыстыру жайына жеке көзқарасыңыз қандай?
– Ең маңыздысы – өзін өзі басқару жүйесінің қалыптасуы. Жоғарыда жас баланың мысалын бекерге келтірген жоқпын. Өйткені, жас баланың қолындағы сіріңкеден ұшқын шығып, өрт орын алуы мүмкін ғой. Егер балаға сіріңкені қалай пайдалануды үйрететін болсақ, онда ол оны қолдана алады. Бұл орайда өзін өзі басқаруды айтқанда, ең алдымен кейбіреулер оны өз мүддесіне қолданбау керектігін ескерген жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары естеріңізде болса, мәслихат депутаттығына сайланар қайсыбір кәсіпкер дауыстарды сатып алып жататын. Ал қазіргі кезде қоғам ондай келеңсіздікке жол бермейді. Қоғам санасының өсуі соны анық аңғартты. Сол қиын кездердің өзінде баршамыз сайлауға барып, елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы жолында өз дауысымызды Елбасына берген едік. Бұл біздің саналы таңдауымыз болды. Сол сияқты өзін өзі басқару да жауапкершілікті өз мойындарына алып, жергілікті жердегі қордаланған проблемаларды шешудің оңтайлы жолын қарастыру болып табылады.
Мен өзім, мысалы, бес қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатында тұрдым. Сол кезде көршілерімізбен бірігіп, тазалықты қамтамасыз еттік. Кейбір кіреберістерді, дәліздерді көргенде ішің ашиды. Мұны мен тұрғындардың санасы әлі тазалық керек дегенге жете қоймаған деп түсінемін. Мәселен, Оңтүстік Кореяда аула ішіндегі қарды коммуналдық қызмет орындары емес, ал сол ауланың тұрғындары ерікті түрде өздері барып тазалайды. Қоғам санасының өскені осыдан-ақ көрініп тұр. Оның үстіне, бұл елде өмір сүру деңгейі жоғары. Осылайша олар қар тазалау арқылы өз денсаулықтарын жақсартады әрі мемлекет қаржысын үнемдейді. Ал бізде жағдай әлі де басқаша.
– Әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналыстары кейде жай есеп үшін істелгендей әсер қалдырады. Осы тұрғыдағы ойыңызды білсек деп едік.
– Әртүрлі әкімдер болады. Мысалы, Көкшетау жақта бір аудан басшысы елді мекендерді велосипедпен аралап, проблемаларды өз көзімен көріп, оның шешіміне оң ықпал етіп жатады екен. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты сөз осындайда айтылса керек. Қысқасы, сол ауданның тұрғындары мен әкімі бір-бірлеріне сай деген сөз. Егер әкім халықпен кездесуді формальді түрде өткізетін болса, онда жергілікті тұрғындарға оның қажеті жоқ деп түсіну керек. Сондықтан қазір бізде өз елінің болашағы үшін жанашыр жандарды қолдау бағытында жұмыс жүргізілуде. Әкім болған соң оның жауапкершілігі де жоғары екендігін қаперден еш шығармағанымыз жөн.
– Сөз реті келіп тұрғанда, мемлекеттік қызметшілерді таңдау тетігі көңіліңізден шыға ма? – деген сұрақ қойғым келіп отыр.
– Ештеңе де барлық жағынан жетілген деп айтуға болмайды. Кадр таңдауда мамандығы бойынша ғана қарап қоймай, оның адамгершілігі мен адалдығына да назар аударған жөн.
– Мемлекеттік аппаратты тиімді басқару үшін не істелуі керек деп ойлайсыз?
– Әрбір министрлікте немесе әкімдікте стратегиялық жоспар бар. Онда белгілі бір индикаторлар болады. Міне, сол көрсеткіштер бойынша үнемі қадағалау жүргізілуі тиіс. Бұрын отбасының стратегиялық жоспарында жеңіл автокөлік сатып алу көзделсе, барлығы да соған атсалысатын. Сол сияқты, мемлекетті де отбасы ретінде қарастырған абзал. Олай болса, жоспарларды түзуде қоғамның барынша белсенді топтарын қатыстыру жайы назардан тыс қалмағаны орынды.
– Мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құруды қалай түсінесіз?
– Қазіргі таңда Халыққа қызмет көрсету орталықтары жап-жақсы жұмыс істеуде. Алғашқы құрылған жылдары мұндай орталықтардың тиімді жұмысына ешкім де сене қойған жоқ. Шынтуайтына келгенде, сол ХҚО арқылы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолы кесілген жоқ па?! Естеріңізде болса, бұрындары пәтер сатып алуды ресімдеу үшін кабинеттерді жағалап жүруші едік қой. Қазір солардың бірі де жоқ. Сол сияқты, мемлекеттік корпорация арқылы көптеген қажетсіз рәсімдерді қысқартуға қол жеткізілетіні айтпаса да түсінікті. Мысал ретінде айтар болсам, пәтер сатып алсаң, онда су мен жылуға және жарыққа жауап беретін кәсіпорындармен жеке-жеке келісімшарт жасасудың қажеті болмай қалады. Өйткені, жүйе сені онсыз да тіркеуге алып, тек қол қойғандығыңды ғана қажет ететін болады. Мұндай кезде аппарат саны қысқарып, жұмыс сапасы барынша артады. Көптеген қажетсіз операциялар алынып тасталатын болады. Жақын болашақта бұған да қол жеткіземіз деген ойдамын.
– Мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес келтіру туралы ойыңызды білсек.
– Мен бұл сапа менеджментімен жақын таныспын. Оны ендіру орынды. Өйткені, жұмыс үдерісін жақсартады және оған ұжымның жұмылуын арттырады. Сондықтан оны ендіру барысына бір адам ғана емес, ұжым немесе кәсіпорын басшысы атсалысуы тиіс. Әрбір қызметкер оның жемісін өз көзімен көретін болады.
– Сыбайлас жемқорлық мәселесін қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Біз бұл жөнінде көп айтып қана қоймай, оның алдын алу жолын да ұсынып келеміз. Еуропаны алар болсақ, онда сыбайлас жемқорлық мәселесі бізге қарағанда әлдеқайда күрделірек. Егер бізде де бюджет бөлінісінен бастап, шешім шығарғанға дейінгі үдерістер ашық болса, шенеунік белгілі бір қадамға бармас бұрын ойланар еді. Жұмсалған қаржының орынды, орынсыздығы да жан-жақты талқыдан өткен болар еді. Мәселен, сайтта мемлекеттік сатып алулар туралы ақпараттар орналасқан, алайда, сол ақпараттарды талдайтын мамандар жетіспейді. Міне, осының барлығын шешіп алсақ, сыбайластықтың да өз-өзінен кеми беретіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».