06 Мамыр, 2015

Институттық реформалар – индустрияландыруға жол

271 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мейрам Пшембаев-1Елімізде өткен президенттік сайлау Тәуелсіз Қазақстан тари­­­хын­да айрықша орнымен қалатыны айқын. Азаматтардың дауыс беруге 95 пайыздан астамы белсенділікпен қатысып, соның 97,5 пайызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өз дауысын берді. Осы арқылы қазақстандықтар барлығымыз үшін тарихи шешім қабылдар сәтте нағыз ұлттық бірлігіміз бен ынтымағымызды дәлелдеді. Н.Ә.Назарбаев пен Қазақ­стан­ның бүгінгі таңдағы жетістіктері – еліміздегі атқарылып жатқан экономикалық және саяси ұлан-ғайыр істер; қазақстандық қоғам­ның үздіксіз өркендеуі; халықтың тұрмыс-жағдайының тұрақты өсуі. Қазақстан деген ортақ үйіміз­дің ішіндегі тыныштық пен береке, болашақтағы еліміздің гүл­денуі мен әрқайсымыздың өсіп-өнуге деген үміттеріміздің бәрі Ел­басының атымен байланысты. Азаматтарымыздың Прези­дент Н.Ә.Назарбаевқа жоғары дең­гейде сенім артып, нағыз Елбасының абыройын асқақ­татып отырғаны сондықтан. Отанымыздағы бірлік пен ын­тымақ және де бүгінгі Прези­ден­­­­­­тіміздің халықаралық арена­дағы ғаламдық бастамалары мен сараб­дал саясаты, ұстамды стра­тегия­сының арқасында еліміз Ор­талық Азия аймағындағы көш­басшы болып отыр. Күннен күнге абыройы асқақтап, Қазақстан атауы мен Елбасы атауы егіз ұғымға айналды. ХХІ ғасырдың ғаламдық та­лапта­рына сай «Нұрлы Жол» Жаңа Эко­номикалық Саясатын ұсынғаны, сай­лауалды платформасындағы бес инс­титуттық реформасы – Ел­ба­сының еліміздің одан әрі өрке­н­деуі үшін жасап отырған қамқорлығы. Алдымен, әлемдік экономи­калық дағдарысқа қарсы шара ретінде индустрияландырудың екінші бесжылдық шеңберінде елі­міздің инфрақұрылымын дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. Екіншіден, сот жүйесі мен мемлекеттік қызмет жүйесін жан-жақты реформалау, кең көлемде орта тап құру, қазақ­стандықтардың тұрмыс жағда­йын жақсарту, «Мәңгілік Ел» құндылық­тары мен басқа да басым мақ­саттармен қамтамасыз ету. 26 сәуір күнгі дауыс беру нәтиже­сі Қа­зақстан халқы осы жоғары мақсат­тарға ұмтылыста екендігін дәлелдеді. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рә­сімінде Н.Назарбаев осы ха­лық берген мандат арқылы «Мен ре­формаларды жүзеге асыру үшін өзімнің барлық ерік-жігерім­ді, шешімділігімді көрсе­тіп, мем­лекеттік аппаратты қоғам­ның күш-жігерін реформаларды орындауға жұмылдыру ниетіндемін», деді. «Ел Президенті жанынан Жаң­ғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Оның миссиясы – 5 реформаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес-секторы мен азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру. Ұлттық комиссия жанында құра­мын­да беделді шетелдік және қазақ­стандық сарапшылар бар Халық­аралық консультативтік кеңес жұмыс істейтін болады. Бұл ең үздік халықаралық тәжірибені пайдалануға жағдай жасайды. Комиссияның бірінші отырысында мен бес реформа бойынша біздің не істегелі жатқанымызды түсіндіретін «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарын ұсынамын. «100 қа­дам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Ре­фор­маларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет», – деді Н.Назарбаев. Осы жаңа мақсаттарға қазақ­стан­дықтардың жете алатынына сенім бар. Президент ұсынған «Қа­зақстан-2030» Стратегиясы діттеген жеріне жетіп, біз экономикасы дамыған 50 елдің қатарына еніп, халқының орта кірісі бар ел болып отырмыз. Ғаламдық экономикалық дағдарыстардың қиын жағдайында дағдарысқа қарсы жоспарлау мен бас­­­қаруға қолданған тиімді тәжіри­беміз бар. Елімізде қазірдің өзінде XXI ғасыр стандарттары мен талап­тарына сәйкестендірілген өндіріс пен әлеуметтік-еңбек қаты­настары­ның­ жаңа моделі жұмыс істеп жатыр. Индустрияландыру картасы шеңберінде алғашқы бесжылдық жұмысының кейбір нәтижесі бойынша бағасы 3 триллиондық 770 жоба іске асырылып, нәтижесінде 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге, өткен жылы 600 мил­ли­ардтық 150 жоба жүзеге асыры­лып,­ 12 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасын жү­зеге асыру жылдары өңдеу өнер­­кәсібіне басты өзгерістер енгізіл­ді. Оның өсімі бойынша Қа­зақ­стан Кеден одағы елдері ара­сында көш бас­тады. Осы 5 жыл­дың ішін­де өңдеу секторында тәуел­сіз­дік алғалы бергі жылдардан 2,9 есе көп тікелей шетел инвестиция­сы тартылған. Экспортқа шығары­латын тауарлар тізімі 38%-ға, Қазақ­стан экономикасындағы қуат сыйым­дылық 18,6%-ға тө­мен­­десе, өңдеу өндірісіндегі ең­бек өнімділігі 1,6%-ға өскен. Халық­­аралық сарапшылардың пі­кір­­ле­рінше, Қазақстанда иннова­­­ция­лық дамудың нағыз серпілісі болды. Өңдеу өнеркәсібінің ауқымы өсіп, тиісті көрсеткіштер бойынша өндіру саласынан артып отырғаны шындығында мақтанышымызды туғызады. Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасын іске асыру жобалары нәтижесінде инфрақұрылымдық база ұлғайып, машина құрылысы өндірісінің жаңа түрлері – автокөліктер, локомотив пен жүк теміржол вагондары, ауылшаруашылық машиналары, күн батареялары, тағы да басқалар пайда болды. Индустрияландыру картасы жобасы енгізілгелі айына 100 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндіріледі. Үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасының іске асырылуының екінші бес­жыл­дығында тек отандық қана емес, шетелдік компаниялар да атсалысатын болады. Жалпы, инвестициялық қоржын 6 триллион теңгені құрап, одан мемлекетке 15 пайыз үлес тиетін болады. Бағдарлама бойынша экономиканың 12 саласына басымдық беріліп отыр, оның ішінде машина құрылысы да бар. Елімізде 2013 жылы машина құрылысының өндірген өнімі 854 миллиард теңгені құрады, ал 2014 жылы 870 миллиард болды. Бір қуаныштысы сол, сатып алынатын қазақстандық тауар кө­лемі ұлғайып, жұмысы мен қызметі де өсіп келеді. Мысалы, тек өткен жылы ғана осы үлес мұнай-газ секторында жалпы 3,86 триллионның 1,7 триллионын құрады. «Қазақстанда жасалғанды сатып ал» патриоттық үндеуі тек қа­рапайым азаматтарға ғана емес, өндіріс орындарына да арналған. Біз сол бағытта жүйелі түрде жұмыс жасап, ұлттық компаниялармен және аймақтардың әкімшілігі арқылы ірі тауар өндірісшілермен тиісті меморандумдар жасаудамыз. Жоғарыда аталғандар жетіс­тіктердің шегі емес. Қазақ­стан­ның машина жасаушылары индус­трия­ландырудың алдағы бес­жыл­ды­ғында өндіріс көлемін екі есе­ге арттырып, өнім көрсеткішін 2 трил­лионға жеткізуді мақсат етуде. Бұл – мүмкін болатын есеп. Өткен жылы 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инно­вациялық да­мудың мемлекеттік бағдарламасын жасауда машина құрылысы 189 миллиард теңгеден астам көлемде 6 басым бағыт бо­йын­ша 64 келешегі бар жоба алынды. Оның арасында – автобус шығару, сұйытылған газбен жұ­мыс істеу, жаңа үлгідегі өрт сөн­діру кө­лігі, теміржол көлігін бас­қа­ру жүйесі, қоршаған орта жағ­да­йы мен экология­лық мониторинг жүйе­сін автомат­тандыру, ауыл­­шаруашы­лық техника­сын жинас­тыру, комбайн ­зауыты, жолау­­шы­лар тепловозы мен карьер авто­­көлік­тері тех­ника­сын өндіру, т.б. бар. Алдымызда 2015-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы шең­берінде атқарылатын көп істер тұр. Біздің ойымызша, өндіру саласы еңбек өнімі мен белсенділіктің дә­йім өсуінің және еліміз эконо­ми­касы­ның жетекші күшіне айналуға тиісті. Мемлекет басшысы машина жасау саласын индустрияландырудың жүрегі мен ұстыны деп бағалап, айрықша жауапкершілік жүктеді. Индустрияландырудың жүрек со­ғысы – еліміздің экономикалық же­­тістігін құрайтын маңызды бір сала. Сондықтан Қазақстан маши­на жасаушылары өздерінің бар білімі мен тәжірибелерін Мемлекет бас­шысының «Мемлекеттік құры­лыс­тың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы бағдар­ламалар мен бәсекелестікті жүзеге асыруға жұмсайды. Біз Елбасы, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа қазақ­стан­дық­тардың жан-жүректерімен қолдауына, шынайы халықтық баға­ға ие болуына қосыла отырып осын­дай жауап береміз. Мейрам ПІШЕМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Машина жасау одағының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы.