АСТАНА. 21 маусым. Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің күні мерекесіне орай «Қазконтент» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдерінің арасында асық атудан жарыс өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа 8 команда қатысты. Олардың арасында «Орталық коммуникациялар қызметі» РМ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттері, Бас редакторлар клубы, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі, «Астана» телеарнасы, сондай-ақ, «Қазконтент» акционерлік қоғамы командалары болды.
Сонымен, ерлер асық ату ойынынан мергендіктерін сынаса, қыздар «бес асық» (бес тас) ойыны арқылы ептіліктерін көрсетті.
«Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында өткен жарыста асық атудан бірінші орынды «Астана» телеарнасы жеңіп алды. Екінші орынға «Орталық коммуникациялар қызметі» жайғасса, үшінші тұғырға «Егемен Қазақстан» командасы көтерілді. Ал «бес асық» бойынша «ҚазАқпарат» агенттігінің журналисі Сая Жарылқасын 1-орынға ие болды.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар шараны өткізудегі мақсат жас буын арасында асық ату ұлттық ойынын насихаттау, ұлттық спортты дамыту және халықты салауатты өмір салтына шақыру екенін айтты.
Талғат Райымбек.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Алмас Манап.