Қазақстанның Австриядағы елшісі Қайрат Сарыбай жақында Каринтия австриялық федералдық жерінде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Сапар барысында федералдық өңірдің саяси басшылығымен, іскерлік және мәдени топтарымен, атап айтқанда, Жер парламентінің президенті Райнхарт Рормен, Каринтияның Жер үкіметі басшысының орынбасары Беате Преттнермен, жетекші өнеркәсіп компанияларының өкілдерімен, сондай-ақ, Филлахе қаласының фольклорлық фестивалінің ұйымдастырушыларымен кездесулер өтті. Каринтия басшылығымен кездесулер кезінде австриялық тарап Қазақстанның саяси және экономикалық жағдайы, бес институттық реформа мен оны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» аясында еліміздің ілгері даму жоспары туралы және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмеге дайындық, «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру, 2017 жылғы Қысқы универсиаданы өткізу шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтасу мүмкіндіктері туралы хабарланды. Қ.Сарыбай Каринтияның Қазақстанмен ынтымақтастығын оңалтуға мүдделі жетекші индустриялық компаниялар басшылығымен кездесіп, олар Қазақстандағы өз жобалары мен жоспарлары жөнінде ақпарат берді. Австриялық іскерлік топтар өкілдері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қызығушылық танытып, оның «болашақ энергиясы» атты тақырыбы Каринтияның энергияның экологиялық таза және жаңартылмалы түрлерін дамытуда зор тәжірибесі бар фирмаларының мүдделеріне сай деп атап өтті. Каринтия қысқы спорт түрлерін дамытуда тәжірибесі мол, оның ішінде «Bellutti Planen Klagenfurt GmbHС» компаниясы Алматы қаласында 2017 жылғы Қысқы универсиаданы дайындауға атсалысуда.
«Егемен-ақпарат».