21 Маусым, 2015

Бокс. «Астана арландары» – WSB жобасының екі дүркін чемпионы!

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Astana-2000-1800x900АСТАНА. 21 маусым. Бүгін Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) бесінші маусымы аяқталды. Астанада өткен финалдық бәсекеде «Астана арландары» мен «Куба домадорес» командалары күш сынасты. Кеше бірінші жарыс күнінде «арландар» 3:2 есебімен басым түскен болатын. Бүгінгі екінші сайыс күнінде де біздің команданың пайдасына дәл сондай есеп тіркелді. Нәтижесінде «Астана арландары» 6:4 есебімен жеңіске жетіп, WSB жобасының екі дүркін чемпионы атанды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бүгінгі бокс кеші 52 килоға дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшылардың жекпе-жегімен басталды. «Арландардың» жаттықтырушылар құрамы бұл салмақта Олжас Сәттібаевқа сенім артса, Кубаның намысын Йосвани Вейтиа қорғады. Аталған сында Олжастың мерейі үстем болып, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Дәл осындай есеппен, Асланбек Шымбергенов (69 кг.) пен Иван Дычко да (+91 кг.) қарсыластарын тізе бүктірді. Ал 60 килоға дейін салмақта бақ сынаған Закир Сафиуллин Ласаро Альвареске 1:2 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ, 81 килода жұдырықтасқан Нұрдәулет Жарманов екі дүркін әлем чемпионы Хулио Сесар ла Крустен 0:3 есебімен жеңілді. Екі күннің қорытындысы бойынша, «арландардың» пайдасына 6:4 есебі тіркелді. Осылайша, Қазақстанның командасы WSB жобасында екі дүркін чемпион атанған тұңғыш клуб ретінде хатқа түсті. Бұған дейін біздің боксшылар 2012-2013 жылғы маусымда жеңіске жеткені белгілі. Ал аталған жобаға былтыр ғана қосылған кубалықтар осымен екінші рет финалда өнер көрсетті. Өткен жылы чемпиондық атаққа қол жеткізсе, биыл күміс жүлдені еншіледі.

«Астана арландары» – «Куба домадорес» 6:4

Бірінші күн: 49 кг.: Теміртас Жүсіпов – Йоанис Оскар Аргилагос 3:0 (50:45, 50:45, 50:45); 56 кг.: Қайрат Ералиев – Робейси Рамирес 0:3 64 кг.: Самат Бәшенов – Ясниер Толедо Лопес 3:0 (48:47, 48:47, 48:47); 75 кг.: Мейірім Нұрсұлтанов – Арлен Лопес Кардона 3:0 (48:47, 48:47, 48:47); 91 кг.: Василий Левиn – Эрисланди Савон Котилла 1:2 (47:48, 47:48, 49:46). Екінші күн: 52 кг.: Олжас Сәттібаев – Йосвани Вейтиа Сото 3:0 (49:46, 49:46, 49:46); 60 кг.: Закир Сафиуллин – Ласаро Альварес 1:2 (46:49, 46:49, 48:47); 69 кг.: Асланбек Шымбергенов – Рониель Иглесиас Сотолонго 3:0 (48:47, 48:47, 50:45); 81 келі: Нұрдәулет Жарманов – Хулио Сесар ла Крус 0:3 (46:49, 45:50, 45:50); + 91 келі: Иван Дычко – Йоханди Тойрак Ортега 3:0 (50:45, 50:45, 50:45). Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: worlseriesboxing.com.